«Нұр Отанның» қатары елге танымал тұлғалармен толықты

Жаңалықтар
03.07.2014, 15:13

 

Биылғы саяси маусым түгесілгенімен, саяси күштер жұмысын тоқтатпақ емес. Парламенттің кейбір депутаттары каникулға шықса да, халықпен кездесу ұйымдастырып жүр. Ақжол партиясынан депутат Алмас Тұртаев Ақтөбе облысының алыс елді мекендеріндегі халықпен жүздесіп жатыр. Ал бас партия саяси бәескелестерінен асып түспесе, кем емес. Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Мұражайында Елорда күніне орай, «Нұр Отан» партиясы қатарына дәстүрлі салтанатты қабылдау рәсімі өтті.

Жаңадан өткен 11 партиялыққа жаңа үлгідегі партия билеттерін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек табыс етті.

Салтанатты шара барысында Бауыржан Байбек партияға алғаш өтушілерді құттықтап, партияға өту аяқасты емес, ол адамның азаматтық ұстанымын көрсететін, салмақты әрі ақылмен таразыланған шешімнің нәтижесі екенін атап өтті.

«Бүгінгі шара партияның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігінде бағындырған асулары мен эволюциялық даму биігін бейнелейтін 15 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуімен және Астана күні мерекесінің қарсаңында өткізілуімен ерекше. Партия Лидері барлық нұротандықтарды саяси көшбасшылықты күнделікті істе дәлелдеп, қоғам өмірінің барлық бағыттарында алдыңғы орында болуымызды міндеттеген. Сіздер де осы сенімнің үдесінен толықтай шығасыздар деген үміттемін!», – деді Бауыржан Байбек.

Партия қатарына өткендердің арасында белгілі сәулетші, республика Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібекұлы, «Еуразия» бірінші арнасындағы сараптамалық бағдарламаның жүргізушісі Александр Трухачев, республикалық бірқатар айтыстардың жеңімпазы Біржан Байтуов, ҚР Президенті жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» турнирінің 2013 жылғы жеңімпазы Айбек Нұғымаров, Қазақстан КВН одағының президенті, «Жайдарманның» негізін қалаушы Есен Елеукен, Павлодар облысы ҚХА жастар бірлестігінің үйлестіру кеңесі төрағасы Элина Паули, «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» ЖШС сату және ішкі экономикалық байланыстар жөніндегі директоры Андрей Титов және басқалар бар.

«Партияға өту мен үшін өте маңызды дер едім. Өйткені, өзім Елтаңбаның авторы ретінде, Елбасының сонау тәуелсіздікке қол жеткізіп, мемлекетті құрған сәтіндегі әрбір бастаған игі істеріне өз үлесімді қосып келдім. Мен Елбасының барлық бағыт-бағдарларын қолдаушы ретінде, ол кісінің елді дамыту ісіне әлі де болса өз көмегімді тигізсем деймін», – деді Жандарбек Мәлібекұлы

«Қазақ елі экономикасы, саясаты, мәдениеті жағынан да дамудың жаңа белестеріне жол тартты. Әрине, ел дамуының жаңа сатысында жастарға артылатын жүк те ауыр болмақ. Елбасымыз өзінің биылғы Жолдауында мәселенің барлығын жан-жақты түсіндіре келіп, соңында: «Жастар мен мұның бәрін сендерге арнап айтып жатырмын» деген еді. Мен сол кезде Елбасымыз бұл сөзді маған арнап айтқандай әсерде болдым. Ел үшін қызмет ету – жастың да, жасамыстың да парызы. Ал біздер жастар жағы сөзбен де, іспен де қызмет етуге тиіспіз. Жалпы, «Нұр Отан» партиясының мүшелігіне өтуімді ел үшін еңбек етудің бір жолы деп түсінемін. «Нұр Отанның» мүшесі болу көкейіңдегі пікірді жоғарғы жаққа жеткізудің таптырмас тетігі деп білемін», – деді өз ойымен бөліскен Біржан Байтуов.

«Біз спортшы болғандықтан, қашан да өз еліміздің патриоты болып табыламыз. Ал патриот адам өз мемлекетінің мәртебесін асқақтатудан аянып қалмайды. Сондықтан да бүгін «Нұр Отан» партиясы қатарына мені осындай сезім жетелеп әкелді. Бойында намысы бар, жүрегі елім деп соққан азаматтардың барлығы «Нұр Отан» партиясының мүшесі болуға лайықты деп санаймын. Қазақстанның туын желбіретіп жүрген спортшы ретінде партия қатарына өту жөнінде шешім қабылдап, бүгін міне, қолыма партия билетін алып отырғаным үшін өзімді бақытты санаймын», – деді Айбек Нұғымаров.

«Нұр Отан» партиясына салтанатты қабылдау республика бойынша өтуде. Бүгінде партия қатарында 875 мың адам бар.

 

Сұхбат

PhotoRoom