Жамбыл облысының жылыжай өнімдері сұранысқа ие тауарлар қатарында

Аймақ
14.06.2016, 23:40

"Азамат" шаруа қожалығының  жылыжай қиярлары Жамбыл облысы нарығында сұранысқа ие тауарлар қатарында.

"Азамат" шаруа қожалығы 2013 жылы Жамбыл ауданының Қаратөбе ауылында құрылған. Өндірістің негізгі мақсаты - көкөністерді жылыжайларда жыл бойы өсіру. Өнім қуаттылығы жылына 400 тоннаны құрайды.

Жобаның жалпы құны - 157 млн. 289 мың теңге, оның ішінде өз қаржысы - 20 млн тенге.  Жоба "ҚазАгроҚаржы" АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда.

Жуырда ғана жылыжайға "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы шеңберінде өндірістік  инфрақұрылымды дамыту шарты бойынша 23 миллионнан астам теңгеге электр желісі  мен газ құбыры тартылды.

-18 жұмыс орны құрылды. Өнім жылына 2 маусымда жиналады. Голландиялық тұқымның рональдо, тристан секілді түрлерін қолданамыз. Қызанақ өсіруді жоспарлап отырмыз. Өнімдер аймақтың орталық базарларында, қаланың ірі сауда нүктелерінде сатылымға шығарылады. Жылыжай қаңтар айында іске қосылды. Жалпы аумағы 1 гектар,-дейді жылыжай басқарушысы Ғалымжан Абжанов.

Мұнда еңбек ететін жұмысшылардың айлық жалақысы 50 мың теңгені құрайды.

Жылыжай бригадирі Анастасия Файзилина кешен ашылғалы бері осында жұмыс істейді. Оның айтуынша, жұмыс қарқынды түрде алға жылжып келеді.

- Бір маусымда жылыжай 2, 5 тоннадан артық өнім береді. Көкөністер тамшылатып суару әдісімен суарылады. Кешен жабдықтары Голландиядан әкелінді. Алғашқы өнім 203, 4 тоннаны құрады. Тұқым себудің екінші кезеңі қыркүйек айында жүргізіледі,-деп атап өтті бригадир.

Қорытындылай айтқанда, "Азамат" шаруа қожалығының ауылшаруашылық өнімдері барлық талаптарға сәйкес келеді және  тұтынушылар сұранысын толықтай қанағаттандырады,-деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

Сұхбат

PhotoRoom