Жамбыл ауданында «Балдәурен» балалар лагері ашылды

Аймақ
14.06.2016, 23:43

Жамбыл ауданына қарасты Еңбек ауылында қайта жөндеуден өткен мектепте алғаш рет балалар лагері ашылды. Мектеп 120 оқушыға шақталған,-деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

Жалпы аумағы 2,73 гектар жерді алып жатқан «Еңбек» шағын мектебі үш кешеннен тұрады. Мұндағы бір ерекшелік, мектепке қарасты жылыжай бар. Жылыжай тек тамақтануға үлесін қосып қана қоймай, мектепке қаржылай да қомақты көмек көрсетіп келеді.

Аталған ауыл тұрғындары үшін бұл жаз – «Балдәурен» балалар лагерінің ашылуымен есте қалмақ. Айта кету керек, алдыңғы жазғы демалыстарда балалар демалысын толыққанды өткізу үшін өзге мектептерге баруға тура келген. Лагерь өз жұмысын уақытылы, яки 1 маусым күні бастаған. Балалардаң жазғы демалысы бір маусымға, яғни 12 күнге жазылған. Сондай-ақ, кешенде танымдық, интеллектуалдық, сондай-ақ, моториканы дамытатын үйірмелер қарастырылған. Жастар үшін қолайлы жағайлар да қарастырылған: үлкен спорт кешені, ойын алаңы, лингофон кабинеті, музыкалық бөлме және асхана. Айта кетейік,  тегін аспен 42 бала қамтылған.

- Біздің шағын мектеп 120 оқушыға арналған. Төрт жылдан бері мектебіміз апатты жағдайда болғандықтан, балаларға жазғы демалыс ұйымдастыруға мүмкіндігіміз болмады. Үстіміздегі жылы лагерь алғаш рет ашылып отыр. Іс-шаралар 12 күнге жоспарланған. Демеушілердің арқасында тегін тамақтар беретін болдық. Лагерь жарты күндік мерзіммен жұмыс жасайды. Техникалық қауіпсіздік барлық жағынан қарастырылған. Медициналық бөлмеміз толықтай жабдықталған. Барлық жағдайды жасауға тырыстық, мәселен, спорт залында душ қабылдауға да болады. Балалар дән риза. Әлбетте, оларға арналған көңіл көтеретін бағдарлама да әзірлеп қойдық. Біз үшін мектеп айналасын көгалдандыру маңызды істердің бірі. 2000-нан аса алма көшеттері егілді, бірнеше жылдан соң бізді жасыл бақша қоршап тұратын болады. Бұдан өзге терек, емен және арша көшеттері де егілді, - дейді «Балдәурен» лагерінің басшысы Клара Момыжанова.

Лагерь 2 қабатта орналасқан, балалар 6 топқа бөлінген. Жазғы сауықтыру лагеріне барлығы 6 жастан 14 жасқа дейінгі 127 бала қамтылған, ал ересек балаларға еңбек лагері ұйымдастырылды.

Сұхбат

PhotoRoom