Нұр Отанның бастамасына бір ұсыныс

Жаңалықтар
08.07.2014, 12:55

 

«Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын әзірлеуге қалың бұқара қатысатын болады, оның ішінде құжатты әзірлеуге интернет-пайдаланушылар да қатыса алады.

Бұл туралы бүгін партияның орталық аппаратында бағдарлама жобасын таныстыру барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеген.

«Бес айдан бергі жұмыстың нәтижесінде біздің қолымызға бағдарлама жобасы тиіп отыр. Біз оны Мемлекет басшысының тапсырмасымен қалың бұқараның талқылауына ұсынып жатырмыз. Қалаған адам өзінің пікірі мен ұсынысын жолдай алатын арнайы пошталық мекенжай құрылды, бұл партияның стратегиялық және маңызды құжатының қалың қауымның талқылауының көмегімен жасалған алғашқы оқиға емес. Біздің саяси Доктринамыз да дәл осылай жазылған болатын. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасына орай келген әрбір хатқа, кез келген ұсынысқа риза боламыз», - деп атап өтті жиын барысында Б. Байбек.

Оның айтуынша, мұндай маңызды құжатты қабылдау - бұл тұтастай партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысының басталғанын білдіреді. Айта кетейік, құжатты құрамында белгілі заңгерлер, сарапшылар, қоғам қайраткерлері, Бас прокуратура пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері бар жұмыс тобы әзірледі. Сыбайлас жемқорлықтың көрінісімен емес, оны туғызатын себептермен және жағдайлармен күрес бағдарламаның ең негізгі қағидаттарының бірі болып табылады. Сонымен қатар, әлемдік озық тәжірибенің негізінде отандық заңнаманы жетілдіру ұсынылып отыр.

2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасының жаңа жобасы қоғамдастық, интернет-пайдаланушылар, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар мен партия мүшелерінің талқылауы мен ұсыныстар енгізуі үшін nurotan.kz ресми сайтында жарияланады.

Бастама жаман емес. Қоғамның мүшесі ретінде ұсыныс айтар болсақ, жемқорлықпен ұсталған, ірі көлемде парамен ұсталғандардың бәрі – шенеуніктер. Олардың бәрі осы партияның өкілдері. Арыға бармай-ақ, күні кеше құрықталған Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспановпен Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов - осы партияның өкілдері. Әрине, партия мүшелерінің саны өте көп. Оларды бақылау мүмкін емес. Алайда, алдымен өз мүшелерінен бастаған дұрыс па деп ойлаймыз. Себебі, қанша жерден имидждік жұмыстар атқарғанымен бір қарын майды шірітетін құмалақтар әркез табылып жатады. Бізден ұсыныс – осы.

 

Сұхбат

PhotoRoom