СҚО мен Жамбыл облысында кадрлық өзгерістер болды

Жаңалықтар
09.07.2014, 13:25

 

Жамбыл облысы әкімінің 2014 жылғы 8 шілдедегі № 263-ө өкімімен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып Қалижан Серікұлы Әбдірайымов тағайындалды.

1965 жылы туған, білімі жоғары. 1988 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Экономика, энергетика, индустрия және сауда министрліктерінде, Құрылыс жұмысы комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

2004-2008 жылдары Ақтөбе облысы әкімінің аппарат басшысы, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болған. 2008-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы; 2010-2011 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Бүгінгі күнге дейін «Қазақстандық тұрғын үй құрылыс корпорациясы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келді, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, Анархан Дүйсенова Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың жаңа орынбасары болып тағайындалған еді. Ол әлеуметтік сала мәселелеріне жауап береді.

Бұл қызметке Анархан Дүйсенова аймақ басшысының өкімімен және ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен тағайындалған.

«1990 жылдан бастап аймақтың медициналық мекемелерінде жұмыс істеді. 2003-2006 жылдар аралығында Тайынша аудандық мәслихатының хатшысы, 2006-2011 жылдар аралығында Тайынша ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2011 жылдың қарашасынан осы кезге дейін Тайынша аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды» , - деп ақпараттандырды СҚО әкімі Ерік Сұлтанов.

Өз кезегінде Анархан Дүйсенова мемлекет тарапынан көрсетілген сенім үшін алғысын білдірді.

«Мен үшін осы жұмысқа кірісу үлкен құрмет. Сіздердің сенімдеріңізді ақтауға тырысамын. Барлық күшімді, білімімді Солтүстік Қазақстан облысын дамытуға жұмсауға уәде беремін», - деді СҚО әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова.

Еске сала кетейік, осыған дейін бұл қызметті Фархад Қуанғанов атқарды. Қазір ол «Нұр Отан» партиясының идеология мәселелері бойынша хатшысы қызметінде.

 

Сұхбат

PhotoRoom