Бернард ЛЬЮИС. «Кінәрат неден?»

Рейтинг
10.07.2014, 13:05

 

«Бізге не болды?» Бұл сұрақ біраз уақыттан бері Таяу Шығыста, сонымен қатар, жалпы ислам әлемінде жиі қойылып келеді. Аталмыш сұрақтың мазмұны мен мәні – талқыланатын оқиғаның маңыздылығы мен жағдайға қарай айтарлықтай өзгеріп отырады. Яғни, өздерін Батыспен салыстыру – ислам әлемінің пайдасына шешілмейді. Бірақ, көтерілген мәселенің формасы мен тәсілі қалай болатын болса да, бұл жерден тақырыптың маңыздылығы мен ұлғайып бара жатқан дерт, кейінгі кездері тіпті, буырқанған ашу да айқын аңғарылады.

Шындығында, бұлайша сұрақ қоюдың да, қамкөңілділікке салынудың да, тіпті ашуға ерік берудің де себебі бар. Өйткені, ислам әлемі бірнеше ғасырлар бойы адамзат өркениеті мен оның жетістіктерінің алдыңғы қатарында болды. Мұсылмандардың түсінігінше, ислам өзінше бір үлкен өркениет болды да, өздері одан сырт қалғандарды жабайылар мен дінсіздер деп есептеді.

Еуропа тарихында ортағасыр деп аталған дәуірде исламның мұндай пікірі өздері үшін негізсіз болған жоқ. Әрине, мұсылмандар бұл ғаламшардың – Қытай, Үндістан тәрізді елдері мен христиан әлемінде өздерінен әлдеқайда артық немесе кем өркеиетті қоғамдардың өмір сүретінін білді. Бірақ, Қытай – алыс, аз зерттелген болды да, Үндістан – исламдану және құлдану процесін бастан кешіріп жатты. Сонда тек христиан әлемі ғана ислам әлемі үшін діни және саяси тұрғыдан ғаламдық үстемдікке жетер жолдағы жалғыз салмақты қарсылас болды. Осы кезде мұсылмандардың көзқарасы бойынша, әлемдік биліктің құдайлық күш-қуатқа ие исламның қолына көше бастауы – заңды құбылыс деп есептелді.

Ғасырлар бойы мұсылмандар дүниеге астамшыл көзқараспен қарап, өздерін өте жоғары бағалады. Яғни, ислам – жер бетіндегі теңдесі жоқ әскери қуатқа ие болып, оның әскері бір мезетте Еуропа мен Африкаға, Үндістан мен Қытайға басып кірді. Бұл – Азия, Еуропа, Африкадағы кең көлемді сауда және қатынас жүйесі арқылы түрлі тауарларын сататын, Африка мен Еуропадан құл мен жүн, алтын әкелетін, Азияның өркениетті елдерімен түрлі сауда тауарларымен, маталарымен және өнімдерімен айырбас жасайтын, әлемнің ең алдыңғы қатарлы экономикалық күшті қоғамы болды. Сол уақытта ислам әлемі Таяу Шығыс, Грекия және Иран сықылды ежелгі елдердің білімі мен қабілетіне мұрагерлік етіп, оларға қағаз жасап пайдалану (Қытай) мен ондық санау жүйесі (Үндістан) секілді маңызды жаңалықтар қосып, адамзат тарихында ғылым мен өнердің ең жоғары даму деңгейіне жетті. Бұл жоғарыда аталған мұраны қабылдаған ислам әлемінің ғалымдары оған өз зерттеулерін, тәжірибелері мен идеяларын енгізіп, үлкен үлестерін қосты. Ортағасырлық Еуропа көп жағдайда ғылым мен өнерді ислам әлемінен үйреніп, тіпті олар үшін белгісіз боп қалуы мүмкін грек жазбаларын араб тіліндегі нұсқадан оқып, белгілі дәрежеде тәуелді болды.

Бірақ, жағдай кенеттен өзгерді. Қайта өрлеу дәуіріне дейін-ақ еуропалықтар мәдениет кеңістігінде айтарлықтай ілгерілей бастады. Жаңа тәсілдер Еуропаның жылдам дамуына жағдай жасап, ислам қоғамының ғылыми, техникалық, мәдени мұралары артта қалды. Алайда, мұсылмандар мұны біраз уақыттарға дейін сезбеді. Олар үшін христиандық және онымен байланысты барлық нәрсе – таныс және құнсыз болатын. Олардың пікірінше, христиандық та, иудаизм де – исламнан бұрын келген. Бұл діндердің қасиетті кітаптары да ақиқат шындыққа негізделгенімен, салақ сақтаушылар тарапынан бұрамаланып, бүгінгі күнге толық жетпеген. Сол үшін, бұлардан кейін адам баласына соңғы және шынайы дін ислам келді. Христиандықтың дұрыс түсініктері – исламның бөлігі, ал исламнан тыс нәрселер жалған болып есептелді. Мұндай өзінен өзгенің бәрін теріс деп есептеу – тәкаппарлыққа әкеліп соқтырды. Соның кесірінен, мұсылмандар «Бізден басқаның бәрі – дінсіз, ал дінсіздердің жасаған мүлкін тұтынып, оның ілімін үйрену – күнә» - деген пәтуа шығарып, сол өтіріктеріне өздері иланып отыра берді. Соның салдарынан, ғылымда баспахана мәшинесі пайда болғанымен, бұл аймақта баспа ісі кенжелеп қалды. Оның себебі – араб тілі – Құран тілі болғандықтан, оны кәпірлер жасаған баспа құралымен жазу – қылмыс болып саналады екен-міс. Нәтижесінде, кітап шығару шығару ісі дұрыс жолға қойылмағандықтан, қоғамның дамуы біршама баяулады. Мұндай тежеулер сол уақыттары оңды-солды, жөнді-жөнсіз берілген консенсустардың ықпалымен болды. Яғни, сол кездегі қоғамның тұрмыс-тіршілігі – үлемдердің беретін қандай да бір пәтуаларына тікелей тәуелді еді. Тіпті түрік деректері дауыл салдарынан экипаж мүшелерінсіз жағаға шығып қалған венециялық әскери кеменің тарихы туралы қызық оқиғаны баяндайды. Османдық әскери-теңіз мамандары кеменің тұрқын зерттеп, өздеріне қажетті бөлшектер тапқан. Бірақ, дәл сол жерде «Мұсылмандарға дінсіздерден үлгі алуға бола ма деген?» - деген діни-құқықтық сұрақ туындайды. Сөйтіп, бұл сұрақты бір шабарман алып, пәтуа шығарушы діни билік өкілдеріне барып, олар берген «Дінсіздерден үйренген нәрсе – олармен күресте жәрдемдесетін болса, үйренуге рұқсат» - деген пәтуаны кемені тапқан жердегі мамандарға алып келіп, олар іске кіріскенше, қаншама уақыт жоғалтқан...

Осы сияқты болмашы нәрсеге рұқсат сұрау, мемлекеттік мәселелерге қалайда діни реңк беріп, қиындату – момындардың дамуын тежеп, Батыстың алға шығуына жағдай жасады. Алайда, мұны соңғы пайғамбардың үмметтері түсінбей (немесе түсінгісі келмей), өздерінің артта қалғандарының себебін өз қателіктерінен іздемей, өзгені кіналауға бейім тұрды. Мәселе осы жерде айқындала түсті: «Батыс жетістігінің сиқырлы жүзігі қай жерде жасырылған, оның қуатының қайнар көзі қайда?» Арабтар бұл сұрақтың жауабын дәстүр бойынша дін терминдерінен іздеді. Яғни, барлық проблемалар мен оларды шешу жолдарын тек дінге апарып тірей берді. Мұндай керітартпалардың уәждері әрдайым біртекті болатын. «Өткенімізге, пайғамбарымыз тұсындағы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, тек шариғаттың заңдылықтарымен жүріп-тұратын халифат дәуіріне, шынайы дінге, Құдайдың сөзіне қайта оралайық,» – дейді олар. Әрине, бұл «Егер біздің жолымыз болмай, ісіміз оңға баспай жатқан болса, бұл Құдайдың бізді «ақиқат жолдан» тайғандығымыз үшін жазалап жатқандығы,» – дегенді білдіреді. Қаншалықты жақсылыққа бағыттау ниетінде айтылса да, бұл пікір өзінің дәйектілігін жоғалтқан-ды. Өйткені, мұндай өзгерістерден хақ дінді ұстанған мұсылмандар емес, дәл сол дінсіздер пайда көріп жатқан еді. Таяу Шығыс тұрғындарына өзге өркениет пен мәдениетті назарға алып, соған үңіліп көрмей, бұл қойылған сұраққа жауап табу қиынға соғатын. Әу бастағы шынайы исламға оралуды уағыздау бір басқа да, бұл сұрақтың жауабын христиандардан іздеу – мүлдем басқа нәрсе. Яғни, сол шақтағы көзқараспен қарасақ, көпе-көрнеу сандырақ болатын. Мұсылмандар христиандықты ақиқат діннің әлдеқайда ерте, бұрмаланған, сөйтіп исламда түбегейлі жетілдірілген нұсқасы деп санауға үйреніп қалған. Сондықтан, батыс әлемінің басқаша түсіндіруге келмейтін дін және мәдениет (мұның өзі діннің бөлшегі) секілді басымдықтары болу керек. Сол уақыттағы Батыс адамы және қазіргі көптеген мұсылмандар бұл тұрғыда ғылым мен оны қолдайтын философияны ұсынған болар еді. Бұл пікір тек философия – дінтанудың қызметшісі, ал ғылым – білім мен оны іске асыру тетіктерінің жиынтығы деп қарайтындар үшін ғана бөтен. Мұсылмандардың өңделген, діндерінің қамқорлығында болған жеке философиясы, бұрынырақта өткен ұлы данышпандарынан қалған ғылымдары болды. Бұлардың орнына олар Батыстың жетістіктерінің құпиясын – өздерінің жеке тәжірибесінен ерекшеленетін және христиандықпен байланыспайтын белгілерден іздеді. Көпшілік идеясын алғаш іске асырған француз революциясы – христиандық реңкке ие болмақ түгілі, Шығыста христиандыққа қарсы деп танылғандықтан, біршама уақыт Еуропада осы діннің бәсекелесі саналып келген-ді. Алайда, империя мен қайта қалпына келтіру тұсында ол өзгелердің өзіне деген қызығушылығынан айрылып қалды. Бұған қоса, олар «Француз революциясы адамзатқа теңдік әкелді, біз де солардан үлгі алуымыз керек,» – десті. Бірақ мұндай теңдікті адамзатқа ислам діні алғаш түскен кезде, соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с. – аудармашыдан) жариялаған-ды. Сол кездің өзінде кедей отбасынан шыққан дарынды бала болса, ол медреседен ілім игеріп, қари, хафиз болып дәрежесі жоғарылап, қоғамға ықпалды тұлға болып қалыпаса алар еді. Осы секілді өздерінде бар ұстындарды ұмытып, Батысқа табынған мұсылмандар мәңгүрт күй кешті. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың көп бөлігінде сол баяғы «Сүлейменнің жүзігін» іздеу шаралары батыс өмірінің экономика және саясат, яғни байлық пен билік деген екі аспектісіне шоғырланды. Сөйтіп, Батыс – қоғамды дұрыс құрмаған бұлардың қателіктері салдарынан емес, өзгеше формалар жасап, тиімді тәсілдерді тұтынғандықтан, алға өзып кетті деп түсінген бұлар тағы да қателесті.

ХХ ғасырдың ішінде Таяу Шығысқа және күллі ислам елдеріне расында да бір тетіктің қиюы қашқандығы белгілі болды. Өзінің мәңгілік бәсекелесі – христиан әлеміне қарағанда, ислам әлемі – жұтаңырақ, әлсізірек және наданырақ бола түсті. ХІХ-ХХ ғасырларда Батыстың басымдығы барлығына анық байқалды. Ол мұсылманның қоғамдық және жеке өмірінің барлық салаларына кірісе бастады.

Жаңашылдар, реформашылар мен төңкерісшілер өз күштерін - әскери, экономикалық және саяси іспеттес басты үш бағытқа жұмылдырды. Бірақ бұлардың нәтижелері де өте ауыр болды. Жетілдірілген қарулы күштер жеңістің орнына – намысты келтіретін жеңілістер топтамасын әкелді. Кейбір елдер өркендеп дамудың орнына, кедейшілік пен сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батып, экономикасы сырттан келетін көмекке мұқтаж немесе жалғыз жер асты қоры мұнайға тәуелді болып қалды. Тіпті, сол мұнайды барлап, оны өндіріп, әжетке жарату да батыстың өнертапқыштығы пен іскерлігінсіз жүзеге аспады. Осы тұста бұлар да жердің жанар-жағармай қалдықтарымен ластану қаупін, сондай-ақ, әлемдік экономиканың батыстық қыңыр автократтар тобына тәуелді екенін жете түсінді. Қару мен фабрикалар, мектептер мен парламент секілді көптеген құралдар пайдаланылғанымен, күтілген нәтиже болмады. Кейбір жерлерде біршама жеңілдіктер туып, тіпті тұрғындардың кей топтары белгілі бір теңдіктерге қол жеткізді. Бірақ, ислам мен батыс әлемі арасындағы тепе-теңдік үйлесімсіздігінің дамуы тоқтап, жойылған жоқ.

Десе де, алда мұнан өткен сорақылық күтіп тұр еді. Даңқ пен байлыққа кенелген ғасырлардан бері тиесілі көшбасшылықтарын жоғалып, өздерін әлсіз, әрі кедей сезінген мұсылмандар енді батыстың соңында салпақтап қалды. Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында бұлар Батыстан ғана емес, Шығыс Азиядан да қалып, одан әрі қорлана түсті. Жапонияның аяғынан тік тұруына қуана қарағансығанмен, іштей жаратпай тұрды. Азиядағы жаңа экономиканың мұнан кейінгі жетістіктері тек қызғаныштарын оятты. Өз мамандары мен техникаларының шамасы жетпейтіндіктен, көне өркениеттердің тәкаппар мұрагерлері жұмыстарын жүргізуге батыстық фирмаларды жалдауға тура келді. Қуып жету – қиын шығар, ал бәрінің соңынан салпақтап жүру – одан да жаман. Қазіргі әлемнің барлық талаптарына сай – экономикалық даму мен жұмыс орындарымен қамту, сауаттылық пен білім беру және ғылым саласындағы жетістіктер, саяси бостандық пен адамдардың құқын құрметтеу секілді бір кездері қуатты өркениет құрған құндылықтардың бәрі құрдымға кетті.

«Бұған кінәлі кім?» Бұл – жалпы адамзатты толғандырған сауал. Таяу Шығыста көптеген адамдар бұрын да, қазір де бұл сұрақты қойысып жатыр. Және бұған түрлі жауаптар да бар. Әдетте өзіңнің бақытсыздығың үшін өзгені жазғырған жақсы, әрі оңай ғой. Сол тәрізді ұзақ уақыт бойы бұл бақытсыздықтың кінәлі объектісі моңғолдар болып келді. ХІІІ ғасырдағы моңғол шапқыншылығы – өзі әлісіреп, тоқырауға жақындаған ислам өркениеті мен мұсылман үстемдігінің құлауына себеп болды. Бірақ, біршама уақыттан кейін мұсылман және өзге елдердің тарихшылары бұл дәйектің екі кемшілігін көрсетті. Біріншісі – мұсылман халықтарының (әсіресе Ирандағы) керемет мәдени жетістіктерінің біраз бөлігі – моңғол шапқыншылығына дейін емес, кейін жасалған. Екіншісі (мұнымен келісу қиындау болар, дегенмен де бұл дәлелдеуді қажет етпейді) – моңғолдар өзі де әбден әлсіреп, құлағалы тұрған империяны жаулап алды. Шындығында да, бір кездердегі халифтардың қуатты империясы қалайша Шығыс Азиядан келген көшпенділердің ордасынан рақымшылық тілеп, ақ жалау көтергенін түсіну қиын...

Еуропалық ұлтшылдықтың көтерілуі де жаңа түсініктер туғызды. Арабтар өздерінің бақытсыздығы үшін өздерін бірнеше ғасырлар бойы басқарған түріктерді кінәласа, түріктер өз өркениеттерінің тоқырағанының кінәсін – шығармашылық жігерін кері тартқан арабтардың өткен өмірінің ауыр салмағынан көреді. Ал парсылар болса, арабтарды, түріктерді және моңғолдарды өзінің ежелгі даңқының жоғалуының құныкері санайды.

Араб әлеміне француздар мен британдықтар үстемдік еткен тұста (ХІХ-ХХ ғасырлар) – батыс империализмі деген тағы бір «кінәлі» табылды. Бұлайша жазғыруға Таяу Шығыс себеп болды. Батыстың саяси үстемдігі мен ішке енуі, сондай-ақ, өте ұзақ, терең және зұлым мәдени ықпалы – аймақтың бет-бейнесін өзгертіп, халықтарының өмірін бейтаныс бағытқа бұрып жіберді. Сөйтіп өздерінің мәдени өткеніне теңдессіз – жаңа үміттер мен қауіптерге кез қылды.

Бірақ ағылшын-француз спектаклінің ғұмыры – салыстырмалы түрде қысқа болды. Кері кету үрдісі сол төңкеріс басталардан біраз бұрын басталып, аталмыш көрініс аяқталғаннан кейін қайта жалғасты. Қаскүнемнің рөлі мен Батыстың өзге де көшбасшылық қызметтері енді Құрама Штаттарға ауысты. Бар кінәні Америкаға жаба салу әрекеті – айтарлықтай қолдауға ие болғанымен, Ұлыбритания мен Францияға жабылған жала секілді, сенімсіз күйінде қалды. Ағылшын-француз билігі мен америкалық ықпал – таяушығыстық мемлекеттер мен қоғамның іштей әлсіреуінің себебі емес, салдары ғана болды.

Жоғарыдағы дау-дамайға еуропалықтардың қосқан тағы бір үлесі – антисемитизм мен барлық жөнсіздіктер үшін жөйттерді айыптау болды. Дәстүрлі ислам қоғамында жөйттер қарапайым шектеулерді сезінетін. ХVII-XVIII ғасырларда батыстық либерализм пайда болып, таралғанға дейін, олар үшін христиандардан гөрі, мұсылмандардың қол астында өмір сүрген қолайлы болды. Сондықтан, жөйттерге деген жаулық көзқарас қалыптасқан жерлерде олардан күдіктеніп, сескенуден бұрын, кемсітушілік көзқарас басым болды.

Кей кездері «Шығыс пен Батыс арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы – Таяу Шығыстың құлауынан емес, Батыстың кенеттен дамып кеткендігінен болды,» – деген дәйектер келтіріліп жүр. Яғни, ұлы географиялық ашылулар, ғылыми қозғалыстар, технологиялық индустриалды және саяси төңкерістер – Батыстың қайта жаңарып, өзіне кең жаңдай жасап, билігін нығайта түсуіне әсер етті. Дегенмен, бұл секілді ұстанымдар – сұрақтарға жауап бермейді, тек оларды қайта тұжырымдайды: «Мұндай ұмтылыстар ертеректе де қолданылса да, неге Американы алғаш ашушылар атлантикалық жағалауға мұсылман портынан емес, испан портынан аттанды?» «Неліктен даңқты ғылыми жаңалықтардың көпшілігі жұрт күткендей әлдеқайда бай, дамыған және көп жағдайда біраз сауаттырақ ислам әлемінде емес, Еуропада ашылды?»

Кінәліні іздеудің айлалы ойыны мұсылман қоғамының өзегіне бағытталған. Сол қоғамның өзегі – дін, ислам діні болып табылады. Алайда, әдетте исламды қаралау – қауіпті, әрі мұндай жағдай сирек ұшырасатындықтан, сенімді болып та шықпайды. Өйткені, ортағасыр дәуірінің көп бөлігінде Шығыстың көне мәдениеттері де, Батыстың жаңа мәдениеттері де – ислам секілді өркениет пен прогресстің орталығы бола алған жоқ. Дәл сол қоғамда көне ғылымдар қайта ашылып, ілгерілеуге мүмкіндік алып, жаңалары қосымша құрылып, шаруашылық пен фабриканың жаңа салалары пайда болып, сауда-саттық бұрын жетпеген деңгейге көтерілді. Сол жерде үкімет пен қоғам қуғындалған еврейлер мен дссидент христиандарды үйір қылған, белгілі бір дәрежедегі ой бостандығы мен пікір еркіндігіне қол жеткізді. Ортағасырлық ислам әлемі – қазіргі заманғы мұраттар мен дамыған демократиялық тәжірибемен салыстырғанда, өзіне дейінгілерге, замандастарына, тіпті көптеген ізбасарларына қарағанда, еркіндіктің жоғары деңгейін көрсете алды.

«Егер ислам – бостандық, ғылым және экономикалық даму жолындағы кедергі болатын болса, мұсылмандар өз дінінің жаңалықтары мен қайнар көзіне қазіргіден гөрі жақын тұрған сол кездері қалай көшбасшы болды?» – деген әңгіме көп айтылады. Ал кейбіреулер сұрақты басқаша қояды: «Ислам – мұсылмандарды жоғары дәрежеге жеткізді, ал мұсылмандар соның үдесінен шыға алды ма?» Сөйтті де, бұл сұраққа кінәні жеке бір тәлімгерлерге, ілімдерге және топтарға аударып жауап берді.

Ал қазір исламшылар, фундаменталистер деген атпен белгілі тұлғаларға келер болсақ, олар «Қазіргі ислам елдерінің сәтсіздігі мен кемшілігі – бөтен түсініктер мен салттардың тарапынан болған кері ықпалдың салдарынан болды. Исламның ақиқат жолынан таю – бұрынғы ұлылықты жоғалтуға әкеп соқтырды,» – деп жазды. Ал, жаңашылдар мен реформашылар деп аталғандар – бұл кері кетудің себебін ертедегі құндылықтарынан бас тартқандықтан емес, соның сақталып қалғандығынан, яғни, мың жыл бұрын прогрессивті, жасампаз болғанымен, қазір ол сипатынан айрылған, бәріне де өтімді ислам руханиятының икемсіз, оралымсыз күйге түскендігінен көріп, фундаменталистерге қарсы көзқарас ұстанды. Жаңашылдықты жақтаушылардың әдісі – дінді, әсіресе исламды қараламайды, бірақ фанатизмді жазғырады. Фанатизмді, ішінара діни фанатиктердің басшыларын бір кездегі ұлы ислам ғылымы мен тұтастай ой бостандығы мен пікір еркіндігін тұншықтырушылар деп есептейді.

Бұл тақырыпқа сөз қозғау үшін неғұрлым кең тараған тәсіл – тұтастай дін туралы емес, дін мен оның кәсіби өкілдерінің саяси жүйедегі орны турасында әңгіме қозғау. Мұндай жағдайда Батыстың ілгерілеп кетуінің басты себебі – шіркеу мен мемлекеттің іргесін бөліп, құқықтық заңдармен басқарылатын азаматтық қоғам құруында болып шығады. Ислам қоғамының артта қалуының тағы бір себебі – мұсылмандардың әйел затын екінші сортты тауар ретінде санауында жатыр. Бұл – аталмыш әлемді жарты халқының таланты мен күш-қуатын пайдаланудан айырып, енді бір бөлігін (ұрпақтарын) сауатсыз, езілген аналардың тәрбиесіне қалдырады. Мұндай тәрбиенің өнімдері – менмен, өзіне-өзі өте сенімді, тәкаппар немесе еркін, ашық қоғамда өмір сүруге епсіз, өте ынжық, көңілжықпас болып өседі.

Кейбіреулер Таяу Шығыс пен Батыстың арасындағы симметрияның бұзылуын – бағалы металдар қорының түгесілгендігінен, ауылдық жерлерде өте жақын туыстардың (мысалы, немерелес аға-қарындас) некелесуінен немесе ағаштардың тамыры мен шабындықтардағы шөпті құртып, шалғынды жерді шөлге айналдырған ешкі асырағаннан көрді. Сондай-ақ, Таяу Шығыста Жаңа дәуірдің өзінде дөңгелекті көліктің пайдаланылмауын жақсылықтың белгісі емес деп санады. Антикалық ақытта танымал болған дөңгелекті транспорт еуропалық үстемдіктің кезінде қайта пайда болғанша, Орта ғасырларда сирек кездесетін көлік болып келді. Шаруа үшін арба өте үлкен, соған сәйкес қымбатқа түседі. Оны жасырып тығу қиын, өзгелердің тартып алуы оңай. Заң да, салт та биліктің озбырлығын шектей алмайтын жерде – көзге көрінетін және қозғалатын мүлікті сақтау өте қиын болды. Зорлықшыл билік пен көршілерлен қорқу көрінісін арабтардың үйлерінің дәстүрлі құрылымынан көруге болады. Терезесіз биік қабырғалар, жіңішке дәліздерде жасырылған есіктер – бақуатты тұрмыстың қандай да бір іздерін мұқият жасыратын секілді. Жаңа дәуірде тас төселген жолдар мен дөңгелекті көліктің кеңінен таралуы да маңызды мәселелердің шешімін таба алмады.

Бір кездері қызу қолданған ұсыныстар ұмытылды. ХХ ғасырдың ең басты қозғалысы – социализм мен ұлтшылдық болса, біреуі – сәтсіздігімен, екіншісі – ақырында пайдасыз болып шыққан жетістігімен беделін түсіріп алды. Тәуелсіздік деп түсіндірілген бостандық – қалған игіліктердің құт бастауы саналды. Мұсылмандардың басым көпшілігі енді тәуелсіз елдерде тұрғанмен, проблемалар шешілмеген күйінде қалды. Екі идеологияның да заңсыз туылған «буданы» – ұлттық социализм әлі күнге дейін диктатура мен бір партиялы жүйе сақталған кейбір елдерде өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Сондай-ақ, бұл режимдер өмір сүргенімен, сынақтан өте алмай, уәде еткен игіліктерді бере алмады. Оның үстіне бұлардың ішкі құрылымдары әбден тозып, қарулы күштері тек лаңкестік пен халықты жазалауға арналған.

Қазіргі таңда қойылған сұраққа берілген екі жауап қана аймақта үлкен қолдауға ие. Оның біріншісі – барлық сәтсіздіктер исламның әлмисақтағы құндылықтарынан бас тартқандықтан болып жатыр. Сондықтан, біз өткенімізге қайта оралуымыз керек деген пікір. Бұл иран революциясының немесе мұсылман елдеріндегі фундаменталистік қозғалыстар мен режимдердің жолы. Ал екіншілері – Кемал Ататүріктің бастамасымен Түрік республикасында жақсы жүзеге асқан зайырлы демократиялық жолды ұсынады.

Қалай десек те, түріктердің, моңғолдардың, империалистердің, еврейлердің немесе америкалықтардың арсынан кінәліні іздеу ойыны жалғасып жатыр және бұл ойынның жуық арада бітетін түрі көрінбейді. Қазір Таяу Шығыстың көп бөлігін билейтін жазалаушы, әрі тиімсіз үкіметтер үшін бұл ойын - өздері жоя алмаған кедейшіліктің себебін түсіндіруде елеулі амал, өздері күшейткен зорлық-зомбылықты ақтаудың тиімді тәсілі ретінде пайдалы қызмет атқарып тұр. Осылайша олар өздерінің бақытсыз азаматтарының күшейіп келе жатқан ашуын өзге сыртқы мақсаттарға бағыттауға тырысып жатыр.

Бірақ, Таяу Шығыс тұрғындарының көп бөлігі енді өздерін сынауға көшкен. «Бізді мұндай күйге кім түсірді?» деген сұрақ жүйкеге тиіп, дұшпандық пиғыл туғызды. Ал, «Біз қай жерден қателестік?» деген сұрақ – бұдан да маңызды «Жағдайды қалай қалпына келтіруге болады?» деген сұрауға әкеледі. Және болашаққа деген жақсы үміттер осы сұрақтың, оған берілетін түрлі жауаптардың астарында жатыр.

Егер, Таяу Шығыстың халқы осы жолмен кете беретін болса, онда «жанкешті камикадзе» деген атақ тұтастай аймаққа метафора болып, ерте ме, кеш пе тағы да көне айла-амалға сүйенген Еуропаның, болмаса, Шығыста өсіп келе жатқан жаңа бір державаның үстемдігіне кез болады. Егер Таяу Шығыс – дұшпандық пиғыл мен құрбандықтан бас тартып, алауыздығын реттеп, барлық талантын, күш-қуаты мен әлеуетін жалпыға ортақ мүдделерге біріктіре алса, біздің уақытымызда да антикалық дәуірлер мен Орта ғасырлардағыдай өркениеттің басты ошақтарының біріне айнала алады. Әзірге кеш болмай тұрғанда мұсылман әлемі осы шешімдердің бірін таңдағаны жөн.

Ықшамдап аударған:

Нұраддин САДЫҚ

 

Сұхбат

PhotoRoom