Жуалыда шағын кәсіпкерлік дамып келеді

Аймақ
18.07.2016, 15:59

image-18-07-16-09-36-4Жуалы ауданында жеке кәсіпкер «Әсемова» тігін цехын ашып, жергілікті халықты сапалы, әрі тиімді бағадағы дүниелерімен қуантып келеді.

Студент шағынан бастап тігіншілікке қызыққан Гүлмира Әсемова бүгін сол қызығушылығын арманына ұластырып, арманын іс жүзіне асырып отырған жайы бар. Ол өзі тұратын үйінің жанына тігін цехын соғып, ісін дөңгелетуде.

«Бұл істі нақты қолға алғаныма бес жылдай уақыт болып қалды. 2015 жылы мемлекеттік бағдарламамен 12 млн. теңге көлемінде несие алып, тігін машиналарын жаңарттым. Жұмысшылар санын арттырып жатырмыз, қазір 5 қыз жұмыс істеуде. Алдағы уақытта ісіміздің көлемін бұдан да ұлғайтпақпыз», - дейді жеке кәсіпкер Гүлмира Әсемова.

Мемлекеттік тапсырыстарды қабылдауға енді кіріскен жеке кәсіпкер Гүлмира Әсемова қазіргі таңда аудан көлемінде тауарын өткізіп келеді. Жеке тұтынушыларға қарағанда топтық, яғни мекемелерде бірнеше адамдарға арнайы тапсырыс берушілердің көп екенін кәсіпкер жасырмады. Олардың дені мұғалімдер, оқушылар немесе балабақшадағы балаларға арналған киімдер екен.

Бұдан өзге, жеке кәсіпкер Гүлмира Әсемова тіккен бұйымдарын сатумен ғана емес, жалға берумен де айналысады. Мәселен, ұзатылатын қызға немесе тойға арналған, көздің жауын алатын көйлектерді жеке кәсіпкерден алуға болады. Кәсіпкер жергілікті халықтың қалтасына қарай киімдерді жалға арзан, тиімді бағада ұсынатынын айтты.

Жеті баланы дүниеге әкелген ана, әрі өз ісінің білікті маманы Гүлмира Әсемова сүйікті жұмысына болашақта білек сыбана кірісемін дейді.

Сұхбат

PhotoRoom