Жамбылда ардагерлер кеңесінің кеңейтілген көшпелі отырысы өтті

Аймақ
23.07.2016, 22:39

Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген көшпелі отырысы болып өтті.Көшпелі семинар–кеңес Шу ауданының орталығы Төле бу ауылында ұйымдастырылып, оған Шу, Қордай және Мойынқұм аудандарының бастауыш ардагерлер ұйымдарының мүшелері қатысты.

Әуелі көшпелі семинар-кеңеске қатысушылар Кеңес Одағының Батырлары Сәду Шәкіров пен Саттар Естемесовті және қуғын-сүргін құрбандарын еске алып,  ескерткіштеріне гүл қойды. Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың мұражайын тамашалап, ауданда жастарға арналып салынған саябақ пен Еңбек даңқы аллеясын аралап көрді. Сондай-ақ, Шу, Қордай және Мойынқұм аудандарындағы бастауыш ардагерлер ұйымының атқарып жатқан жұмыстарымен танысып, кеңес төрағаларының есептері  тыңдалды.

Қазақбай Байжұманұлы, «Шу аудандық ардагерлер кеңесінің» төрағасы: Жиында көптеген осы ауданда болып жатқан тіршіліктердің барлығы мәселен, жағдайы төмен отбасыларға және де жетім-жесірлерге қарайласып жатқан ардагерлер, олардың тарапынан жасалып жатқан жұмыстардың барлығы бүгінгі жиынға арқау болды. Істелген істердің түгел көрсетіліп, барлығы разы болды.

Семинар-кеңес барысында қарт адамдарға әлеуметтік-тұрмыстық жағынан жағдай жасалуына қолдау көрсету және ардагерлер ұйымдарының жұмысын тиімді ұйымдастыру жөнінде баяндамалар тыңдалды. Қатысушылар өзекті мәселелерге қатысты ой қосып, пікір алмасты. Жастарды патриотизмге, ұлтжандылыққа тәрбиелеп, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мәселесі де күн тәртібінен қалыс қалмады.

Еркінбек Солтыбаев, «Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің» төрағасы: Арадгерлеріміздің жастармен жұмыс істеу туралы мәселелерін одан әрі ширатып, жандандырып, жұмыс істеу үшін осы жерге тәжірибе алмасу мақсатында келдік. Үлкен келелі отырыс өтті. Шу ауданынан үйренеріміз көп.

Ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысы осыған дейін Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ аудандарында өтсе, ендігі кезекте Талас, Сарысу және Жамбыл аудандарында да ұйымдастырылады деп күтілуде.

Сұхбат

PhotoRoom