Жамбылда 28 мың оқушы «Мектепке жол» акциясымен қамтылады

Аймақ
08.08.2016, 15:24

28 мыңнан астам жамбылдық оқушы «Мектепке жол» акциясымен қамтылатын болады.

Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап жалпыреспубликалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталған болатын. Осы жылы акция «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен өтіп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады,-деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Шара барысында Жамбыл облысында 28 мыңнан астам баланы қамту жоспарлануда.

Акцияның масқаты - жаңа оқу жылына дайындық кезінде аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, сондай-ақ, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық және басқа да көмек көрсету.

Бүгінде «Мектепке жол» акциясын кәсіпкерлер мен демеушілердің қатысуымын ұйымдастырып, өткізудің аймақтық жоспары жасалып, бекітілді. Сондай-ақ, ақпараттық-түсіндіру шаралары, мектептік жәрмеңкелер, рейдтер, мектепке бармай жүрген балаларды анықтау мақсатында үйлер мен пәтерлерді, компьютерлік клубтар, саяжайлық аумақтар,  фермерлік шаруашылықтар және басқа да әлеуметтік нысандарды аралау  қарастырылған.

Бұдан басқа, барлық білім бөлімдерінде көмекке және кеңеске мұқтаж отбасылар хабарласа алатын жедел желі және сенім телефондары жұмыс істейді.

Өткен жылы облыста шара барысында 178 млн 156 мың теңгеге 28023 аз қамтылған, көп балалы отбасының, сондай-ақ, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық көмек көрсетілген болатын.

Сұхбат

PhotoRoom