Сейм мен Парламент арасы

Рейтинг
16.07.2014, 11:21

 

Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко бастаған мәжілісмендер делегациясы жұмыс сапарымен Польша Республикасында болды.

Құрамында Серікжан Қанаев, Анатолий Маковский және Нұрлан Жазылбеков бар делегация кездесулерде парламентаралық байланыс, сауда-экономикалық және аймақаралық ынтымақтастықты нығайту, заңшығарушылық тәжірибе алмасу мен өзекті халықаралық мәселелерді талқылауды негізгі бағытқа алды.

Сапар шеңберінде Мәжіліс вице-спикері Польша Сеймінің Төрайымы Эва Копачпен, Польша Сенатының Вице-спикері Ян Выровинскимен, Польша-Қазақстан парламенттік ынтымақтастық тобымен және оның төрағасы–Сейм Вице-спикері Ежи Вендерлихпен, халықаралық мәселелер және жергілікті өзін-өзі басқару бойынша Сейм комиссияларының басшылығымен кездесулер өткізді.

Одан басқа, Польшаның Вице - премьері - экономика министрі Януш Пехочинскимен де жүздесіп, сауда-инвестицияны нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Мемлекет Басшысының Арнайы елшісі ретінде Сергей Дьяченко 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдауын қамтитын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың өзінің поляк әріптесі Бронислав Комаровскиге жолдаған хатын Польша Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Яцек Михаловскиге тапсырды.

- Қазақстан Польшаны өзінің Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды серіктесі деп есептейді. Біз поляк парламентшілердің, сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің біздің еліміздің өркендеуі мен алдағы уақытта да Қазақстан мен Польша арасындағы өзара байланыстардың нығая түсуіне деген ықыласын көргенімізге қуаныштымыз,- деп атап өтті С.Дьяченко Сейм Төрайымымен кездесуінде.

Э.Копач өз кезегінде Қазақстан-Польша арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-ізгілікті шаралардың дамуына қанағаттанарлық баға берді.

Тараптар Қазақстандағы Польша диаспорасы екі ел арасындағы алтын көпір болып отырғанын атап, саясатты жүргізуде ұлтаралық және конфиссияаралық келісімдер мен тағаттылықтың маңызына тоқталды.

Өте жылы да салиқалы кездесулерде поляк әріптестер Қазақстанның әлем алдындағы абыройы мен оның Көшбасшысы Н.Назарбаевтың халықаралық беделін, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнің еліміздегі ғажайып тәжірибесін, жергілікті өзін-өзі басқарудағы тәжірибесімен алмасу жайын атап өтті.

Осы жерде бір айта кететін жай, Қазақстан Президентінің 2012 ж. 28 қарашадағы Жарлығымен бекітілген ҚР жергілікті өзін-өзі басқару Тұжырымдамасында Польшаның жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің моделі өте өзекті және үйренуге қызғылықты екендігі көрсетілген.

Қазақстандық делегация соңғы күні Силезия және Малопольска воеводстволарында болып, іскер қоғам өкілдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастық және аймақаралық байланысты ұлғайтудың мүмкіндіктерін, оның ішінде Қазақстан мен Польша аймақтарының алдағы бірінші Форумы шеңберінде талқыланатын мәселелер бойынша пікір алмасты.

 

Сұхбат

PhotoRoom