Тараздық 700 азамат жер телімін алады

Аймақ
10.08.2016, 23:42

image-10-08-16-03-19-2Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Асқар Мақшанұлы Рыспаев айтты.  Жиын барысында Асқар Мақшанұлы Ұлт жоспарының құрылыс саласын қамтитын 46 мен 49-қадамдардың іске асырылу барысы туралы баяндады.

«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберінде 46 - 49 қадамдар жүргізіліп отырған құрылыс саласын реформаландыруға бағытталған. Мәселен, 46-қадамда рұқсат алуды оңтайландыру үшін құрылысқа рұқсат алудың үш сатылы қағидатын енгізу көзделген. Оған сәйкес, құрылысты оңтайландыру мақсатында рұқсат беру рәсімдерін құрылыс саласындағы ұйымдастыру Ережесі бекітілді. Сондай-ақ, құрылыс саласына «бір терезе» қағидатын енгізу жоспарда бар, – деген А. Рыспаев өзде де қадамдарға тоқталды.

Басқарма басшысы 47-қадамда көрсетілген жобалау-сметалық және жобалау құжаттарын сараптамадан өткізуде мемлекеттік монополиядан біртіндеп бас тартуды кеңінен тарқата айтып өтті. Жиын барысында облыстың бас сәулетшісі құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісін енгізу және ескірген нормалар мен ережелердің орнына еурокодтар жүйесін енгізу туралы да әңгіме қозғады.

Баяндамасын аяқтаған соң Асқар Мақшанұлы облыс орталығы мен Тараз қаласындағы сәулет және құрылысқа қатысты ойлдарымен бөлісті. Оның сөзіне сүйенсек, облыс орталығында 20-25 қабатты тұрғын үйлер салу тиімсіз көрінеді.

Бір жағынан мұндай үйлердің сейсмикалық тұрақтылығын сақтау қиын. Екіншіден, біздің тұрғындар үшін ондай биік үйлерге мініп-түсу ыңғайсыз. Сол себепті, Ж. Сабалақов көшесінің бойындағы және «Барысхан» алқабында салынатын жаңа ықшам аудандарда тұрғын үйлердің басым бөлігі 9 қабатты болмақ.

Тараз қаласына қатысты тағы бір мәселе – жер кезегінде тұрған азаматтар санының артуы. Бүгінгі таңда 98 мыңға жуық тараздық жер телімін алуға ниетті. Осыған сәйкес, бірқатар жұмыстар жасалып, қалаға бірнеше алқаптар қосылды. Әрі Ж. Сабалақов көшесіндегі алқаптан жер беру жоспарда бар. Осының нәтижесінде, 700-ге тарта азамат жер ала алады деп ойлаймын, – деп ойын білдірген басқарма басшысы Шу, Жаңатас және Қаратау қалаларының сәулеттік келбеттеріне де тоқталды.

А.Рыспаевтың айтуы бойынша, Жаңатас қаласын «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-нің тың жобасы жаңа келбетке енгізбек. Сондай-ақ, Қаратауда да бұл бағытта жұмыстар жасалып жатқан көрінеді. Ал, Шу қаласында «Химпарк Тараз» арнайы экономикалық аймағына келетін зауыттардың көмегімен жұмыстар жүргізу жоспарда бар екен.

Сондай-ақ, басқарма басшысы «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында облысқа келетін туристерге көрсететін Тараз қаласының көрнекі орындарын тілге тиек етті. «Дос-Нар» сауда орталығынан бастап, құрылысы жүріп жатқан жаңа сауда, ойын-сауық орталығына дейін арнайы тарихи-мәдени аймақ жасауға болады. Ал, «Шахристан» базарының орнын қандай нысан алары әзірге белгісіз. Бұл мақсатта республикалық идеялар байқауын өткізіп, ішінен үздік ойды жүзеге асыруға болады деп ойлаймын» – деген басқарма басшысы мұның барлығы уақыттың еншісіндегі іс екенін баса айтып өтті.

Сұхбат

PhotoRoom