Әлемнің беталысы – әмбебап өркениет

Сараптама
17.07.2014, 11:53

 

Соңы. Басы www.saigez.kz/?p=1155

Өткен жолы біз әлемнің ғалымдары жалпыға ортақ әмбебап өркениет болады деп пәтуа берген қағидаларды талқылап көрдік. Олар ұсынған мәдени тұтастық, қала, сауаттылық, давос мәдениеті, тұтыну тауарлары мен поп-мәдениеттің батыстық үлгісі, Голливуд өнімдері немесе ақпараттар тасқыны, тым болмағанда әмбебап тіл деген нұсқалардың бәрін талқылап, ешбіріне де тоқтай алмағанбыз. Бүгін әмбебап дін деген нұсқаны аз-маз сөз етіп көрелік.

Әмбебап діннің әмбебап тілге қарағанда таралу аумағы тарлау болып келеді. ХХ ғасырдың соңы әлемдегі дін атаулының жаппай өркендегенінің (la Revanche de Dieu) куәсі болды. Бұл – діни түсініктің нығайып, фундаменталистік қозғалыстардың жандануынан көрінді. Соның салдарынан діндер арасындағы айырмашылықтар күшейді. Түрлі діндерді ұстанатындар туралы сандық деректер – әр басқа тілдерде сөйлейтіндердің дерегіне қарағанда, әлдеқайда тұрақсыз, бір қалыпты емес. Төмендегі кестеде Дэвид Барронның Оксфордтан шыққан «Христиандықтың әлемдік энцилопедиясы: Қазіргі заманғы шіркеулер мен діндерді салыстыра оқу. 1900-2000 жылдар аралығы» атты еңбегі мен Ресейден шығатын «Ғылым және дін» басылымының кезекті нөмірінен алынған деректер беріліп отыр.

Жер бетіндегі негізгі дәстүрлі діндерді ұстанатын халықтардың пайыздық көрсеткішінің кестесі.

Діндердің атаулары

1900 ж

1970 ж

1980 ж

1985 ж

2000 ж

2005 ж

Христиандар (жалпы)

34,4

33,7

32,8

32,4

32,3

36,5

Мұсылмандар (жалпы)

12,4

15,3

16,5

17,1

19,2

21,7

Индуистер

12,5

12,8

13,3

13,5

13,7

13,3

Өзге діндер (Буддизм, қытайдың ұлттық діндері, тайпалық наным-сенімдер, т.б.)

40,5

18,8

16,5

15,7

13,5

11,3

Дінсіздер (Атеистер)

0,2

19,4

20,9

21,3

21,3

17,2

Осы секілді деректер өткен жүзжылдықтың шамасында әлемдік діндердің ықпал ету деңгейі айтарлықтай өзгермегендігін байқатады. Аталмыш дерекке көз жүгіртер болсақ, сөз етерліктей өзгеріс «дінсіздер» немесе «атеистер» деп аталатын қауымда болғанын көреміз. Олар 1900 жылы жер халқының 0,2 пайызын құраса, 1980 жылы 20,9 пайызға дейін өскен. Бұл жер бетінде коммунистік жүйенің дүниеге келуімен байланысты. Өйткені, осы уақыт аралығында Қытайдың ұлттық діндерін, буддизмді және түрлі тайпалық наным-сенімдерді ұстанатындардың саны 40,5 пайыздан 16,5 пайызға дейін кеміген. Яғни, дінсіздер қауымындағы 21 пайызға жуық қарыштап өсу – осы соңғыларының сапында болған 24 пайыздық азаюдың есебінен болған. Қалған 3 пайыздық өсім – мұсылмандарға тиесілі. Шамамен бір-біріне тең бұл өсім мен азаю көрсеткіштері – коммунистік жүйе билік басына келгенде Шығыс Азия мен Африка халқының төрттен үш бөлігінің дінсізденіп кеткенін көрсетеді.

Одан кейінгі ширек ғасырда да өзге діндердің (Қытайдың ұлттық діндері, буддизм және түрлі тайпалық наным-сенімдер) тобындағы 5,2 пайыздық, дінсіздер тобындағы 3,7 пайыздық кему – тиісінше, мұсылмандар тобындағы 5,2 пайыздық, христиандардың 3,7 пайыздық өсімдерін білдіреді. Осы деректерге қарай отырып, аталмыш басты екі дінді ұстанатындардың саны ғана соңғы жарты ғасырда өзіне тән қарқынмен тұрақты түрде өсіп келе жатқанын байқауға болады. Бұл өсім – ислам үшін Африка құрлығының есесінен болып отырса, христиандық үшін Оңтүстік Кореяның да есебінен толықтырылып келеді. Өйткені, кез-келген дәстүрлі наным-сенім – жаңарған қоғамның талаптарына икемделіп, өзгере алмаса, ондай уақытта сол халыққа көмекке ислам мен христиан діндері келеді. Өйткені, бұл екі дін де, салыстырмалы түрде болса да өзге діндерге қарағанда, адамзатқа беріде келген, яғни жаңарақ. Оның үстіне, өркениетті деп аталатын қоғамдарды құрған принциптердің талабына жауап бере алады.

Біз бұл жерде бір дін – ескі, бір дін – жаңа, бір дін – жақсы, бір дін – жаман немесе бір дін – керек, бір дінді – күресінге лақтыру керек деп төрелік айтудан аулақпыз. Себебі, канондық діндердің бәрі де Құдайдан Адам ұрпағына келгенде, тек жақсылыққа үндеп келген. Мысалы ол Мұса пайғамбар тарапынан «Құдайға құлшылық қыл! Қандай қиындыққа да сабыр ет!» деген өсиет түрінде келсе, Ғайса пайғамбар тарапынан «Өзгені өз жақыныңдай сүй. Ешкімге жамандық тілеме!» деген өсиет аясына топтасты. Осының бәрі топтаса келіп, Мұхаммед пайғамбар келген тұста

Махаббатпен жаратқан адамзатты

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жол осы деп Әділетті.

деп, Абай атамыз «имани гүл» деп бекіткен үш сүюдің айналасына топтасты. Күллі әлемді бауырына баса сүю, кімге де болса, жамандық ойламау, ешбір мәдениетті кемсітпей-ақ, өзінікінің жақсы да, тиімді екенін, күшпен емес, іспен дәлелдеп, соған өзгені мұқтаж ету – әмбебап өркениет атаған нәрсеміздің басты қағидасы болса, дін атаулының алтын заңы, негізгі тіні осы талаптарға жауап бере алады. Яғни, қандай да бір мемлекет өкілі болып табылатын кез-келген өркениет – дінге негізделеді. Сондықтан, әмбебап өркениет ретінде әмсе адам баласына ортақ жоғарыда аталған құндылықтар дәріптелетін, «Адамзатты бір бауыр қылатын» (Шәкәрім Құдайбердіұлы)Дінді алсақ, еш қателеспейміз. Ал, одан әрі осы жолдарды «сүйкеуге» себеп болған Самюэль Хантингтонша таратсақ, «Қоғамға енгізгенде, ұстанған қағидаларының беріктігі және сол қағидаларының демографиялық өсімге негізделгендігінің арқасында әлдеқайда тиімді болғандықтан, түбінде Мұхаммедтің үмбеттерінің күні туады». Қалғаны – уақыт еншісінде.

Геосаяси еңбектердің

негізінде даярлаған

Нұраддин САДЫҚ

 

Сұхбат

PhotoRoom