Қанат Әуесбай, «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының медиа директоры: Басты ерекшелігі - бейресмилік

Сұхбат
22.07.2014, 12:40

 

- «Қазақстан – 2050» аяқ астынан дүркіретіп жиындар өткізіп белсенді болып кетті ме, әлде бұрыннан бар қозғалыс па?

- «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысын құру туралы бастаманы Елбасы былтыр 29 қарашада өткен «болашақ» түлектерінің мерейтойлық форумында көтерген болатын. Президенттің сол ниетін еліміздің бір топ көшбасшы жастары құп алып, өткен жылдың 6 желтоқсанында қозғалыс құрылған болатын. Мақсаты белгілі. Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясы еліміздің алдағы отыз жылына айқындаған стратегияны «идеологиялық құжат» деп атаған болатын. Қозғалысымыздың мақсат міндеттері де осы құжаттан туындайды. Осы стратегиялық құжатты жүзеге асыру мақсатында қозғалыс белсенділері түрлі жобаларды ұсынады, соларды іске асырады. Яки, бұл түрлі саладағы жобалар. Құрғақ сөз болмас үшін, біз жуырда брифинг өткізіп, жарты жылдықты қорытындыладық, жобаларымызды таныстырып, жүзеге асырылғандары туралы айтып бердік. Осы брифингте қозғалысымыздың әуелбастағы үш негізгі бағытын белгіледік. Оның біріншісі, «Қазақстан 2050» Стратегиясын жүзеге асыруға халықты жұмылдыру болса, еікншісі, азаматтардың ақыл-ойы жиналған орталық ретінде әлеуметтік желі арқылы нақты ұсыныстарды қабылдап, әрі оларды талқылап, сол арқылы елдің мұқтаждықтарын біліп отыру. Жобалар да сол мұқтаждықтар айналасында түзіледі. Ақыл-ой орталығы дегенді осы тұрғыдан көреміз. Ал үшінші бағыты қозғалыс аясында краудсорсингтік платформасын құру. Бұл шетелдік сөз қазір көптің құлағында жүрсе де, түсінбейтіндер де табылар. Ағылшынның сөзін қазақшалағанда «қауымдасып тірлік кешу» десек те болады. Яғни, краудсорсинг қазақтың «асар» ұғымымен үндес.

2050

-Бізде жастардың ұйымдары да, қозғалыстары да бар. Өзге жастар құрылымдарын қайталау емес пе?

- Бірден айта кету керек, бізді халық жастар ұйымы деп шатастырып жатады. Бірақ жұрт ойлағандай емес, атымыз айтып тұрғандай жалпыұлттық қозғалыс болған соң, халықтың әр жас ерекшелігіндегі бөлігін қамтимыз. Қатарымызда алдыңғы толқын мен кейінгі толқын, аға буын да бар. Қатарымыздың көп бөлігі 25 пен 45 жас аралығындағы экономикалық активті азаматтар. Қазір белсенділеріміз саны 3000 мыңнан асты. Олардың барлығы өз саласында белгілі бір жетістікке жеткен зияткерлік әлеуеті жоғары адамдар десек жаңылыспаймыз. Біз мүшелерімізді көбейтеміз деп жанықпаймыз. Бізге сапа маңыздырақ. Ал ұйымымыздың басты ерекшелігі деп біз үнемі бейресмилікті айтамыз. Яки, бұл формальділіктен аулақ болып, мейлінше ешкімді қайталамай, еркін форматта жұмыс жасау. Бұл бейресмилік мәселен, біздің белсендіміз болудан да көрінеді. Бізде ешқандай мүшелік жарна, билет деген жоқ. Қозғалысқа әлеуметтік желі көмегімен арнайы форманы толтырып, өзіңіз туралы бар мәліметті жазып, қозғалыс қатарындағы өз жұмысыңызды қалай көретініңізді, қандай үлес қосқыңыз келетінін жазсаңыз болады. Яки, «Қазақстан 2050» стратегиясын қолдайтын болсаңыз, әрі сол стратегия аясында жоба түзіп, соны жүзеге асыруға құлшынысыңыз зор болса, сізді біздің қатарымызда деп санауға әбден болады. Осы сияқты бейресмилік біздің әр іс-әрекетімізден көрінеді. Жуырда қозғалысымыздың бірінші форумын өткізгенде де, оны «галстуксыз басқосу» деп атадық. Мұндағы да мақсат, белсенділеріміз қатып қалған хаттамалық форматта емес, еркін отырып, өз ойларын ашық білдірсе деген ниет.

- Қозғалыс қазір немен айналысып жатыр?

- Қазір ұйым құрылғалы бері 5 жоба жүзеге асты. Жыл аяғына дейін тағы бес жобаны жүзеге асырамыз деп отырмыз. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» дейтін халқымыз баланы қазір керісінше, даладан емес, компьютер алдынан шығара алмайды. Ата-ана болса, балаға қарау орнына, смартфонын шұқылап әлек. Қазір демалыс уақыты. Шамасы жеткендері, жолдама алып, демалыс орындарын, шипажайларды паналаса, жетпегендері үйде отыр. Осы өліара шақты пайдаланып, біз аула жұмысын жаңғыртуды көздеп, «Елдің күші – бақытты отбасы» жобасын іске қостық. Қозғалыс белсенділері Қазақстан қалаларының әрбір ауласында балалар ата-анасымен бірге қуанып, көршілер бірі-бірін танып, азаматтар қоян-қолтық араласып, шағын болса да жүрекке жылу сыйлар игіліктер жасағанын қалайды. Бұл мақсатта осы жылдың маусым-тамыз айларында Қазақстанның әр түкпіріндегі қалалардағы 65 ауланың тұрғындары түрлі шараға қатысып, елге еңбегі сіңген бапкерлердің, спорт шеберлерінің шеберлік дәрістерін үйреніп, ел ішіндегі табысты әрі атақты адамдармен кездеседі. Жаз бойына қозғалыс белсенділерінен іріктелген еріктілер облыс орталықтарында және Алматы мен Астана қалаларында балалар ойындарын, отбасылық байқаулар ұйымдастырады. Барлығы жоба барысында балалар мен ата-ана арасында 700 астам шара өткізіліп жатыр. Бұл он жобаның тек бірі ғана. Одан бөлек қазір «Аймақ-2050» жалпыұлттық байқауын іске қостық. Оның шарты бойынша, қатысушылар жекелей және команда болып та аймақтық даму стратегиясын ұсына алады. «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының белсенділері аймақтарға барып, ол жақтың түйткілді мәселелерін көріп, тыныс-тіршілігімен танысып, ерекшеліктерін байқап қайтты. Әр аймақтағы халық өздерінің жеке стратегиясын түзе алады. Мәселен, «Шымкент-2050»,«Жамбыл-2050»,«Костанай-2050» т.с.с. Осы мақсатта Қазақстан халқы аймақ дамуының өзіндік көзқарасын беру үшін де байқау ұйымдастырылмақ. Аймақ өкілдері әлеуметтік-экономикалық жағдайды сараптап, соның негізінде стратегияны түзбек. Ең үздік стратегия авторларын қозғалыс тренингке шақырып, құжатты толықтыруға мүмкіндік бермек. Олар өз елдеріне қайтып оралған соң, қауым болып, жобаны талқылап, соңғы нұсқасын әзірлейтін болады. Ең үздік атанған жоба авторын премьер-министрмен таңғы ас ішіп, жобасын талқылай алады. Қысқасы, жаз болса да, қазір қозғалыс белсенділері қызу тірлікке кіріскен.

- Жастар саясатын сынаушылар көп. Кемшіліктер де жоқ емес, әрине. Бұған сіздердің қозғалыстарыңыздың ұстанымы қандай?

Жастар саясаты әлбетте үнемі назарда ұстауды қажетсінетін және түйткілі өте көп сала. Бұл саясатты қоғам болып, қауымдасып өз қал-қадерінше жүзеге асыруы тиіс. Ал, біздің қозғалыстың жастар саясатына көзқарасы Стратегияда Елбасының жастарға үндеуінен туындайды. Мемлекет басшысы «мен жариялаған жаңа саяси, экономикалық бағыт сіздерге ең мықты білім беріп, демек лайықты болашақпен қамтамасыз ету болмақ. Қазақстанның жаңа, жас буынына үміт артамын. Сіздер жаңа бағытты алға жылжытушылар болуға тиіссіздер» деген болатын. Осы тұрғыдан алғанда, қозғалыстың жастар саясатын жүзеге асыруға арналған әзірге екі жобасы бар. Оның бірі - кадрдан тапшылық көріп отырған аймақтарға жастарды жіберуді көздейтін «Серпін», екіншісі - шалғай ауылдардағы жастарға кәсіби бағдар беруді көздейтін «Зияткер ұрпақ» жобасы. «Серпін» қазір қозғалыс белсенділері мен ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп атқарылып жатыр. Қысқаша мазмұны былай: мәселен, Солтүстік Қазақстан облысына мұғалім мамандары жетіспейді делік. Үкімет бөлген тегін гранттар бойынша еліміздің әр аймағынан осы Петропавл қаласындағы университетте оқығысы келетін жастар іріктеледі. Бұл үшін белсенділеріміз аймақтарға барып, еріктілермен кездесіп, оларға шеберлік дәрістерін өткізеді. Олардың қалауларын тыңдайды және аймақтарға жөнелтуге дайындайды. Жоба нәтижесі бойынша жастарымыз оқыған жерінде өсіп-өніп, сол жерде тұрақтап, жұмыс орнымен қамтылады. Сол арқылы кәсіптік тапшылық мәселесі шешіледі, әрі жұмыссыздықтың түйткілін біршама азайтамыз. Ал «Зияткер ұрпақ» аталатын екінші жобамыз бойынша, қозғалыстың белсенділері әрқайсы өз саласы бойынша өңірлерге барып, ауыл-аймақты аралап, жастарға кәсіби бағыт-бағдар беріп, өздерінің жеке өмірлік тәжірибелері мен табыстарымен бөлісіп, шеберлік дәрістерін өткізеді. Жобаның көздегені де сол, ауылдағы жас ұрпақтың кәсіби тұрғыда дұрыс орнын таба біліп, болашақта өзін-өзі дамыту туралы нақты түсінік беріп, олардың бойында ел ертеңіне деген сенім ұялату. Тренингтер нәтижесі бойынша жастардың жеке тұлғалық қарым-қабілетін ашу үшін жағдай жасалатын болады.

  • - Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбат

PhotoRoom