ЭКСПО-2017: Тараз - әлем жұртына тарихымен есік ашады

Аймақ
08.09.2016, 21:11

20160905215434Уақыт ағымымен жақындап келе жатқан  «ЭКСПО-2017»  Халықаралық мамандандырылған көрмесінде  Ежелгі Тараз қаласы - әлем жұртына есігін тереңнен тартқан тарихымен ашпақ. Жамбыл облысы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан іргелі мекендердің бірі және бірегейі. Тарихы  мыңжылдықтардың  мұратымен  үндесіп,  адамзат өркениетінің елең-алаңымен  астарласқан  аяулы алтын бесігіміз - Тараз қаласының  тарихи  шежіресін  парақтау  дәуірі  XX ғасырдың ғаламат сыйы - Тәуелсіздік  таңымен   ұштасады.

Бұл туралы ҚР  Мәдениет және спорт министрлігінің «Ежелгі Тараз 20160905215443ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының бөлім бастығы Алмас Мұхтаров әңгімелейді,-деп жазады ҚазАқпарат.

 Алғашқы  іргетасы  біздің  жыл санауымыздан жүз жыл бұрын қаланған қасиетті мекеніміз, өзінің өрелі ғұмырында талай-талай тарихи тасқындар  мен   дауылды ғасырларды бастан өткерді, «Ұлы Жібек жолының»  кіндік  бекеттерінің  бірі, аса ірі өркениет ошағы ретінде батыс пен шығысты жалғады, сөйтіп - «Тараз - тарихымыздың алтын арқауы»  дейтін мәртебеге ие болды.

Тәуелсіз Қазақ Елінің тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың дуалы аузынан шыққан шымқай шындықтың арғы тегінде тебіндеген Тараз тарихының жарқын беттері  - арғысы  жалпы түркі өркениетінің, бергісі Қазақ мемлекеттігінің басынан кешкен көп жақсының басында тұрғандығымен  ерекшеленеді.

Екінші Түрік империясының тарихтан ойып тұрып орын алған ұлы тұлғасы Тон Ябғу ордасын тіккен Мыңбұлақ мекені, адамзаттың даму тарихына аса ірі бетбұрыс әкеліп, аймақ аясында Ислам өркениетінің өркен жаюына себепкер ұлы шайқас өткен (751ж.) Атлах қаласы жатқан, араға ғарасат ғасырларын салып, ақыры 1465 жылы Керей мен Жәнібек оғландар Қазақ Хандығының алтын туын аспандатқан Қозыбасы биігі тұрған Шу-Талас аңғарының бас қаласы Тараз тарихының тынысы тылсым болмысының бүгінгі қауымға да 20160905215410айтары мол...Жалпы түркі әлеміне ортақ өрімдерімен ерекшеленетін Өркениет өрісіне өлшеусіз үлес қосқан Тараз қаласы, киелі қала осыдан 21 ғасыр бұрын өз іргетасын қалаған Шу-Талас аңғары туралы әлемдік тарихнамада арнайы тарау бар екендігін біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Бүгінгі шекаралық шеңберді тарихи таным өресімен «бұзып» көрсеңіз, түркілік ұлы өркениет аясының Азия - Алтай асқарлары мен далаларын аттап алыс құрлықтарға дейінгі ауқымды қамтитындығына қанығар едіңіз...

Ежелгі балбалдар мен тастағы таңбалар, мәңгітастардағы сына жазулар мен ел аузындағы аңыз-әфсаналар әлемі осыны меңзейді! Осынау құндылықтардың бел ортасында  тағы да Тараз-Талас, Шу-Мерке өңірлері алыстан мен мұндалайды... Тарихи томдар тарауларынан ойып тұрып орын алған Талас жазуы, Қаратау сілемдерін қуалаған ежелгі қоныстар шоғыры, Қарасай-Мойнақ петроглифтері, Мерке-Жайсаң жауһарлары түркі өркениетінің түп тамырымен біте қайнасқан құндылықтар екендігін сезінесіз! Бүгінгі ұрпақ парызы - осынау құндылықтардың қуат-күшін, кескін-келбетін бүгінгі ұрпаққа рухани ұлағат ретінде ұсынып, болашақ ұрпаққа Ата-Аманат санатында табыстау, әлем жұртына түмен жылдар түрен тимеген тың жаңалық ретінде жеткізе білу болса керек.

Енді міне оның да орынды орай келіп тұр. Ол орай - әлемдік қауымдастықтың, ең алдымен инженерлік ақыл-20160905215439ойының жетістіктерін әлем талқысына салатын, Тәуелсіз Қазақ Елінің төрінде түңғыш рет ашылып, әлемнің әр түкпірінен келетін 5 миллион адамды асыға күтіп отырған сарабдал іс-шара - «ЭКСПО-2017» көрмесімен байланысты. Өткен 2016 жылдың қазан айында аталып өткен Қазақ Хандығының 550 жылдық мерекесі қарсаңындағы қарбалас жұмыстардың нәтижесінде ежелгі Тараз тағы да бір түледі, 2100  жылдық тарихы бар ежелгі қаламыздың ажарына ажар қосар игілікті істер атқарылды. Сәулетті ғимарат-құрылымдар - «Ежелгі Тараз» музейі, тамашалау-шолу мұнарасы, «Достық үйі» бой көтерді, кешенді археологиялық зерттеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді, еліміздің тарихындағы тұңғыш ашық аспан астындағы музей ашылды. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған ежелгі жәдігерлерді музей сөресіне орналастыру жұмыстары жақын мерзімде аяқталып, мәңгілік мұралардың көпшілік көзайымына айналар сәтіне де санаулы күндер қалды. Амандық болса, келер жылы әлем жұртына өз есігін Қазақ Елінде айқара ашатын «ЭКСПО-2017» Көрмесінің қонақтары, көрме аясында өтетін арнайы бағдарламаға енгізілген Тараз бағыты бойынша киелі мекенімізге ат басын бұрмақ.

 Әлемнің әр түкпірінен келген қонақтар тарихи мұраларға тұнып тұрған өлкеміздегі «Ежелгі Тараз», «Айша бибі», «Қарахан», «Тектұрмас», «Ақыртас» нысандарының кез келген қонаққа жасқанбай көрсетуге татырлық келбетін тамашалап, олардың деңгейі биік тарихымен танысатын болады. Ол үшін арнайы бағдарлама жасадық, кәдесый өнімдерін шығару, тіл мамандарын іріктеу жұмыстарын да қолға алып жатырмыз. Сонымен бірге, қорық-музей мамандарынан жасақталған топ «ЭКСПО-2017» көрмесі қонақтарына арналған арнайы көрме жасақтап Астана қаласына іс-сапармен барады, олар бір ай бойы қөрменің мәдени іс-шараларға арналған арнайы залында «Шырағдандар шеруі» атты көлемді экспозиция құрып көрме қонақтарына қызмет көрсетеді. Онда Тараз тарихына арналған бейнефильм көрсетіліп, Әулие-Ата-Тараз топырағында мәңгілік мекенін тапқан киелі жәдігерлер жайында түсірілген фото-бейне өнімдері көрсетіледі. Арнайы көрменің негізгі арқауы - Тараз жерінде әр жылдары жүргізілген археологиялық, ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде табылған, біздің ата-бабаларымыздың өткен өмір-кешкен ғұмырынан, олардың ұлттық-ұлыстық мәдени-рухани деңгейі мен шеберлік мектептерінен хабар беретін жәдігерлерден тұратын болады.

"Жоғарыда айтып өткеніміздей, «ЭКСПО-2017» көрмесінің Ежелгі Тараз мәдени-туристік бағытының ауқымы Жамбыл облысының, ең алдымен, тарихи-рухани, мәдени-әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңінен қамтып, өлкемізде туристік кластердің дамуына игі ықпал ететіндігіне сеніміміз мол. Яғни, іс-шараның жауапкершілік деңгейі биік те мәртебелі", - дейді Алмас Мұхтаров.

Сұхбат

PhotoRoom