Жамбылдықтар Паралимпиада ойындарының жеңімпазына арманындағыдай үй салып бермек

Аймақ
27.09.2016, 22:34

Жамбылдықтар Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зүльфия Габидулинаға арманындағыдай үй салып беруге уәде етті. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгін Рио - де Жанейро Паралимпиада ойындарының алтын жүлдегері Зульфия Габидуллина туған жері Таразға оралды. Спортшыны Әулиеата әуежайында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен қала тұрғындары қарсы алып, құрмет көрсетті.

-Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесі қарсаңында бәрімізді үлкен қуанышқа бөлеп, елімізді әлемге танытып жатқан жамбылдық спортшыларымыздың жеңісі, тек облысымыздың ғана емес бүкіл еліміздің жеңісі деп ойлаймын.  Қасиетті әулиеата өңірі спорт саңлақтарымен танымал. Солардың бірі-Зүльфия Габидулина. Жерлесімізді жеңісімен құттықтай отырып, облыс әкімдігінің қолдауымен Зүльфияға сыйлық ретінде алдағы уақытта өзі армандағандай үй салып беруді ұйғардық, - деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев.

Сондай-ақ спортшыға "Халық банкі" АҚ-ы 3 млн. теңгенің сертификатын тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, дәстүрлі Паралимпиада ойындарының 100 метр қашықтыққа еркін жүзу стильде ел тарихында тұңғыш рет жерлесіміз Зульфия Габидуллина жүзуден жеңімпаз атанып, жаңа әлемдік рекорд орнатқан болатын.

Сонымен қатар спортшы еркін стильмен 50 метрге жүзумен төртінші нәтиже көрсетіп және шалқасынан 50 метр жүзуге алтыншы орынға ие болды.

50 жастағы жүзуші Азия ойындарының жеңімпазы болып, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Қазақстандық спортшы әлемдік рейтингінде ең мықты паралимпиадалық сегіз жүзушілер арасына кіреді. Рио 2016 Паралимпиададағы рекортың қосқанда оның шотына барлығы 5 әлемдік рекорд кіреді.

Енді алтын медаль иегері Токиода өтетін Паралимпиада ойындарына әзірленуге ниетті, онда өзінің рекордын жаңартпақ.

Сұхбат

PhotoRoom