Жамбылда Бизнес-омбудсмен жүйелі түрде жүргізіліп отыр

Аймақ
30.09.2016, 22:58

sam_1371Жамбыл облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Елбасының «5 институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» - Ұлт жоспарының жүзеге асырылу барысы бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Онда Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Сыдықов Ұлт жоспарының 54-ші қадамында айтылған «Кәсіпкерлер құқын қорғаудағы Бизнес-омбудсмен институтын нығайту» бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Президенттің «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» 2014 жылғы 27 ақпандағы Жарлығына сәйкес, Үкіметке Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлін күшейтуге, соның ішінде Бизнес-омбудсмен институтын енгізу арқылы күшейту қарастырылған заң жобасын әзірлеу туралы тапсырма берілді.

2016 жылдың 1 қаңтары күні қолданысқа енгізілген Кәсіпкерлік кодексінің 28-ші тарауында Бизнес-омбудсменнің құқықтық мәртебесі егжей-тегжейлі баяндалған.

Бизнес-омбудсмен – Қазақстан үшін жаңа институт. Оның биік мәртебесі мен кең өкілеттілігі қазақстандық бизнестің жүйелік мәселелерімен, шенеуніктердің өктемдігі мен және заңнаманың жетілдірілмеген тұстарымен тиімді күресуге мүмкіндік береді.

Бизнес-омбудсменнің басты міндеттеріне кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және олардың өтініштерін қарау жатады. Уәкілдің атына келіп түскен әр өтініш бақылауға алынып, оны Бизнес-омбудсмен аппаратының қызметкерлері қарайды. Бір де бір өтініш заңдық түсіндірмесіз және жауапсыз қалдырылмайды.

Үстіміздегі жылдың 19 ақпанында Мемлекет басшысының Өкімімен Болат Әбілқасымұлы Палымбетов Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалды.

Маусым айында Бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов Жамбыл облысында іссапармен болды. Облыс әкімі мен және облыс прокурорымен кездесіп, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңес пен Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі облыстық кеңестің бірлескен отырысына қатысты. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлермен есеп беру кездесуін өткізіп, өңір бизнесінің өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, Бизнес-омбудсмен жергілікті кәсіпкерлердің жеке сұрақтары мен проблемары бойынша қоғамдық қабылдау өткізді.

«Қазақстан кәсіпкерлерінің құқытарын қорғау жөніндегі уәкілмен болған жеке кездесу барысында барлығы 11 өтініш түскен болатын. Оның ішінде «Агабек-Заде Джаангир» жеке кәсіпкерлігінің тауарлы-материалдық құндылықтары мен жылжымалы мүлкін заңдастыру тұрғысындағы мәселесі Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының пәрменімен шешімін тапты»,- деді Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Сыдықов.

Ол сонымен қатар Бизнес-омбудсменмен болған кездесу барысында отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша көтерілген жүйелі проблемаларға да кеңінен тоқталып, түсінік берді.

 

Сұхбат

PhotoRoom