Жаңа өндіріс кәсіпорындары бой көтеруде

Аймақ
01.10.2016, 23:53

Қаратау қаласында соңғы кездері кен өндіру кәсіпорындарын ұлғайтумен қатар, осы өңірдің тағы бір бағалы қазынасы - мәрмәр тасын өңдеп шығаратын жаңа зауыттың құрылыс жобасы да дайындалуда.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, бұл зауыт іске қосылған жағдайда жылына 110 мың тонна мәрмәр тасты өңдей алатын көрінеді. Бұл да кеншілер қаласында «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын жүзеге асырудың міндетінен туындайтын ірі жобаның біріне айналып отыр,-деп жазады inform.kz.

Бұл тұрғыда елімізде Елбасының 2012 жылғы қаңтар айындағы халыққа Жолдауында атап көрсетілген міндеттерге сәйкес «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жыл­дарға арналған бағдарламасы» іске асырылуда. Қаратау да осы моноқалалардың са­на­тына жататын болғандықтан, ілгері да­му­дың осындай сындарлы жолын таңдап отыр. Қаладағы қазіргі жасалып жатқан іс-қимылдың барысына қарап, мұнда қай бір салада болмасын үлкен ір құлшыныстың бар екендігін байқауға болады.

Аталған бағдарлама шын мәнінде де өндірісті қаланың дамуына, гүлденуіне, сәулеттік жағынан көркейіп, абаттандырылуына ерекше серпін беруде. Бұл мақсатқа 2013-2015 жылдарға республикалық бюджеттен - 1,9 млрд. теңге ал, жергілікті бюджет есебінен 76,8 млн. теңге қаржы бөлінген екен.

Биыл өңірлік Индустрияландыру картасына енгізу үшін жылына 110,0 мың тонна мәрмәр тасын өңдеп шығаратын зауыттың құрылысы жобасы дайындалуда. Құны 1946,0 миллион теңгені құрайтын бұл жобаны «Қаратау Про» ЖШС жүзеге асырмақ. Қазіргі таңда мұнда итальяндық құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Зауытты іске қосқан жағдайда 60 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда 100 адам жұмысқа тартылып отыр. Сондай-ақ, 4 тапсырыс алушы қосалқы кәсіпорындар да жұмыс істейді. Зауытты биылғы жылдың екінші жартыжылдығына іске қосу жоспарлануда. Жұмыспен қамтылғандардың 85 пайызы - жергілікті тұрғындар.

Моноқалаларды дамыту бағдарламасын әзір­леп, бекітудегі негізгі мақсат - шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын ашу болып табылады. Бүгінде өндірісті қалада 365 шағын және орта бизнес субъектілері (жеке кәсіпкерлер - 288, заңды тұлғалар - 77) тіркеліп, олардың саны 2011 жылмен салыстырғанда 1,3 есеге көбейген.

Алда тұрған тағы бір маңызды іс, қаланың 102 көшесіндегі кәріз және су желілері құбырларын жаңғырту, жөндеу. Осыған байланысты, жалпы құны 1172,4 миллион теңгенің жобасы - қаладағы 3 көшені қайта жаңғыртуға былтыр 111,1 миллион теңге бөлініп, толық игерілді. Қалған қаражат 2017 жылға жоспарлануда. Жобалық құны 234,9 миллион теңгені құрайтын орталық алаң және А.Шейн, Т.Рысқұлов көшелерінің жолдарын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін 4,4 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындылары алынды. Биыл барлығы 22 көше жөнделетін болады. Бү­гінгі таңда алты көшеге асфальт жамылғысы төселіп, 4 көшеде жолға түзету жұмыстары жүргізілуде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында Шахтер көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияланды.

Биыл қаладағы 3 мөлтек аудандағы 51 үйді қайта жаңғыртуға 282,9 миллион теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.

Қаланың ішкі орамдық газ жүйелерінің құрылысына 309,96 миллион теңгеге келісім­шарт жасалынып, 2015 жылы бөлінген 88,9 миллион теңге толығымен игеріліп, тиісті жұ­мыстар атқарылды. Қалған қаражат 2017 жыл­ға республикалық бюджет есебінен бөлінбек.

Сонымен қатар, қаладағы әлеуметтік нысандарына су бұру жүйесінің және сумен жабдықтау жүйесінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржы бөлу жөнінде сұраныс берілген.

Атқарылған және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстарға қарап, моноқалалар қатарына жататын Қаратаудың болашағының зор екенін байқауға болады.

Сұхбат

PhotoRoom