Мектеп формасын сақтау – зайырлы заңнама талабы

Рейтинг
13.10.2016, 00:44

434_ca226001019e0a90bc3859081c21785dЖыл басында жарияланған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қойылатын талаптары БАҚ беттерінде біршама уақыт әңгіме арқауына айналған-ды.

Жаңа оқу жылы басталысымен осы тақырыптың қайта көтеріле бастағанына куә болып отырғандықтан, сарапшылық көзқарас пен араағайындық сөзімізді қоғам назарына қайта салуды жөн көрдік.

Мәселеге ешбір эмоциясыз, сарабдал сана көзімен қарасақ, ашығы сол – мектеп формасына қатысты биылғы талаптарда бұрынғыдан өзгеріс болған жоқ. Өйткені ҚР Білім туралы заңының сонау 2007 жыл­ғы 27 шілдедегі мәтінінің 49-бабының 3-тармағында «Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға міндетті» деп көрсетілген болатын. Ол қағидалардың бірі – орта мектептер жарғысындағы мектеп формасын сақтау еді.

Осы міндеткерлікті тиянақтай түсу мақсатында 2011 жылғы 24 қазандағы № 487-ІV заңмен «Білім туралы» заңға толықтырулар енгізілді. Аталған заңның 47-бабының 15-1-тармағында білім алушылар мен тәр­биеленушілердің міндеті ретінде: «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті» деген ереже енгізілді.

Ал 2015 жылдың 13 қарашасында ҚР Білім заңының 5-бабына білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті ретінде «орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді» (14-1) деген ереже қосылды. Оған қоса 49-бапта ата-аналар мен өзге де заңды өкілдердің, балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге, білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті екендігі тайға таңба басқандай көрсетілді.

Сондықтан мектеп формасына қатысты қа­ғи­далардың арысы он жыл, берісі бес жыл білім жүйесінде кеңінен қолданылып келе жатқанын атап айтуымыз қажет. Білім және ғылым министрлігі бар болғаны сол ережелерді айқындай түсу мақсатында бөлек құжатқа біріктіріп, талаптар ретінде жүйелеп жариялады.

Ал мектеп формасына қойылатын та­лаптар мәтінінде «діни атрибутиканың қолданылмауы» деген тіркестің қамтылуына келсек, «мектеп формасын сақтау» дегеннің өзі «басқа ешбір атрибутиканы қолданбау» дегенге саятыны белгілі. Және бұл тек діни атрибуттарға ғана емес, басқа да ерекшеліктерге тыйым салынатынын білдіреді. Мәселен, бала мектепке еркін киім үлгісімен, сәнді немесе спорттық киімдермен, жарқыраған әшекей бұйымдармен келе алмайды. Өйткені «форма» ұғымы соның бәрін реттейді.

Форма тек мектепке тән ерекшелік емес. Көптеген кәсіби салалық мекемелер оқу орны, жұмыс орны деп бөлместен, барлық деңгейлерде белгілі бір формаларды сақтауды талап етеді. Оның барлығы кәсіби, техникалық, гигиеналық, тағы басқа талаптардан туын­дай­тыны белгілі.

Мектеп формасының да көтеріп отырған өзіндік әлеуметтік-тұлғалық жүгі бар. Бірін­ші­ден, кез келген форма белгілі бір мекемеге қа­ты­стылықты білдіретіндіктен, тұлғаға сол мекеме алдындағы жауапкершілікті жүк­тейді. Екіншіден, форма – құқықтық қа­тынастар шегін айқындайтын бақылау құ­ралы. Қарапайым мысалмен өрнектесек, мектеп формасындағы бала сабақ уақытында көше кезіп жүрсе немесе компьютер клу­бында ойын ойнап отырса, кез келген учаскелік полиция қызметкерінің оның мән-жайын сұ­рап, қадағалауға құқығы бар. Үшін­шіден, біртекті форма мектеп жасындағы бала­лардың әлеуметтік тұрғыдан жіктелуіне, пси­хо­логиялық қысымдардың орын алуына жол бер­мейді, яғни «бұлақ бастан бұлғанбас» үшін форманың сақталуы қажет-ақ.

Тізе берсек, басқа да артықшылықтарды атауға болады, бірақ оның барлығы қарапайым қоғам мүшесіне де белгілі. Айтылғандарды ескере отырып, мектеп формасына қойылатын талаптарға кең түсінікпен қараған жөн.

Ендігі бір назар аударатын мәселе – жеке­ле­ген діндар азаматтар мектепте хиджабқа жол берілмеуін Конституцияға қайшылық ретінде бағалайды. Біз мұны құқықтық сауаттылықтың қарапайым деңгейін игермегеніміздің көрінісі дер едік.

Қазақстан Республикасы Конститу­ция­сы­ның 22-бабына сәйкес «әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар». Бірақ дәл осы бапта жазылғандай, «ар-ождан бостандығы құ­қығын жүзеге асыру жалпы адамдық жә­не­ азаматтық құқықтар мен мемлекет ал­дын­дағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс». Яғни, сол бостандыққа қатысты құқықтық нормаларда оның шет-шегі де айқын көрсетілген.

Ата заң ең басты құқықтық қағидаттарды айқындайды. Ал онда айтылған азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерді салалық заңдар белгілейді. Аталмыш құқықтар мен міндеттерге байланысты болатын немесе оларды шектеуі мүмкін қатынастар да сол са­лалық заңдарда көрсетіледі. Сондықтан конституциялық және өзге де заңнамалық нор­маларға сүйене отырып, «Білім туралы» заң да өз ­саласындағы тиісті құқықтық қатынастарды ай­қындады. Оның ішінде білім алушылардың мектеп формасын сақтау міндеттілігі де бар.

Дәл осы секілді Ата заң аясында әзірленген ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер ту­ра­лы» заңының 3-бабының 5-тармағында еш­кім­нің өз діни нанымдары себептері бойынша Қа­зақ­стан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқтығы атап көрсетілген.

Ал аталған заңның 3-бабының 8-­­­­­тар­мағында ата-аналардың балаларды өз на­нымдарына сәйкес тәрбиелеуіне мемлекеттің араласпайтыны айтылған. Бірақ осы нормада да ескерту ретінде: «мұндай тәрбиелеу баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершілігін шектеген... жағдайларды қос­­пағанда» деген қағидаттың тұрғанын естен шы­ғармау қажет. Бұл жерде де араласпау әре­ке­тінің заңдық шектері айқын көрсетілген.

Сондықтан «Білім туралы» заңның білім мекемесінің ішкі тәртібін сақтау мақсатында мектеп формасына қойған талаптары аза­мат­тар­дың ар-ождан бостандықтарын бұзбайды, керісінше, олардың заңнамалық нормаларға кең түсінікпен, ашық азаматтық тұрғыдан қа­ра­уын міндеттейді. Әрбір саналы азаматтың заң қағидалары ар-ождан бостандығын қам­тамасыз етумен қатар, мемлекет алдындағы мін­деттер мен жауапкершіліктерді қоса жүктейтінін есте тұтқаны абзал.

Мектепте хиджабқа рұқсат етілмеуіне на­разы кейбір азаматтар хиджаб киюді мұ­сылмандықтың тікелей көрінісі ретінде тү­сін­діруге тырысады. Бірақ ислам шариғаты бо­йынша мұсылмандықтың негізгі шарты – иман келтіру. «Лә иләһә илла Аллаһ, Мухаммад расулаллаһ» деп иман келтірген, осы кәлиманы тілмен айтып, жүрегімен сенген адамның мұсылман екеніне шүбәлануға ешкімнің құ­қығы жоқ. Қазақстан мұсылмандары үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи мәзһабының не­гізін салған Әбу Ханифа (Имам Ағзам): «Кім Алланы және одан түсірілгендерді тілмен де, жү­рекпен де мойындаса, онда ол Алланың ал­дында да, адамдар үшін де мұсылман» деп жазады.

Хиджаб мәселесіне ойыссақ, мұсылман әйелдердің орамал тағуы Құранда бұйырыл­ғандықтан, ол парыз амал болып есептеледі. Парызды мойындамау – күпірлік, ол діннен шығуға алып барады. Ал орамалдың парыз екенін мойындаса, бірақ белгілі бір себептермен (біздің мысалымызда – мектеп формасын сақтау қажеттілігінен) таға алмаса, ол әйел немесе қыз бала мұсылмандықтан шыққан болып саналмайды. Яғни, жүрегінде иманы бар болса, орамал тақпаған әйелді «мұсылман емес, кәпір» деп ешкім айта алмайды. Керісінше, бұл жағдайда Мұхаммед пайғамбардың: «Кімде-кім бауырына: «Ей, кәпір!» десе, егер ол адам шынымен кәпір болмаса, онда айтқан адамның өзі кәпір болады» деген қатаң ескертуін есте ұстау орынды. Ислам шариғаты бойынша иман келтірген мұсылман адамды «кәпір» деп айыптауға болмайды.

Орамалдың парыз екеніне сену – иман мәселесі, ал оны тағу – амал мәселесі. Иман бөлек те, амал бөлек. Амал иманның бір бөлігі де, тікелей көрінісі де емес. Бұл жайында Әбу Ханифа Имам Ағзам былай деп жазады: «Алла Тағала иманды амалдардан артық етіп бекітті. Мүминдерді құлшылық етуге, зекет төлеуге, ораза тұтуға, қажылықты өтеу­ге ұмтылдыратын, Аллаға иман келтіруге ша­қыратын зекет, ораза немесе қажылық амалдары емес, керісінше, олардың имандары. Бұл – осылай, өйткені олар алдымен иман келтірді, содан кейін амалдарды орындауға көшті. Аллаға деген сенім оларды діни парыздарды орындауға жұмылдырды, ал керісінше (болған жоқ, яғни), діни парыздар Аллаға деген иманды олардың жүректеріне қондырған жоқ».

Имам Ағзам әйелдердің белгілі бір жағ­дайларда Алла Тағаланың рұқсатымен на­маз оқи алмайтынын – парыз амалды орын­да­май­тынын айта келіп: «Егер иман мен амал бір десек, намаз оқымай жүрген кездерінде әйелді иманы жоқ деуге тура келер еді. Бірақ бұл олай емес, сондықтан иман мен амал бір емес» дейді.

Егер орамал мұсылмандықтың басты кө­рінісі болса, иманды жүректен бір сәт те өшіруге болмайтыны секілді, орамалды бір сәт те шешуге рұқсат берілмес еді. Бірақ ислам шариғатында олай емес – балиғатқа толған қыз бала мен әйел адам жақын туыстарының көзінше (ер адам болса да) орамалсыз, тұм­ша­лан­бай жүре алады. Бұл туралы талай дәлел-дәйектер келтіруге болады, бірақ қысқарта айтсақ – иман орамалмен бірге алынып-салынып тұратын заттық дүние емес.

Мұхаммед пайғамбардың өз хадисінде: «Мұ­­сылман дегеніміз – қолымен және ті­лімен мұсылманға залал келтірмеген адам» деген. «Алла Тағала сіздердің сырт көрі­ніс­теріңізге қарамайды, жүректеріңіз бен амал­дарыңызға назар салады» деген хадис те бар. Сондықтан мұсылмандықты тек формамен байланыстыруға әуестену жөн емес.

Исламның шынайы рухын терең сезінген кешегі қазақ «иманды» деп жүрегінде берік сенімі бар, терең адамгершілік қасиетке ие, ізгі мінез-құлықты жанды айтқан. Аталарымыз қашанда жүректегі иманды басты орынға қойған, «Сырт тазасы не керек, Тазарт әуел ішіңді» деп риякерліктен тыйған. «Сыртқа қасиет бітпейді, Алла Тағала қарайтұғын қалыбыңа (жүрегіңе), боямасыз ықыласыңа бітеді» деген Абай ақын да осы қисынмен пайымдаған. «Мұсылманшылық кімде жоқ, Тілде бар да, ділде жоқ» деп назаланған Әбу­бәкір Кердері қазақтың болмысына біткен жүректегі иманын жоқтады. Иман мен исламды ажыратып қарамаған қазақ өз танымын осылай өрнектеген болатын.

Өткен жылы біздің орталық еліміздің барлық аймақтарында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 11000-ға жуық адамды қамтыған 200-дей іс-шара өткізді. Шаралар барысында 2105 адамнан сауалнама алынды. Оның 459-ы мектеп оқушылары болатын.

Бір ерекшелігі, сауалнама алу кезінде де, фокус-топтық талдаулар барысында да оқушылардың еркін сөйлеуіне, ашық пікір білдіруіне мүмкіндік берілгеніне және сауалнамалардың анонимді түрде толтырылғанына қарамастан, оқушылар тарапынан бірде-бір рет хиджаб кию мәселесі көтерілмеді.

Бұл мәселе сауалнамаға қатысқан 305 жергілікті тұрғын тарапынан да көтерілген жоқ. Мәселеге тек фокус-топтық талдауға қатысқан 330 мұғалімнің бірнешеуі назар аударды, оның өзі «Мектепте хиджаб кию мәселесі көтерілген жағдайда оған қандай заңдық негіздер бойынша жауап берген жөн?» деген алдын алу шараларына қатысты сауал болды.

Айтылғандардан аңғаратынымыздай, мектептегі орамал мәселесіне қатысты айтарлықтай қызығушылық үрдісі бай­қал­майды. Бұл мәселені қоздырып, қоғамдық пікір туындап жатқан секілді етіп көрсетіп, санаулы адамдардың көмегімен қолдан пікірталас ұйымдастырып жататындар көп жағдайда заң талаптарын толық түсініп-білмеген, діннің формалық жағына мән беріп, мазмұндық қырын назардан тыс қалдырған азаматтар немесе ішкі тұрақтылыққа сына қаққысы келетін мүдделі тұлғалар.

Сөз соңында мына мәселелерге назар аударуды жөн санар едік. Зайырлы мемлекет заңнамалары белгілі бір діни бірлестіктің мақсатын емес, тұтас азаматтық қоғамның мүддесін көздей отырып жасалады. Заң­ талаптары мен тыйымдары барлық дін өкілдеріне ортақ. Яғни, мектептегі зайыр­лы­лыққа қатысты ұстанымдар тек ислам дініне ғана емес, басқа діндерге де тікелей қатысты. Мектеп формасына байланысты талаптар хиджаб киюді ғана емес, өзге де діндер элементтерін пайдалануды шектейді. Өйткені кез келген атрибутика, символ, элемент белгілі бір дәрежеде өзі қатысты болып табылатын сенімді насихаттауды білдіреді. Барлық дін­дердің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ететіндіктен зайырлылық қағидаттары жеке бір дінді ерекшелеуге жол бермейді.

Екіншіден, барлық дін өкілдерінің ортақ заң талаптарына бағынуын талап ету көп конфессиялы еліміздегі ішкі тұрақтылықты сақтаудың бірден-бір тетігі. Дінаралық қақ­тығыстардың орын алмауына мемлекет азаматтары да мүдделі болып, оған заң нор­маларын сақтау арқылы үлес қосуы тиіс.

Үшіншіден, осы аталғандардың барлығы заң талабы, мемлекет басшысының шешімі. Ал ислам шариғаты тұр­ғы­сынан алғанда, заңға және басшыға мойынсыну міндетті. Оларға қарсы шығу исламда бүлік шығарушылық ретінде айыпталады. Құранның «Бақара» сүресінде «Бүлік шығару – кісі өлті­руден де ауыр күнә» деген аят бар. Бұл мұсылман үмбетінің зайырлы заңнамаға да құрметпен қарауын міндеттейді.

Қазақстан Республикасында діни сенім бостандығы қамтамасыз етілген. Өзге дін өкілдерімен қатар мұсылман азаматтар да бес парызын өтеп, діни құлшылықтарын кедергісіз жүзеге асыруда. Ал мектеп қабырғасында хиджабқа рұқсат берілмеуі білім мекемесінің ішкі тәртібін зайырлылық қағидаттарына сай сақтау мақсатында ғана жасалады. Мектептен тыс орындарда бұл мәселеге қатысты ешқандай тыйымдар көзделмеген. Сондықтан мектептегі хиджаб мәселесін көтеруші азаматтар сенім бостандығына мүмкіндік беретін заңға және басшыға бағынудың әрі азаматтық міндет, әрі мұсылмандық парыз екенін түсінгені жөн.

Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ,

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры 

 

Сұхбат

PhotoRoom