Жамбылда ширек ғасырда нәресте өлімі 69,2% төмендеген

Аймақ
18.10.2016, 22:50

img_1726Бүгін облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Жұманқұлов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Тәуелсіздігімізді алғаннан бергі 25 жыл ішінде, 80 жылға жуық тарихы бар облысымыздың денсаулық сақтау саласы, күннен - күнге ерекше қарқынмен дамып келетіндігіне тоқталды.

Марат Жұманқұловтың айтуынша, соңғы кездері мемлекетіміз саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірдің барлық салаларында орасан зор өзгерістерге қол жеткізді. Оның ішінде басты байлық – денсаулыққа, яғни тұрғындар денсаулығын арттыруға баса назар аударылуда. Себебі, ел Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің әр жылғы халыққа арналатын Жолдауында тұрғындардың денсаулығын жақсартуды басты мәселелердің бірі етіп қойып келеді.

Ұлт денсаулығының деңгейі - мемлекеттің даму көрсеткіші болып табылады. Сондықтан да болар, жылдан - жылға денсаулық саласына бөлінетін қаражат көлемі де молайып, алдын - алу, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы да жақсара түсуде. 25 жыл ішінде Жамбыл облысының медицинасы да көптеген қиындықтардан өтті, біршама белестерді бағындырды.

Атап айтар болсақ, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлеміне 2005 жылы - 9,2 млрд. теңге бөлінсе, 2016 жылы - 40 млрд. теңге бөлінді, яғни 11 жыл ішінде ол - 4,4 есеге арттырылды.

2016 жылдың 1 - қыркүйегінде бөлінетін қаражат көлеміне жоспар - 38,4 млрд. теңгені құраса, оның ішінде жергілікті бюджеттен - 14,1 млрд. теңге, республикалық бюджеттен - 24,3 млрд. теңге болды.

Атқарылған мақсатты шаралар арқасында денсаулық сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштердің төмендеуі байқалды: Жалпы өлім-жітім көрсеткіші соңғы 25 жылды талдау арқылы (1992 ж. - 7,9, 2016 ж. - 6,0) 1992 жылдан 24,0 пайызға төмендеді. Аналар өлім - жітімі көпжылдық талдау нәтижесінде (1992 ж. - 33,5, 2016 ж. - 17,2) 1992 жылдан 48,6 пайызға төмендеген. Нәрестелік өлім (1992ж. - 33,5, 2016ж. - 10,3) 1992 жылдан 69,2 пайызға төмендеген.

Денсаулық сақтау нысандарын соғу екпіні де жоғары. Егер, 1991 жылдан 2009 жылға дейін 27 денсаулық сақтау нысаны соғылса, 2009 - 2015 жылдар аралығында 92 нысан ел игілігіне пайдалануға берілген.

Биылғы жылы Меркі ауданы Меркі ауылындағы жалпы сметалық құны - 1,8 млрд.теңге болатын 250 келушіге арналған аудандық емхана құрылысын жалғастыруға республикалық және облыстық бюджет есебінен 1,06 млрд. теңге қарастырылып, оның - 932,0 млн.теңгесі игерілді, - деді Марат Сейтбекұлы.

Сұхбат

PhotoRoom