ҚАЗАҚСТАН ДЕЛЕГАЦИЯСЫ РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО ҚАЛАСЫНДА ӨТІП ЖАТҚАН XXIV ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТАУ-КЕН КОНГРЕСІНЕ ҚАТЫСУДА

Жаңалықтар
20.10.2016, 08:05

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Жауапты хатшысы Замир Сағынов бастап келген Қазақстанның ірі тау-кен компанияларының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ғылыми-зерттеу институттарының, «Iteca» көрме компаниясының өкілдерінен тұратын қазақстандық делегация Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан XXIV Дүниежүзілік тау-кен конгресінің жұмысына қатысуда.

18 қазанда басталған іс-шараға 34 елдің 2000 астам өкілдері, оның ішінде үкімет мүшелері, ғылыми қайраткерлер, халықаралық мамандандырылған ұйымдардың қызметкерлері, тау-кен кәсіпорындарының басшылары, Бразилияда аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері бар.

Тау-кеншілер съезінің бағдарламасы халықаралық ұйымдастырушы комитеті отырысының, конгресс пленарлық отырысының, тау-кен саласындағы соңғы жетістіктерді тамашалайтын көрменің, ғылыми-техникалық жұмыстар мен жобалар конкурсының өткізілуін көздейді. Қатысушылар пайдалы қазбалар кен орындарын барлау, тау-кен және жерасты жұмыстарын жүргізу, автоматтандыру және роботты техниканы пайдалану, тау-кен өнеркәсібі саласындағы инновациялар секілді маңызды мәселелерді талқылайтын болады.

Конгрестің бірінші күнінде ҚР ИДМ-нің Жауапты хатшысы пленарлық отырыс барысында қазақстандық тау-кен өнеркәсібінің негізгі бағыттары мен оның даму болашағы туралы хабарлап, халықаралық ұйымдастырушы комитетінің мүшелерін XXV Дүниежүзілік тау-кен конгресін дайындау бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.

 «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ көрме барысында тау-кен-металлургиялық кешеніне, еліміздің инвестициялық саясатына, экспорттық әлеуетіне, сондай-ақ  «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған ұлттық стендты ұсынды.

21 қазанда конгрестің қорытындылары бойынша қазақстандық тарапқа 2018 жылғы 19-22 маусымда Астанада өтетін келесі конгресті өткізу құқығына иелендіретін «май шамын» тапсыру рәсімі жоспарланып отыр.

ҚР-дың Бразилиядағы Елшілігі

Сұхбат

PhotoRoom