Жуалыдағы күн электр станциясы 30 мың үйді жарықпен қамти алады

Аймақ
20.10.2016, 22:47

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық телекөпір барысында Жамбыл облысында Орталық Азиядағы қуаттылығы 50 мегаватт болатын «Бурное Солар-1» ірі күн электр станциясы іске қосылған болатын, - деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

Құны 23,5 миллиард теңгені құрайтын аталған жоба қазір ел игілігіне жарап отыр. Мұнда 192 мың энергия өндіретін күн панельдері қолданылады және бұл нысанда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Азияда теңдесі жоқ күн электр стансиясының құрылыс жұмыстарына  Еуропадан мамандар тартылған. Олар 2014 жылы құрылыс жұмыстарын бастап, бір жылдың ішінде үлкен жобаның жүзеге асуына ықпал етті.

Жыл соңына дейін станцияның қуатын 100 мегаваттқа дейін арттыруды жоспарланған болатын, бұл өз кезегінде 30000 үйді энергиямен қамтамасыз етуге жетеді деген сөз. Бұл үшін 220 киловольтты станция дайындалып та қойған.

Күн электр станциясының пайдалануға берілгеннен бастап жалпы өндірілген электр энергиясының көлемі 78 млн.квт/сағат. 2015 жылдың 3 шілдесінен бастап жыл соңына дейін 1 млрд. 238 млн.256 мың теңгеге 38 666,9 мың кВт электр энергиясы өндірілген.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Жамбыл облысы баламалы энергия көздерін дамытуда және оны пайдалануда республика бойынша алдыңғы орында келеді. Аймақта осы салада 12 инвестициялық жоба әзірленуде.

Сұхбат

PhotoRoom