Сапарбаев Австрияға сапарлады

Аймақ
31.07.2014, 13:17

Қазақстан Республикасының Австриядағы Елшілігімен және Құрметті консулы доктор Г.Небельдің ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың 28 шілдеде Штирия федералдық жеріне (Австрия) танысу сапары болып өтті.

Б.Сапарбаев пен Штирия үкіметі басшысының орынбасары Христиан Бухманның арасында болған кездесу барысында ШҚО мен Штирияның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы толыққанды пікір алмасу өтіп, ынтымақтастықтың әр алуан салаларында өңіраралық өзара іс-әрекеттің көкжиектері талқыланды. Соның ішінде, экономика жүйелерінің ұқсастығы  (автокөлік жасау, металлургия, туризм, энергияның балама көздері, экология, мәдениет, медицина және ауыл шаруашылығы) және екі өңірдің ғылыми-зерттеу орталықтарының жүйелері өзара тиімді байланыстарды орнатудың негізі бола алатыны атап өтілді.

Штирияның Экономика палатасы, Бизнесті шетелге тарту орталығы және Өнеркәсіп бірлестігінің басшыларымен кездесу барысында Б. Сапарбаев ШҚО экономикасына Штириядан инвестицияларды кең тартуға және озық технологияларды енгізуге мүдделі екендігін атап өтті. Экономиканың нақты салаларында ынтымақтастық орнату мақсатында жақын арада тараптардың мамандар делегацияларымен алмасу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

1,2 млн. халқы бар Штирия федералды жері Еуроодақтың серпінді даму үстіндегі өңірі болып табылады. Оның экономикасының негізі - өнеркәсіп және оның өнімінің үштен екісі экспортқа және халықаралық серіктестікке бағытталған.Штирияның экономикалық табысы ең алдымен инновацияларды дамытумен байланысты: бұл федералдық жер Еуропаның 300 өңірінің ішінде зерттеу үлесі бойынша 2-ші орынды иеленіп отыр.

ҚазАқпарат

Сұхбат

PhotoRoom