Дәурен Абаев үздік ұлттық бренд байқауында ақылы SMS-ке қатысты түсініктеме берді

Жаңалықтар
21.10.2016, 22:52

20161021162927Қазақстанның ұлттық бренді байқауы аясында ақысыз болу тиіс SMS-хабарламаны ұялы байланыс операторларының бірі ақша ұстап қалып отырған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті,-деп хабарлайды  ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде байқау бойынша кейбір ескертулер пайда болды, яғни операторлардың бірі дауыс беруге ақша ұстай бастаған. Техникалық тұрғыда бұл мәселе түзетілді. Барлық SMS-хабарламалар ақысыз болуы тиіс. Дауыс беру үшін ақша алған операторлар оны қайтадан азаматтарға қайтарып береді»,-деді министр.

Осы ретте ол Қазақстан халқын ұнаған логотипке белсенді түрде дауыс беруге шақырды.

«Өздеріңіз білесіздер, ҚР Ұлттық брендін анықтау бойынша байқау биылғы жылдың 31 тамызынан 15 қазанына дейін өтініштер қабылдау жүргізілді. Жалпы осы уақытқа 966 өтініш келіп түсті, солардың 794-і дауыс беру кезеңіне жіберіледі. 172 жұмыс ереженің талаптарына сай болмағандықтан, келесі кезеңге өткен жоқ. Байқаудың мақсатына тоқталатын болсам, қазіргі күні кез келген мемлекет ең алдымен елдің имиджіне назар аударады. Өйткені, бұл инвестицияны және туристерді тартудың бірден бір жолы. Әрине, ұлттық брендке ең алдымен сол мемлекеттің шынайы жетістіктері негіз болуы керек екенін жақсы түсінеміз. Сонымен қатар елдің имиджін ілгерлету үшін бір көргеннен есте қалатын айрықша символика қажет»,-деді министр.

Қазіргі уақытта байқаудың бірінші кезеңі, яғни интернет-қолданушылардың дауыс беруі өтіп жатыр. Барлық түскен жұмыстар министрліктің ресми сайтында орналастырылған. Әрбір адам ұнаған жұмысқа SMS-хабарлама жіберуі арқылы дауыс бере алады. Дауыс беру 15 күн ішінде жүргізіледі.

Дауыс беру нәтижесі бойынша ресми сайтта ең көп дауыс жинаған және екінші кезеңге өтетін кемінде 5 үміткер анықталады. Осы кезеңде авторлар Сарапшылық кеңесте өздерінің тұжырымдамаларын таныстырады. Атап айтқанда, жеңімпаз 5 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық алады, ал байқаудың екінші кезеңіне өткендердің барлығына 200 000 теңгеден тапсырылады.

Сұхбат

PhotoRoom