Сенатор Қалетаев!

Жаңалықтар
28.10.2016, 16:02

58121ebe29ba9photo_30884Мемлекет Басшысының Жарлығымен Дархан Аманұлы Қалетаев ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.

Көпшілік Парламенттің жоғарғы палатасына «Қарттар үйі» деп ат қойып, айдар тағып үлгерген еді. Сол себепті сенаторлық мандатқа ие болған Дархан Аманұлының баруын қоштағандар жиі кездесті. Көпшілік жоғарғы палатаға жаңа леп әкеліп, жақсы қырынан танылады десті.

Д.Қалетаев қызметін ең төменгі сатыдан бастады. 1995 жылы мемлекеттік қызметке қарапайым маман болып кіріп, 2007 жылы ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасарлығына дейін өсті. Дархан Қалетаевтың қызмет жолына үңілсек, ең бірінші «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған кезі еске түседі. «Нұр Отан» партиясы жетекшілігінде бір жылдай ғана отырғанына қарамастан, ол партияның бұрын-соңды болған жетекшілерінің арасындағы ең танымалы болды. Президентке қатысты түрлі бастама, идеяларымен көзге түсті. Президентке «Ұлт көшбасшысы» деген мәртебе беру идеясына да бастамашы болған Д.Қалетаев болатын.

Ол партия жетекшілігіне небәрі 36 жасында келді. Елбасы Қалетаевтың көшбасшылық қасиетін, біліктілігін ерте бағалады. Жас саяси технолог ретінде партия жұмысында өте белсенді жұмыс істеп, ішкі партиялық ағымдағы жұмыстарды ұйымдастыру жағынан, саяси шаралар өткізу жағынан өзіне дейінгілерге қарағанда көш ілгері болды. «Жас Отанның» қоғамдағы рөлін күшейтіп, республикалық маңызы бар облыс, қала әкімдерінің партия жұмысына етене араласуына себепші болды. Партия қатарына қоғамда абыройы бар ірі шенеуніктер мен зиялы тұлғаларды қосты.

Ол партияға келгенде «Мен бұл қызметке Елбасының нақты тапсырмаларын орындау мақсатында келдім» деп сұхбат берген еді. Өзін партиялық функционер ретінде емес, менеджер ретінде ғана санайтынын айтты. Қалетаевтың бұл сөзі оны тек саясаткер ретінде қалып қоймай, ұйымдастырушы, іскер басшы бола алатынын да меңзегендей еді.

Партия жетекшілігіндегі бір жыл, бір ай қызметінен кейін «Самұрық Қазына» қорының атқарушы директоры болып тағайындалды. Мұны сарапшылар қызметте төмендеуі деп түсіндірсе, Елбасы «әлі жас, болашағы алда» деп сенім білдірді. Әйтсе де жаңашыл кадр кейінгі қызметінде тура жеті «отырып» қалды. «Самұрық-Қазынадағы» рөлі саясаттан алшақ болды демесеңіз, өте жауапты қызметтердің бірі болатын. Ендігі ретте Дархан Қалетаев Елбасының назарына қайта ілігіп отыр. Cенаттың 15 депутатын Елбасы өзі тағайындайтынын ескерсек, Дархан Қалетаевтың саяси додаға қайта оралғанын аңғаруға әбден болады. Алдағы уақытта ең үлкен кадрлық ауыс-түйістерде Д.Қалетаевтың резервте тұратыны белгілі. Себебі, облыс басқарған әкімдердің дені Сенаттан шықты. Д.Қалетаевты да сондай даңғыл жол күтіп тұруы бек мүмкін.

Қысқаша өмірбаяны

Дархан Аманұлы Қалетаев 1972 жылы 14 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Тұғыл (Приозерное) кентінде дүниеге келген. 1994 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тарихшы мамандығы бойынша және 1996-1997 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару ұлттық жоғары мектебін тәмамдаған.

1995 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Тілдер комитетінің жетекші маманы, 1 санаттағы маман. 1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасының ұлттық саясат жөнінде мемлекеттік комитеттің бас маманы, жетекші маман. 05.1997-11.1997 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және мәдениет министрлігі Тіл саясатын үйлестіру Департаментінің басқарма басшысының орынбасары. 11.1997-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Ішкі саясат департаменті Жастар саясат бөлімінің басшысы. 2001-02.2002 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Ішкі саясат департаменті басшысының орынбасары. 02.2002 жыдың ақпан айынан қараша айына дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Жастар ісі жөнінде департаментінің басшысы. 2002-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Ішкі саясат секторының меңгерушісі, Бөлім басшысы. 2004-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Ішкі саясат Басқармасы әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі. 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі.; 2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі. 2007-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары. 2008-2009 жылдары «Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары және ҚР Президентінің кеңесшісі. 2009-2016 жылдары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры болды. 2016 жылдың қазанынан бастап ҚР Парламенті Сенатының депутаты.

Досжан МЕЙІРІМ.

 

Сұхбат

PhotoRoom