"Бірлік" ұйытқы бола ала ма?

Рейтинг
08.08.2014, 14:23

Келер жылы Қазақстанда ұлттар мен ұлыс өкілдерінің әдет-ғұрпы мен бірлігін насихаттайтын республикалық жаңа телеарна ашылады. Этносаралық телеарна ашу идеясын Қазақстандағы татар-башқұрт қауымдастығының өкілдігі ұсынды, - деп жазады kaz.tengrinews.kz "Экспресс-К" газетіне сілтеме жасап.

Этномәдени бірлестіктерінің өкілдері біз бір-біріміз туралы тым аз білеміз, алайда әр ұлтта өзінің Абайы, өзінің Шоқан Уалихановы бары анық деп есептейді. "Ертеректе біз Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия мен Арменияның телеарналарын көретінбіз. Сол уақыттарда өзге ұлттарды тануға мүмкіндігіміз бар еді. Және сол кезең өте қызықты өтті біз үшін, - деді Татар-башқұрт қауымдастығының атқарушы директоры Ринат Абдулхаликов. - Қазір кабельді пакеттегі BBC, CNN немесе Deutsche Welle секілді телеарнада көрсетілген хабарлар ғаламдық деңгейде болғандықтан, біз үшін ол мүлде түсініксіздеу болып тұр".

"Қазақстан көпұлтты мемлекет деп айтамыз. Ал эфирлерде сол түрлі ұлттар мен ұлыстар туралы көрсетіліп жатыр ма? Телеарна кестесінде иврит, украин, ұйғыр немесе неміс тіліндегі хабарлар бар ма? Сондықтан біз неге Қазақстандағы көпұлтты мәдениетті көрсететін мемлекеттік телеарна ашпаймыз. Әр ұлттың қазақ жерінде туған, өсіп-өнген өз тұлғалары бар. Бір ғана татарлардың ішінен Латиф Хамиди, Гайнан Курмашев секілді ұлы адамдар шыққан. Еліміздің әр түкпірінде махаббаттың үлгісі болып табылатын Дударайға ғашық болған өз Мария Рекинасы да бар", - деп ойын қорытты Абдулхаликов.

Басылымның мәліметінше, "Бірлік" телеарнасы келер жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы қарсаңында ашылатын болады. Бұл идеяны Ассамблеядағылар толықтай қолдап отыр.

 

Осыған орай, "Saigez" осы саланың өкілдерінің пікірін білген еді...

Қасым Аманжолұлы

Қасым Аманжол, журналист:

"Қоғамдық телеарна" керек, бутафорлы "Бірлік" емес...

Меніңше, бұл - "құланның қасуына мылтықтың басуы" дегенге келетін епті әрекет қана. Біздің елде телевизия саласы қоғамдық институт ретінде қалыптаспай жатып, еркін сөзге кепілдік жасалмай жатып, журналистерді қысымға алатын қаптаған жазалаушы заңдарды көбейтіп жатып және бір БАҚ ашам деу күлкілі әрекет. Тіпті күдікті әрекет деуге болады. Шамасы, биліктегілердің тілін тапқан бір пысықтар "халықтар достығы" деген кең шапанды жамылып ұлттық бюджеттен үлкееен бір "куш сындырғалы" жүргендей әсер береді. Қазақстанда өзге ұлт өкілдерінің өз мәдениетін насихаттауына ешқандай тыйымды көрген емеспін. Аймақтық, тіпті орталық телеарналардан да өз күйі мен биін армансыз төгілтуде. Енді жаңа арна ашудың қажеттілігі шамалы деп есептеймін. Керісінше, Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері қазақтың маңына топтасып, қазақтың тілі мен мәдениетіне бұрылғаны жөн, үй ішінен үй тікпей. Қазір елімізге демкратиялық құндылықтарға негізделген "Қоғамдық телеарна" керек, бутафорлы "Бірлік" емес...

айдос сарым

Айдос Сарым, саясаттанушы:

"Әрбір диаспораға, әрбір ұйым­шыл топқа телеарна ашу мүмкін емес"

– Мұны бір керемет идея деп айту қиын. Ассамблеяда жы­лына бір рет айтылып, ұмыты­лып қалатын идея. Біздің елде бір ғана ұлт бар. Әрбір диаспораға бөлек-бөлек телеарна ашып беріп, қолдау беретіндей асқан бай мемлекет емеспіз. Татар ба­уырлар керек болса кабельді ар­надан татардың ТНТ арнасын көре алады. Басқалар да солай. Оның үстіне елімізде диас­по­ралардың мүмкіндіктері бірдей емес. Бір арнаны ашып алып, ертең оны немен толтыру керек екенін білмей жүрсек немесе оны аудандық “самодеятельность” дәрежесінде қамтамасыз етсек, тағы да ұят. Керемет таланты та­сып жатса, қатардағы телеарна­лармен келісіп, жақсы-жақсы ха­барларды түсіруге әбден бола­ды. Әрбір диаспораға, әрбір ұйым­шыл топқа телеарна ашу мүмкін емес.

 Screenshot_1

Азамат Дүйсенбиев, журналист:

еке-жеке эфир ашу - Қазақстандағы этностардың арасын ашады"

- Пікір біреу ғана! Әр ұлтты насихаттайтын мәдени орталықтар бар. Тұтастай Ассамблея бар. Ұлттарды насихаттағысы келсе, мемлекеттік арналар бар. Әр ұлтты жеке-жеке насихаттау этностарды біріктірмейді, керісінше араздастырады. Қазақстан халқы бір тудың, бір тілдің, бір ділдің төңірегінде ұйысуы тиіс. Ол - қазақ туы, қазақ тілі, қазақтың ділі. Әр ұлтқа жеке-жеке эфир ашу - Қазақстандағы этностар арасын ашып жібереді. Әрі-беріден соң, онсызда бәрін оңды-солды шашып, қаражат таппай жатқанда тағы бір телеарна ашу қалтаға соғатыны айдан анық.

Screenshot_2Максим Рожин, журналист

"Бірлікті жарнамалау тапсырыс деңгейінде қалып отыр"

  • Ой жақсы, iске асуы қалай болар екен? Ұлттар достығын насихаттау мәдени құндылық, ал қаржы жағынан арна қалай күн көредi? Осы себептен жарнамаға қарай ойысып кетiп, ақыры мәдени емес, қаржы алып келетiн арнаға айналмаса жақсы ғой. Ондай мысалдар көп. Достық пен бiрлiктi жарнамалау мәселесi тек мемлекеттiк тапсырыс деңгейiнде қалып отыр, шынын айтсам...

қанатҚанат Әуесбай, «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының медиа директоры:

"62 мың аудитория үшін телеарна ашып, хабар тарату өте қымбатқа түседі, әрі бұл өзін ақтамайды"

- Меніңше, мұндай этносаралық тақырыпты қаузайтын телеарна бізге керек. Әлбетте, бұл телеарнада елімізді мекендейтін түрлі диаспоралардың тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрі дәріптеліп жатса, бұл ақпарат құралы біздің өз ішіміздегі халықтарды жақынырақ танып-білуге, олардың мәдениетін түсінуге сеп болар еді. Алайда... Әр бастаманың өз «алайдасы» болатыны заңды. Бұл телеарнаның тарату тілі қандай болмақ? Егер бастамашылар ұсынғандай, әр диаспора телеарнада тек өз тілдерінде хабар тарата берсе, ол хабардың аудитория аясы өте қатты шектеліп қалады. Мәселен, бізде Қазақстандағы халық саны жүз мыңға да жетпейтін диаспоралар көп. Атап айтар болса, дұңған диаспорасының саны небәрі 62 мың ғана. Сонда бұл дұңған тіліндегі хабарыңызды тек алпыс мыңнан аса халық көре алады деген сөз. Ал 62 мың аудитория үшін телеарна ашып, хабар тарату өте қымбатқа түседі, әрі бұл өзін ақтамайды. Демек, неғұрлым үлкен тарату аймағын қамту үшін меніңше, бұл телеарна мемлекеттік қазақ тілінде таратқанын жөн санаймын. Бұл бір жағынан өзге этностардың мемлекеттік тілді үйренуіне де септігін тигізбек. Сосын мұндай телеарна ешқашан коммерциялық бағытта, табыс түсіру үшін жұмыс істей алмайды. Сондықтан оның меншік иесі тұрғысынан мемлекеттік болуы тиіс. Бюджеттен қаржыландырылатын телеарна ақшадан тарықпас.

 

Сұхбат

PhotoRoom