Жамбылда сығымдау компрессорлық станциясы іске қосылды

Аймақ
03.12.2016, 00:28

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі қарсаңында Жамбыл облысында «Ақыртөбе» сығымдау компрессорлық станциясы ашылды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Құны 40 млрд-тан асатын нысанның салтанатты ашылуына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты.  Жобаны жүзеге асырушы   «ҚазТрансГаз» АҚ Ұлттық операторы. Қазақстан Республикасы газ тасымалдау жүйесінің тарихында алғаш рет газдың тасымалдау ағынын әртараптандыру үшін түрлі жобалау қысымдарымен бір газ құбырынан екіншісіне жылына 6 млрд. текше метр көлеміндегі газды айдау мүмкіндігі бар.

-Қос мерекенің қарсаңында іске қосылып отырған бұл копрессорлық станция өз қуаттылығын жыл сайын арттыратын болады. Сонымен қатар 60- тарта жаңа жұмыс орындары ашылды. Облысқа түсетін салық көлемі артады.  Әлеуметтік-экономикалық дамуға да оң септігін тигізеді деп ойлаймын. Қазіргі таңда аймақтағы елді мекендерді газдандыру мәселесі де  өз шешімін тауып келеді, -деді облыс басшысы.

«Ақыртөбе» сығымдау компрессорлық станциясы Жамбыл облысында «Бұхар газды ауданы – Ташкент – Бішкек-Алматы» (қысымы 55 кгс/см2) мен «Қазақстан-Қытай» (қысымы 100 кгс/см2) магистральдық газ құбырлары арасындағы ТІР-02 жалғастырғышында салынған. Объектіні пайдалануға беру Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып отыр, СКС құрылысы «ҚазТрансГаз» АҚ өз қаражаты есебінен қысқа мерзім ішінде салынды.

Станцияның іске қосылуымен отандық табиғи газ көлемін батыс кен орындарынан Қазақстаннан тыс жерлерге тасымалдаудың экономикалық жағынан тиімді мүмкіндігі пайда болды. Экспортталатын газдың ресурстық базасы Теңіз, Қарашығанақ, Жаңажол және Қашаған кен орындары болмақ.

Жаңа станцияның жұмысы газ құбырының учаскесі өтетін Қырғыз Республикасын айналып, республиканың оңтүстігін үзіліссіз газбен жабдықтау үшін резервтік маршрутты қамтамасыз етеді. СКС қуаты жылына орта есеппен 4,7 миллиард текше метр газды айдауға есептелген. Цехтың қосалқы жабдықтары, құбыр байламдары мен инженерлік желілер қосымша газ айдау агрегатымен қосымша жабдықтау мүмкіндігін ескеріп жобаланған, бұл газ айдау көлемін жылына 6 миллиард текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Объектіні пайдалануға беру салтанатты рәсімінде сөйлеген сөзінде «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының орынбасары Даир Көшеров: «Сығымдау компрессорлық станциясы – бұл елдің бүкіл магистральдық газ құбырлары жүйесі үшін стратегиялық маңызды объект. Сығымдау компрессорлық станциясын іске қосу бірден бірнеше міндеттерді шешеді», - деп атап өтті. Біріншіден, біз отандық газдың Қытайға баратын жолын аштық, яғни экспорттық және тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейттік. Екіншіден, Алматы қ. мен Алматы облысын үзіліссіз газбен жабдықтауды қамтамасыз еттік, ал бұл – аса ірі мегаполистің экологиясы әрі кәсіпкерлікті дамыту.  Үшіншіден, жаңа станцияның жұмысы Қырғыз Республикасының аумағындағы газ құбыры учаскесін айналып өтіп, Алматы тұтынушыларын үзіліссіз газбен жабдықтау үшін резервтік маршрутты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жаңа станциялар қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз ететінін де айта кеткен жөн. Жұмысқа жақын маңда орналасқан ауылдардың тұрғындары қабылданады. ҚазТрансГаздың ең басты міндеттерінің бірі отандық газ тасымалдау жүйесінің қуатын арттыру болып табылатынын атап өткім келеді. Бұл Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған міндеттері.

Бүгін, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай газ саласының қызметкерлері еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып отыр.

Сұхбат

PhotoRoom