Тараздықтар «Қазақтар» тарихи драмасын тамашалады

Аймақ
09.12.2016, 22:29

Жамбыл облыстық қазақ драма театрының үлкен сахнасында Қазақ хандығының құрылу және қалыптасу тарихы баяндалатын Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтар» атты тарихи драмасы сахналанды,-деп жазады zhambylnews.kz сайты.

Аталған драманы көруге 349 көрермен келді. Олардың ішінде белгілі тарихшылар, ұстаздар, жазушылар, журналистер, жалпы көрермен қауым, сонымен қатар, жоғары сынып оқушылары мен студент жастар да болды.

Драма оқиғасы 1465 жылы Дешті-Қыпшақ Ордасы ыдыраған кезде Әбілхайыр ханнан бөлініп шыққан  Керей мен Жәнібек сұлтанның Жетісу жеріндегі Шу алқабына келіп, қоныстанып, Қазақ хандығы  Ордасын құруынан басталады. Алайда, Әбілқайыр ханның немересі, Өзбек ханы Мухаммад Шайбани жаңа құрылған Қазақ хандығы Ордасына  қарсы әр түрлі қастандық әрекеттер жасауын тоқтатпайды.

Осы кезде Жәнібек ханның баласы Қасым сұлтан билікті өз қолына алып,  Мұххамад Шайбаниге қарсы табанды күрес жүргізеді.  Ақыры   ұрыста  Қасым хан жеңіп шығады. Сөйтіп, ежелгі Тұран даласын  мәңгіге  Қазақтың еншісіне қалдырады.

Аталған қойылымды көрген көрермендер драмадағы Қазақ хандығының құрылу сәті мен Қасым ханның мемлекеттігімізді нығайту мақсатында  сырт жаулармен  болған күресте көрсеткен  қайыспас қайсар істері  мен ерліктерін асқақ рухта қабылдап, тамашалады.

Сұхбат

PhotoRoom