Жамбыл облысында 5 нысан ЮНЕСКО-ның адамзат құндылықтары тізіміне енгізілген

Аймақ
12.12.2016, 00:44

20161102222005Жамбыл облысында 5 нысан ЮНЕСКО-ның адамзат құндылықтары тізіміне енгізілген Бұл туралы Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Тәкен Молдақынов мәлім етті.

Осы жылдың 11 айында атқарылған жұмыстарды баяндаған ол БАҚ өкілдеріне  Жамбыл облысының аумағында жүздеген тарихи мұралар орналасқанын атап өтті. Мәселен, жалпы тарихнамада «Шу - Талас аңғары» деп аталатын атаумен белгілі өлкедегі мұралар, отандық тарихнаманың белді нысандары болып табылады. 2100 жылдық тарихы бар Тараз қаласы тарихының өзі, жалпы Шығыс, оның ішінде, Орталық Азия құрлығы басынан өткен айтулы тарихи оқиғалардың толымды беттерін құрайды. «Тараз қаласы біздің жыл санауымыздан бұрыңғы дәуірдің соңғы жүз жылдығында іргетасы қаланған қамал қала. Қаланың іргетасын қалаған ғұн Елтұтқа - қолбасшысы Тезек Тәңірқұт. Тарихи жазбаларда бұл Тәңірқұттың есімі әр дәуірдің тілдік ерекшелігіне байланысты - Чжи -Чжи, Чже болып та таңбаланған. Тарихи мекендері қазіргі Қытай еліндегі Сарыөзен (Янцзы) өзені болып табылатын және Хань қауымымен ежелден бір де аралас, бір де араз көрші есебіндегі ғұндар әулеті, ақыры шамамен б.з.д. 200 жылдардың аяқ шенінде ханьдықтармен біржолата ат құйрығын кесісіп, өздерінің де ішкі алауыздығы мен таққа таласы себеп болып, Батысқа қарай жөңкіле көшіп, ақыры келе-келе жер жаннаты Жетісу өлкесінің батыс алқабы қазіргі Шу - Талас аңғарына келіп табан тірейді де, қос өзен Талас пен Асаның аңғарында жатқан жайлы жерден қамал - қала салады», - деп қала тарихына шолу жасады Тәкен Молдақынов . Оның хабарлауынша, бірнеше жылдың көлемінде бой көтерген Тараз қаласы, бірден үлкен орталыққа - Батыс Ғұн иелігінің астанасына, «Ұлы Жібек жолы» бойындағыірі сауда, мәдениет, өркениет орталығына - рухани орталыққа айналады. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі 100 жылдық кезеңі еді. Сол біздің дәуірімізге дейінгі 36-жылы салтанатты қала алғаш рет қиратылады. Өзінің 2100 жылдық тарихында осындай сан оқиғаларды бастан кешкен «Мәңгілік қала» жер бетінен біржолата жоғалып кетпей, өз тұрғындарынан ешқашан айрылмай біздің дәуірімізге дейін жетіп отыр. Қазақ хандығының шаңырақ көтерген толайым сәті де Тараз қаласы маңындағы «Қозыбасы» мекенінде іске асты. 751 жылғы Атлах шайқасы да осы Тараз қаласы маңында өтті... Қазақ хандығының 550 жылдық салтанатына орай онда қазба жұмыстары жүргізілді, археологиялық парк, таза тарихи музей-кешен ашылды. «Тараз жеріндегі елеулі мұралардың айтулысы, жалпы Дала өркениетінде өзіндік орыны бар нысан Ақыртас сарай кешені. Ақыртаста 2005 жылы басталған кешенді ғылыми-зерттеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Нысанның басында үлкен ғылыми-ақпараттық орталық бой көтерген. Ғылыми дәлелдемелер бойынша VIII ғасырға тән Ақыртас - Дала өркениетінің, көшпенділер аталған көшелі қауымның аса ірі де, маңызды жәдігері... Шу өңіріндегі Ақтөбе - Баласағұн қаласы Батыс түрік, Қараханилар империяларының астанасы болған қала, атақты «Құтты білік» дәл осы қалада  жазылған. Бұл жерде де зерттеу мен қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда», - деді қорық-мұражай директоры. Ол тәуелсіз Қазақстан тарихнамасындағы ең бір елеулі құжат, бүгінде ұлттық - стратегиялық жобаға айналған «Мәдени - мұра» Бағдарламасы болғандығын баса айтты. Осы Бағдарлама аясында жүз жылға татырлық тартымды істер іске асты. Өлкеміздегі Республикалық дәрежедегі тарихи мұралардың барлығы қайта жаңғыртылды, олардың инфрақұрылымдары осы заманғы қалыпқа келе бастады. «Елбасының бастамасымен іске асырылған «Мәдени мұра» аясында ұлттық тарихнаманың жаңа да, жарқын беттері жазылды. Жамбыл жеріндегі 5 бірдей нысан ЮНЕСКО-ның «Бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтар» тізіміне енді. Олар, Ақтөбе - Баласағұн, Құлан, Қостөбе, Өрнек, Ақыртас қала-қамалдары. Қазір, аталған нысандарда зерттеу, қайта жаңғырту жұмыстары басталып та кетті... Бұл жұмыстар үздіксіз жүргізілетін болады. Еліміздің мәдениет және спорт министрлігі уақыт мүмкіндігіне, талабына сәйкес аталғанжұмыстарды уақтылы қаржыландырып, үнемі бақылауда ұстауда, бұл жұмыстарға жергілікті басқару органдары да атсалысып отыр», - деп хабарлады Т. Молдақынов.

Сұхбат

PhotoRoom