Тараздың автобустарына электронды төлем жүйесі енгізілуі мүмкін

Аймақ
15.12.2016, 22:17

BenQ Corporation BenQ Corporation

Жамбыл облысы әкімдігінің аппаратында болған мәжіліс барысында өңірдегі жолаушылар тасымалының сапасына қатысты мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйене отырып. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың басшылығымен өткен мәжіліске жолаушылар тасымалымен байланысты барлық құзырлы органдар мен басқармалардың басшылары қатысты. Кәрім Көкірекбаев мәжіліс барысында жолаушыларды тасымалдайтын компания өкілдерінің бүгінгідей қызмет сапасының төмендегі жағдайында жолақы құнын арттырудың жөнсіз екенін айтты. «Тендер өткізілетін кезде тасымалдаушылар оны ұтып алғанша алдыларына жан салмайды. Кейбір автопарктер техникаларын бірнеше жылдардан бері жаңартпаған. Осыған қарамастан олар жолақы құнын көтеруді сұрайды. Егер көрсетілетін қызмет сапасы талапқа сай емес болса, бағаны көтерудің қажеті бар ма?»,-деді өңір басшысы. Бұдан соң әкім өзінің бірінші орынбасары Бокболат Орынбековке Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеровпен бірге облыс орталығында электронды жолақы төлеу мәселесін қарастыруда тапсырды. Сондай-ақ ол 2017 жылы өңірге ЭКСПО көрмесіне келген туристердің ағылатынын, ал, Тараздың халық ең көп қатынайтын вокзалы стихиялы автотұрақтарға айналып кеткенін айтты. Құзырлы органдар осы аймақта жолаушылардың қозғалысына жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз етулері керек екендігін де сөз етті әкім. Сонымен қатар жиында жыл басынан бері қоғамдық көліктің қызметіне 100-ден астам адам шағым түсіргенін, құқық бұзғандары үшін 18 жүргізуші мен 23 кондуктордың жұмыстан босатылғандығы сөз болды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтер бойынша, өңірде 2020 жылға дейін 10 жаңа автостанция салынып, жолаушыларға қызмет көрсететін 10 орын мен 79 такси тұрақтары салынбақ.

Сұхбат

PhotoRoom