Жамбылда «Білімді Қазақстан» атты ұстаздар форумы өтті

Аймақ
09.12.2016, 22:51

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Білімді Қазақстан» атты өңірлік ұстаздардың форумы болып өтті. Іс-шара еліміздің ширек ғасыр ішінде білім саласындағы жетістіктері мен құндылықтарын педагогтар арасында кеңінен насихаттауға бағытталған.

Өңірлік форумға 300-ден астам облысымыздың үздік педагогтары, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары қатысты. 2016 жылы 3 мұғалімнің республика көлемінде «Үздік педагог» атануы, халықаралық байқауларда 188 мұғалімнің жеңіске жетуі, әлем олимпиадалары мен ғылыми жарыстарда шәкірттердің 68 медаль иеленуі – облыс ұстаздарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Жәмилә Бекбатырова, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары

Оқушыларымыз Тәуелсіздік алған жылдардан бері халықаралық, дүниежүзілік деңгейдегі үлкен білім бәсекесіне қатысып, 1069 медальды иеленді. Республика көлемінде командалық олимпиадада облысымыз бесінші жыл қатарынан жеңіспаз атанып келеді.

Білім саласындағы басым бағыттардың бірі – мұғалім мәртебесін арттыру. Педагогтың жоғары біліктілігі – жақсы шәкірт тәрбиесінің кепілі болмақ. Осы жылдар ішінде облыстың білім саласын қаржыландыру 33 есеге артты. Өңірде 136 білім нысаны пайдалануға берілді.

Зухра Үсенбаева, республикалық «Үздік педагог - 2016» байқауының жеңімпазы

Мен осы жылы республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы атандым. Бұл жеңісімді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын. Ұстаздарға, білім саласына көрсетіліп жатқан көмек жетерлік. Еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болсын.

Мерекелік кеште ұстаздар қауымы шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, өнерде де үздік екендіктерін дәлелдеді. Сондай-ақ, педагогтар мерейлі мереке қарсаңында ізгі тілектерін жеткізді. Өнегелі ұстаздан өрелі шәкірт шығатыны сөзсіз. Болашаққа сеніммен қарайтын елдің іргесі мұғалім тәрбиелеген жастармен қаланбақ.

 

Сұхбат

PhotoRoom