Қалиқан Ысқаққа туған жерінде ас берілді

Аймақ
19.08.2014, 15:41

ШҚО-да Қалиқан Ысқақтың  рухына бағышталып ас берілді. Облыс басшысы ұйытқысы болып орталық мешітте жазушы, кинодраматург, ҚР   Мемлекеттік  сыйлығының лауреаты , Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері -  Қалиқан Ысқақтың рухына бағыштап құран оқылды.

Асқа өңірдің ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері,облыстың барлық аудандары мен қалаларынан келген меймандар қатысты.

Сексенге қараған шағында дүниеден өткен қабырғалы қаламгердің қазасы тек Шығыс жұрты үшін емес, барша қазақ халқы үшін суық хабар еді. Себебі қазақ халқы Қалихандай ұлын ғана жоғалтқан жоқ, қазақ әдебиетінің бір қабырғасы опырылды.

– Тарихта ықылым заманнан түркілердің алтын бесігі болып саналатын Алтайдың көз тұндырар сұлу табиғаты жазушы қиялына қанат бітіріп, қаламына қуат сыйлады. Қарап отырсаңыз, жазушы шығармашылығының алтын арқауы да - қасиетті де киелі Алтай. Қазақ прозасында Қалихан Ысқақ пен Алтай ажырамас егіз ұғымға айналғалы қашан. Қазақ жазушыларының арасында Алтайды ең алғаш суреттеп, жырлаған да Қалихан Ысқақ болатын. (...)«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп  Ұлы Абай айтқандай, көрнекті жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақтың екінші ғұмыры енді басталды, -деп облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қабырғасы қайысқан жұртқа басу айтты.

Қаламгер рухына тазғым етіп, құран бағыштауға келген жамағат қатымханаға лықа толды. Көрнекті жазушының көзін көрген замандастары естеліктерімен бөлісіп, арнау оқыды.

Сұхбат

PhotoRoom