Қазақстанда маңызды екі жолдың учаскелері пайдалануға берілді

Рейтинг
06.12.2016, 11:05

1Индустрияландыру күні аясында Алматы және Қарағанды облыстарындағы маңызды жолдардың учаскелері пайдалануға берілді.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Алматы-Қапшағай тас жолы -  «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің маңызды бөлігі. Қазір жолдың бұл бөлігіндегі құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Алты жолақты қозғалысқа арналған әрі бірінші техникалық категорияның барлық талаптарына сай. Бүгінде жолдағы көлік қозғалысының қарқыны тәулігіне 30 мың көлікке дейін арттырылды. Ал жол-көлік апаттары 3 есе азайды. Жолдың қазір ұзындығы 30 шақырымды құрайтын соңғы бөлігі пайдалануға дайын», - деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы басқарма төрағасынаң орынбасары Берік Желдікбаев.

Атап айтқанда, Алматы-Қапшағай жолының 104 шақырымы пайдалануға беріліп отыр. Сонымен қатар телекөпір арқылы Қарағанды облысынан байланысқа шыққан «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Ермек Қизатов Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында Алматы-Қорғас, Алматы-Талдықорған, Бейнеу-Шетпе, Көкшетау-Петропавл, Шымкент-Ташкент, Шымкент-Жамбыл облысы шекарасы учаскелерінде 930 шақырым жаңа жолдар пайдалануға берілгенін хабарлады.

Ал Астана-Теміртау жолының 169 шақырымы толықтай аяқталып, көлік қозғалысына рұқсат етілді. «Астана-Теміртау жолы бірінші техникалық санат нормативтерімен салынды. Оның өткізу қабілеттілігі тәулігіне 6-дан 28 мың көлікке дейін ұлғайтылды. Құрметті Елбасы! Астана - Теміртау және Алматы - Қапшағай тас жолдары іске косылуға дайын. Қозғалысты бастауға рұқсат сұраймыз!» - деді Е. Қизатов.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің «Нұрлы жол» бағдарламасы қазіргі дағдарысқа қарсы үлкен жоба болып саналатынын еске салып өтті.

«Алдымыздағы 5 жылдың ішінде дәл осындай 7 мың шақырым жол салсақ, сонымен қатар темір жолдар желісін кеңейтсек, бұл елімізге өте пайдалы әрі экономиканы ары қарай өркендетеді. Осының барлығы - мемлекеттің атқарып жатқан шаруасы. Сондықтан сіздер - еліміз үшін негізгі істі жасап жатқан адамдарсыздар. Осы бағытта бөлінген қаражатты мұқият пайдаланып, елімізде ең жақсы жолдарды салуға қызмет етіңіздер», - деді Президент телекөпірге қатысушыларға қаратып айтқан сөзінде.

Сұхбат

PhotoRoom