Мәсімовтің ҰҚК-дегі 100 күні

Тұлға
21.12.2016, 09:38

3Кәрім Мәсімовтің ҰҚК төрағасы қызметінде де агрессиялық пиарды жатсынбайтыны байқалады, бірақ кей бақылаушылар ол арнайы қызмет жұмысының қыр-сырына қанығып, біраз жетістіктерге жетті деп санайды.

Ақтөбе мен Алматы қалаларында ашық түрде қарулы шабуылдар жасалған тұста, биыл қыркүйектің 8-інде Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасы қызметін сегіз айдан сәл көп атқарған Владимир Жұмақанов қызметінен алынды. Оның орнына бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің тағайындалуы биылғы жылдың басты оқиғаларының біріне айналды. Мәсімовтің жаңа «құпия» қызметтегі әрекеттерінің көбі жұрт назарына ілікті. Олардың кейбірі премьерлігінің соңғы кезеңінде байқалған өз-өзін жарнамалауды жалғастыру сияқты болып көрінді.

Бірақ Кәрім Мәсімов ҰҚК-ін басқарған 100 күн ішінде «мұнай және мұнай өнімдерін ұрлап, заңсыз тасымалдаумен айналысты» деген күдікке іліккен ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кескен ауқымды арнайы операция жүргізілді. Сарапшылар мұны Мәсімовтің еңбегіне балайды.

ПИАРҒА ҰҚСАЙДЫ

Қарашаның 26-сы күні Астанадағы балалар үйінің 30 жылдығын мерекелеуге қатысып, жетім балаларға ҰҚК атынан сыйлықтар табыстаған Кәрім Мәсімов ҰҚК төрағасы ретінде БАҚ-та көрініп үлгерді.

ҰҚК-нің баспасөз хабарламасында Кәрім Мәсімовтің «Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев балалар мен олардың құқығын қорғауды елдің әлеуметтік дамуының басты бағыттарының бірі ретінде белгілеген болатын. Өйткені балаларды қамқорлыққа бөлеу мен дұрыс тәрбиелеу келешегімізге салынатын орасан зор инвестиция ғой» деген құттықтау сөзінен үзінді келтірілген.

Қазан айында БАҚ-та тараған қала жағдайында террорға қарсы арнайы жаттығуда ҰҚК арнайы бөлімшесі қызметкерінің жауынгерлік киімін киіп, автомат ұстап тұрғаны және барлау-диверсия тобының жаттығуына қатысқаны көрсетілген видеосюжеттер де Кәрім Мәсімовті жарнамалауға ұқсады.

Азаттыққа «Ол арнайы қызмет офицерлері арасында беделін арттырып жүр» деген Қазақ ССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) бұрынғы төрағасы Зақаш Камалиденов Мәсімовтің мұндай әрекеттерін жарнама деп санамайды. Зақаш Камалиденовтің пікірінше, Кәрім Мәсімов ҰҚК төрағасы қызметіне келгелі өз-өзін жарнамалаумен емес, арнайы қызметтің БАҚ пен көпшіліктің назарынан көбінесе тыс қалатын жұмысының қыр-сырын жақсылап меңгерумен айналысып жүр.

Камалиденов жуырда өзі де қатысқан Мәсімовтің ҰҚК ардагерлерімен кездесуін ризашылықпен еске алады.

Кәрім Мәсімовтің өз-өзін жарнамалауға бейіл деген теорияны жақтаушылар желтоқсанның басында оның Қазақстан триатлон федерациясы президенті етіп сайлануын да назардан тыс қалдырмас. Бірақ скептиктер Мәсімовтің түрлі-түсті шұлықтары, автобанда велосипедпен жүріп, жол жүрісі ережелерін бұзғаны үшін сот арқылы салынған айыппұлды төлеу сияқты пиар-эпизодтар былтыр жазда әлеуметтік желілерде қызу талқыланғанын есіне түсіруі мүмкін.

Қазақстанда мемлекеттік орган басшыларының әлдебір спорт түрінен федерацияны басқаруы дәстүрге айналған. Мысалы, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нұртай Әбіқаев волейбол федерациясы мен гольф федерациясын басқарады, бірақ оны өз-өзін жарнамалап жүр деп ешкім сөкпейді.

МӘСІМОВ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР

ҰҚК төрағасы қызметіне тағайындалғаннан кейін Кәрім Мәсімов әлеуметтік желілерде пост жариялауын доғарды. Мысалы, Twitter парақшасындағы соңғы жазбасы ҰҚК төрағасы қызметіне тағайындалған күні жарияланған.

Қыркүйектің 8-інде Кәрім Мәсімов Twitter желісінде «Елбасына маған көрсеткен зор сенімі үшін алғысымды білдіремін» деп жазған.

Кәрім Мәсімов аймақтарды премьер-министр ретінде аралаған ақырғы сапарынан түсірілген видеоесеп түріндегі соңғы постын Facebook желісінде қыркүйектің 7-сінде жариялаған.

Facebook желісіндегі постында Мәсімов «35 сағатқа жуық әуеде ұшып, 28 000 километр жол жүріп, 40 қала мен ауылды, 158 кәсіпорын, нысандарды аралап, көптеген кездесу, жиналыс өткіздік» деп жазған.

ҰҚК төрағасы қызметіне тағайындалғаннан кейін Кәрім Мәсімов іле-шала арнайы қызмет ардагерлерімен кездесу өткізгенін жұрт білмейді. ҰҚК ардагерлер кеңесінің құрметті төрағасы генерал Тұрсын Айжоловтың Азаттыққа айтуынша, Кәрім Мәсімов өзін проблемаларды тез түсініп, оларды шұғыл шешетін адам ретінде көрсеткен.

ҰҚК ардагерлері санаториялық емдеу жүйесіндегі талайдан бері шешілмей келе жатқан проблемалардың бірін Мәсімов кездесуден кейін бірден шешіп бергенін айтады. Ал Қазақ ССР КГБ-сінің бұрынғы төрағасы Зақаш Камалиденов әлгі кездесу кезінде Кәрім Мәсімов арнайы қызмет ардагерлерінің тәжірибесін тәптіштеп сұрады дейді ризашылықпен.

АРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯНЫҢ АСТАРЫ

Жыл соңына қарай Ақтөбе облысы және өзге аймақтарда мұнай және мұнай өнімдерін ұрлап, заңсыз тасымалдаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесу үшін желтоқсанның 7-сі күні ҰҚК қолдауымен ауқымды арнайы операция жүргізілгені хабарланды. ҰҚК баспасөз қызметі таратқан баспасөз хабарламасында «...бұдан бөлек, радикалды салафизм ағымын ұстанатындардан тұратын әрі мұнай ұрлаған адамдарды «криминалдық» тұрғыда қорғаштаған қылмыстық топтың бірнеше мүшесі тұтқындалды» деп жазылған. Баяғыдан белгілі «Ағайынды төртеу» тобының 50 жастағы басшысы Еркін Ізбасар Алматыда тұтқындалып, кейін ұшақпен Ақтөбеге ұшақпен жеткізілген.

ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі Арат Нарманбетов «Күштік органдар «Ағайынды төртеу» деген топ барын 1990 жылдардан біледі, сондықтан «Арнайы операция неліктен ертерек емес, қазір ғана өткізілді?» деп сұрау керек дейді Азаттыққа. Ол бұл сұрағына «Мұны ұйымдасқан қылмыстық топ деп емес, экономика және қаржы салаларын да шырмап алған, бұған қоса күштік органдар ғана емес, саяси элитаның көрнекті өкілдері арасында да мықты «тіреушісі» бар мафия деп айту керек. Әлгі топқа әлі күнге дейін ешкімнің шамасы келмегені сондықтан» деп өзі жауап берді. Бірақ Нарманбетовтің сөзінше, ауқымды операция - Мәсімовтің беделінің арқасы.

Кәрім Мәсімов мұндай ауқымды арнайы операцияны президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рұқсатынсыз жүргізуге тәуекел етпес еді деп санайтын тәуелсіз журналист Сергей Дуванов оның соңғы пікірімен келіспейді. Дувановтың Азаттыққа айтуынша, Мәсімов Назарбаев белгілеп берген шектен аспай ғана батылдық таныта алады. Сондықтан журналистің пікірінше, жоғарыда аталған «Ағайынды төртеу» ұйымдасқан қылмыстық топ басшысын саяси элитаның ішінде әлгі шектен тысқары отырған кімнің қорғаштап келгенін қоғамға жарияламауы да мүмкін.

ҰҚК төрағасы қызметінде Кәрім Мәсімов көп батылдық таныта алмайтынын Азаттыққа парламенттегі билікшіл Қазақстан коммунистік халықтық партиясы фракциясының жетекшісі Владимир Косарев те айтады. Бірақ ол мұны ҰҚК таратқан хабарламада әлдебір салафиттер туралы да айтылуымен байланыстырады. Кәрім Мәсімовтің алдында ҰҚК төрағасы болған Владимир Жұмақанов ертеректе Қазақстанда исламның радикалды ағымы - салафизмге тыйым салу туралы заң жобасы дайындалып жатыр деп ашық мәлімдеген болатын әрі оны көп ұзамай ҰҚК төрағасы қызметінен алып тастады.

Жергілікті бақылаушылардың салафизмге заң жүзінде тыйым салуды енді Мәсімов талап ететін шығар деген болжамына қатысты Косарев мұны Назарбаевтың «қалауы біледі» дейді.

Премьерлік кезеңінің соңына қарай Кәрім Мәсімовтің жылнамашысы рөлін атқарған танымал блогер Денис Кривошеевтің Азаттыққа айтуынша, қаржы және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды екенін ҰҚК-нің бұрынғы басшыларымен салыстырғанда, Мәсімов жақсы түсінеді. Блогердің сөзінше, сондықтан Мәсімов қаржыгер Дәулет Ерғожинді ҰҚК төрағасының орынбасары етіп, «генералдық» қызметке шақырып алды. «Ағайынды төртеу» ұйымдасқан қылмыстық тобын талқандау қажеттігі туралы қисынды баяндамамен президент Назарбаевқа бару бұдан кейін қиын болған жоқ деп санайды Денис Кривошеев.

Дереккөз: Азаттық

Сұхбат

PhotoRoom