ОҚО соты азаматтық істердің 1600-ге жуығын медиациа тәртібімен шешкен

Аймақ
10.02.2017, 14:51

16298962_1203939509722386_4159855707926521980_nОҚО Аймақтық коммуникация қызметінде Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Н.Шәріпов брифинг өткізіп, облыс соттарының 2016 жылы сот төрелігін атқару жұмыстарының қорытындылары мен сот жүйесін жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баян етті.

Сот төрағасы Президент Н.Назарбаевтың бес басымдықтан тұратын «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының маңыздылығы мен өзектілігін атап өтіп, оның жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформаларды жалғастыру қажеттілігі туралы айтылған бесінші бағытын іске асыруға облыс судьяларының кірісіп кеткенін тілге тиек етті. Брифинг барысында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді соттарда қарау бойынша негізгі көрсеткіштер айтылды.

Мәселен, 2016 жылы облыс соттарына азаматтық сот өндірісі тәртібімен 88 022 талап арыз түссе, олардың 82 мыңнан астамы өндіріспен аяқталған. Ал былтыр түскен талап арыздар саны 16 342, яғни 2015 жылмен салыстырғанда 18,5%-ға артқан. Бұл халықтың сотқа деген сенімінің арта түскенін көрсетеді. Өткен жылы 26 171 әкімшілік іс қаралған, ал қараумен аяқталған қылмыстық істердің саны - 5102.

Сонымен қатар, Нұрсерік Кәрімұлы сот дауларын шешудің балама тәсілдерін, соның ішінде татуластыру рәсімдері мен медиация заңын қолдануға байланысты жұмыстар одан әрі жалғастырылып жатқанын мәлімдеді. Есепті мерзімде бітімгершілікпен 198, медиация тәртібімен 1567 арыз шешілген.

«Даулар мен жанжалдарды сотқа арыздану арқылы шешумен қатар, оны балама тәсілдермен шешудің тиімді екенін халыққа насихаттауда көп жұмыстар атқарылды. Осы мақсатта облыс әкімдігі мен облыстық Ассамблея хатшылығының қолдауымен облыс әкімі жанындағы Қоғамдық келісім мекемесінде Республикада бірінші болып, медиация кабинеті аштық және бұл бастама еліміздің барлық өңірлерінде қолдау тапты»,-деді Н.Шәріпов.

Айта кетейік, 2017 жылдың 26 қаңтарында Жоғарғы Сот Төрағасы «Дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы ереже» бекіткен. Бұл пилоттық жоба ұйымдастырушылық және ақпараттық екі бағыт бойынша іске асырылады.

Сұхбат

PhotoRoom