Жеңіс Қасымбек 2016 жылды қорытындылап, 2017 жылғы жоспарымен бөлісті

Жаңалықтар
20.02.2017, 17:06

0S7A8214Биыл 20 ақпанда ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің 2016 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы басты міндеттеріне арналған алқа мәжілісі өтті.

Сондай-ақ, мәжіліске ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің, мемлекеттік органдардың, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ өкілдері, министрліктің Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Селекторлық режимде облыс әкімдерінің орынбасарлары, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің индустриялық-инновациялық мәселелер бойынша орынбасарлары, аумақтық бөлімшелер мен министрліктің ведомствалық бағынысты ұйымдарының басшылары қосылды.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек өз баяндамасында дағдарысқа қарамастан индустрияландыру саясатының нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі түсті металлургия (+8,5%), қара металлургия (+3,3%), фармацевтика (+2,5%), электротехника (+2,5%) саласындағы өсімнің есебінен 0,7%, артқанын атап өтті.

Индустрияландыру Картасы аясында 2016 жылы құны 878 млрд. теңге болатын 130 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.  Карта жобалары 2016 жылы 2,2 трлн. теңгенің өнімін шығарды, оның ішінде 1,4 трлн. теңгесі (бүкіл сектордың 18% астамы) өңдеу өнеркәсібінің үлесінде. Биылғы жылы құны 700 млрд. теңге болатын 100-ден астам жобаны  іске қосу көзделіп отыр. Қосымша 10 мың жұмыс орны ашылады.

Министрдің айтуынша, өнеркәсіп жаңа жағдайларға бейімделе алды. Жыл қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде жиынтық өсімді кем дегенде 2,5% жеткізу жоспарда бар.

Сондай-ақ, министрлік Индустрия 4.0 элементтерін енгізу бойынша осы және алдағы жылдарға арналған нақты іс-шаралар жоспарын әзірледі. Ал 2017 жылы желтоқсанда базалық салаларды технологиялық жаңғырту бойынша 2025 жылға дейінгі Кешенді жоспар қабылданады.

«Индустрия 4.0 Қазақстан үшін тек қана  алға қойылған мақсат емес, сондай-ақ, ішкі нарықтың тарлығы, теңіз сауда жолына қолжетімділіктің жоқтығы, білікті жұмыс күшінің тапшылығы сияқты өзге де объективтi факторлардың әсерін азайтуға қосымша мүмкіндік береді», - деді Ж.Қасымбек.

Биыл заманауи сандық технологияларды енгізу мақсатында 7-10 пилоттық кәсіпорын таңдап алынады. «Аталмыш кәсіпорындар өзге кәсіпорындарға үлгі ретінде «моделді сандық фабрикалар» қызметін атқаратын болады. Пилоттық жоба бойынша жұмыстар 2018 жылы да жалғасатын болады», - деді министр.

Сандық технологияларды еліміздің жүйе құрушы кәсіпорындарына енгізу жұмыстары да күшейтіледі. Бүгінгі күннің өзінде-ақ бірқатар компаниялар  аталмыш технологияға үлкен қызығушылық білдіріп, сандық шешімдерді енгізуді бастап кетті.

Министрлік ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес елдің инвестициялық ахуалын жақсарту жұмысын жалғастыруда. 2016 жылдың қазан айында инвестиция жөніндегі ЭЫДҰ Комитеті Қазақстанды осы ұйымның қатысушысы ретінде шақыру туралы шешім қабылдаған болатын. Биыл наурыз-сәуір айларында Кеңестің шешімі шығарылады деп күтілуде.

Елімізде жұмыс істеп жатқан және болашақ инвесторлармен тұрақты жұмыс атқарылуда.  «Бір терезе» қағидасы арқылы 2016 жылы 5500-ден астам өтініш түсіп, 8000 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, сондай-ақ, «кері байланыс» қамтамасыз етілуде.

Инвестиция тарту бойынша басымдыққа ие 10 мемлекетте (АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Оңтүстік Корея, Иран, Жапония, Германия, Франция, ҚХР, Үндістан) және «Kaznex Invest» АҚ 5 фронт-кеңсесіндегі (АҚШ, Германия, Түркия, БАӘ, ҚХР) арнайы кеңесшілердің әлеуеті пайдаланылуда. Олардың жұмыс нәтижелері бойынша әлеуетті 735 инвестор-компания анықталып, 400-ден астам кездесу өтті. 82 компания өкілінің Қазақстанға іс-сапары ұйымдастырылып, 68 компаниямен меморандумға қол қойылды.

Аталған жұмысты әрі қарай жетілдіру мақсатында Елбасының тапсырмасымен жүйені трансформациялау басталды. Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесе отырып, биылғы жылдың маусым айының соңына дейін инвестиция тарту бойынша Ұлттық стратегия әзірленетін болады. Стратегияда инвесторларды тарту мақсатында перспективалы салалар мен басым секторлар анықталып, инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған шаралар мен инвесторларды тарту тетіктері жетілдіріледі.

«Kaznex Invest» АҚ негізінде құрылатын арнайы «Кazakh Invest» ұлттық компаниясы Үкімет атынан ірі инвесторлармен және мақсатты ТҰК-мен «біріңғай келіссөз жүргізуші» ретінде  іс-қимыл жасайтын болады.

Сондай-ақ, министрлік отандық экспорттаушылармен жұмысты күшейтеді. Атап айтқанда, олардың Ресей, Қытай, Иран, Түркия және Еуропалық Одақ елдерімен келісім-шарттар негізінде нарыққа шығу, сауда миссиясын ұйымдастыру, шығындарды өтеу мәселелеріне баса назар аударып, 2017 жыл экспорттың қайта жаңғыру жылы болмақ.

ҚазЭкспортГарант негізінде құрылған мамандандырылған ұлттық компания «KAZAKH EXPORT» алдына үлкен міндет қойылып отыр. Бұл компания Үкімет құрамындағы Ұлттық кеңестің басшылығымен жұмыс істейтін болады.

Көлік саласындағы негізгі жетістіктердің бірі Қазақстанның халықаралық рейтингтегі логистикалық тиімділігінің жақсаруы болды. Қазақстан 88-орыннан 77-орынға көтеріліп, ТМД елдері арасында көш бастады. Сонымен қатар, 2016 жылы қазақстандық әуе компаниялардың ЕуроОдақ елдеріне ұшуына барлық шектеулер алынып тасталды. Астана қаласында ЭКСПО-2017 өтуіне байланысты келетін туристер мен әуе рейстердің көбеюіне байланысты «ашық аспан» жобасы іске асатын болады.

Өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша автожолдарды жөндеп, қайта қалпына келтіру жұмыстарына 75 мың адам тартылды. Нәтижесінде республикалық маңыздағы автожолдың 913 шақырымы жөндеуден өтіп, оның 767 шақырымы қолданысқа берілді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай, Қапшағай-Балпық би, Бейнеу-Шетпе және Көкшетау-Петропавл бағыттары бойынша транзитті дәліздер толығымен ашылды.

Сондай-ақ, министр құрылыс саласындағы көрсеткіштерді де атап өтті. 2016 жылы 10,5 млн. шаршы метр, яғни 90 мың тұрғын үй пайдалануға берілді.  Бұл салаға 2015 жылы 740 млрд. теңге, ал 2016 жылы 830 млрд. теңге инвестиция тартылды.

Жүргізіліп жатқан реформалар нәтижесінде кәсіпкерлерге рұқсат беру процедуралары 25-тен 8-ге дейін ал, құрылыс үшін рұқсат алу 3 айдан 1 айға дейін қысқарды. Осы көрсеткіштер бойынша Қазақстан Дүниежүзілік банк рейтингінде 2 жылдың ішінде 152-орыннан 22-орынға көтерілді.

2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша елімізде 100 мың тұрғын үй салынады. Бұл бағдарламаның негізгі міндеті тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырудан бюджеттен тыс қаржыландыруға көшу болып табылады. Негізгі салмақ жекеменшік құрылыс компанияларына түседі және құрылыс жинақ салымдар жүйесі дамиды.

Сұхбат

PhotoRoom