Ұшу қауіпсіздігі жөнінде жедел кеңес өтті

Жаңалықтар
10.03.2017, 18:03

12ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде вице-министр Р.Склярдың төрағалығымен еліміздегі жетекші әуе тасымалдаушылардың қатысуымен ұшулардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жедел кеңес өтті. Кеңесті өткізудегі басты себеп кейінгі уақытта қазақстандық әуе компаниялардың ұшақтарындағы ақаулардың жиілеп кетуіне байланысты.

Кеңеске «Air Astana», «Bek Air» және «Qazaq Air» компанияларының өкілдері шақырылды. Жиын қорытындысы бойынша Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Талғат Ластаев келеңсіз оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін министрлік жүргізіп жатқан жұмыстарға қатысты түсінік берді.

«Ұшақ қозғалтқышының тоқтап қалуы және навигациялық құрал-жабдықтардағы ақаудан туындаған оқиғаның себептеріне қатысты және қазіргі уақытта әуе компания қабылдаған шаралар туралы жан-жақты есебі тыңдалды. Осыған байланысты қандай жұмыстар қолға алынғанын айтты. Аталған жұмыстарды күшейту және келешекте мұндай келеңсіз оқиғаларға жол бермеу туралы тиісті тапсырма берілді. Қазіргі уақытта тиісті бұйрық шықты. Көліктегі оқиғаларды тексеру жөніндегі департамент осы үш оқиғаны мұқият тексеруде. Тексеруге қатысты мәліметтер дайын болған кезде хабарлаймыз»-деп атап өтті Талғат Ластаев.

Оның айтуынша, оқиғаның себептерін компанияның өзі де, сондай-ақ, министрліктің көлік оқиғаларын тексеру жөніндегі департаменті жан-жақты тексеріп жатыр. Барлық жағдайлар тіркелген. Сонымен қатар, барлық компанияларда ұшулардың қауіпсіздігін басқару жөніндегі жүйе енгізілді-деді Т.Ластаев. Тексеру нәтижелері 10 күннің ішінде дайын болады және қоғамға жария етіледі.

mid.gov.kz

Тегтер:
Air Astana Bek Air Qazaq Air

Сұхбат

PhotoRoom