Қызылағаш оқиғасына 7 жыл (ФОТО)

Жаңалықтар
11.03.2017, 22:30

12010 жылында 11 наурыздан 12 наурызға қараған түні Қызылағаш су қоймасындағы бөгеттің бұзылуынан Қызылағаш ауылы шайылып, шамамен 150 адам ізім-қайым жоғалған қайғылы оқиға болды. Биыл Қызылағаш оқиғасына тура 7 жыл толды. Бірақ ресми мәлімет 37 адамның ғана қаза болғанын растайды. Қызылағашта шамамен 3,5 мыңға жуық адам тұратын еді. Олардың басым көпшілігі, тіпті 80 пайызға жуығы – сырт елдерден келген қандас бауырлар. Дәулетке құнықпай, бейнеті көп ауылда қанағат пен тәубені ту етіп өмір сүріп жатқан бейқам ауылдың тірлігі бір мезгілде шәт-шәлекей болды. Биіктігі бес метрден асатын суық су бар баспананы бұзып-жарып, астан-кестеңін шығарды. Мал да, адам да дариямен ағып кетті. Ет жақынынан айырылмаған ауыл тұрғыны қалмады. Халықтың дені туысқандарының денесін, ең болмағанда, облыстық мәйітханадан көрсек екен деп көкірегі қарс айырылып жүр.

2Топан су адамдардан бастап, көліктер, үйлер мен сарайларға дейін ағызып әкеткен. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің хабарлауынша кентте 146 үй толығымен шайылып кеткен, 251 үй қираған, 42 үйді жөндеуді талап етеді. Адамдарды іздестіру жұмыстары жалғасуда. Күн сайын топан су басқан аймақты тікұшақ шарлайды. Қазір төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіруде. Түкіұшақпен байланыссыз қалған ауылдардың тұрғындары орталық лагерге жеткізілуде. Мұнда оларға жан-жақты көмектер көрсетілуде. Арнасынан асқан Қызылағаш су қоймасынан суы 18 минуттың ішінде өз жолындағының барлығын шайып кеткен. Алматы-Өскемен жолындағы көпір бұзылды. Пойыздар қозғалысы тоқтатылды. Құтқарушылар құтқару жұмыстарын таңертең, су ағыны азая басаған шақта бастады. Оқиға орнына құтқарушылар мен бірге әскерилер келді. Қызылағашта бұзылмаған 122 үй қалды. Полицейдлердің тәулік бойы күзету жұмыстары ұйымдастырылды. Сол үшінде мүлік ұрлау оқиғалары тіркелген жоқ.

3Аяқасты ажалдан аман қалған тұрғындардың сөзіне қарағанда, суқойма бөгеті жарылардан үш күн бұрын ауылда жарық сөніп, телефон байланысы үзілген. Жан-жақпен хабарласа алмай қалған қызылағаштықтар суқойманың жарыла бастағанын тек бір-екі сағат бұрын ғана естіпті. Үрейленген тұрғындардың бірқатары ауыл басшысына хабар берген. Бірақ «отыра беріңдер, ешқандай қауіп жоқ» деген жауап алады.

Ет жақындарынан, бар байлығы – малы мен баспанасынан айырылып, ашу мен көз жасына ерік берген тұрғындар мұны ашына айтты. «Бір сағат бұрын қопарылыстың боларын естіп, халық дүрлігіп, әкімге телефон шалдық. Біреулер бізге «әкім отыз шақты адамды алып, шлюзді ашуға кетті, қойманың апатқа қарсы қондырғысын іске қосып, суды тежейді», – деді. Бірақ біз бұған сенбей, өз бетімізше тау жаққа қаша бастадық. Мұнымыз абырой болған екен. Егер бізге алдын ала апаттың боларын айтқанда, малымызды, жанымызды алып үлгеретін едік қой», – дейді ауыл тұрғыны Төлепберген Оқпаев. Қызылағаштықтар суқойманың жарылуы мүмкін екенін алдын ала хабарламағанын бірауыздан қуаттап отыр. Оқиғаның мән-жайын ауыл әкімінен сұрап білмекші едік, бірақ оны апат ошағынан табу қиынға соқты.

4Наурыздың 11-і күнгі апаттан кейін оқиғаның мән-жайын анықтауға арнайы комиссия бірден кірісті. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, біріншіден, суқойманың шлюзі осыған дейін қыс бойы ашық жатып, тек көктем мезгілінде ғана жабылатын. Содан маусым айына дейін қар сулары, өзен ағыны толассыз қоймаға құйылып жатады. Ал бұл жолы тоспа аузы түгел бекітіліп тасталған. Жарылысқа бірнеше күн қалғанда, қойманың Қуаныш Бекеев есімді иесі қойманың шлюзін аша алмай қайтып келген. Бұл кезде 42 млн кубқа арналған суқоймада судың деңгейі 46-48 млн кубқа көтерілген болатын. «Біз «осы қойма мемлекетке қайтарылсын» деп, жоғары жаққа бірнеше рет хат жаздық. Себебі оның иесі өте ұқыпсыз адам болды. Бұл қойманы екі қойшы ғана күзететін. Апат болардан он күн бұрын әкімге хабарластық. Бірақ ол тыңдамай, бізді кері қайтарып тастады», – дейді тұрғындар. Екіншіден, үш күн толассыз жауған жауын мен еріген қар суы қоймадағы судың деңгейін асырып жіберді. Суқойма мен ауыл арасындағы 7-8 шақырым ыдырынған топанға түк болмады. Жарты сағатта Қызылағашты түгел шайып кеткен су көршілес Егінсу, Молалы,Көлтабан сынды елді мекендер мен бірнеше жайлауға да жетті. Дәл мұндай жойқын тасқын бұл өңірде бұрын-соңды болған емес.

5Ақордада өткен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарына екі күн ішінде оқиғаны мұқият зерттеп, өлім-жітімге байланысты қылмыстық іс қозғауды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы жұмысына жауапсыздық танытып, суқойманың жарылуына және адамдардың өліміне жол берген кінәлілер болса, жауапқа тартылуы керектігін ескертті. Көп ұзамай Алматы облыстық прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 315 (қызмет бабындағы әрекетсіздік) және 316 (салғырттық)-баптары бойынша іс қозғады. Жүздеген тұрғынның сөзі бекер емес болар. Істің қозғалуымен бірге Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Есет Жүнісов, суқоймаға иелік еткен «Шынар» ЖШС директоры Қуаныш Бекеев, су пайдаланушылар арнаулы өндірістік кооперативінің атқарушы директоры Мұхит Жүнісов, Ақсу аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бастығы Күнібек Байзақов және Алматы облысы бойынша Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Евгений Ениндер тұтқынға алынды. Тергеу барысы бас прокурор Қайрат Мәми мен ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовтің бақылауында. Бұл күн облыс мәслихатының шешімімен «Азалы күн» деп жарияланды.

6Ауылдың су шайып кеткен орнында бүгін өлім рухы кезіп жүргендей. Тұрғындардың есептеуінше, бұл табиғи зұлматтан соң, шамамен 150 адам ізім-қайым жоғалды. Бірақ ресми мәлімет әзірше 37 адамның ғана қаза болғанын растайды. Апаттан аман қалған тұрғындар әбден күйзелген. Оқыс оқиғаға ешкім де дайын болмаған еді. Қалада таныс-туысқандары болмағандықтан, тұрғындардың біразы әскери шатырларға қоныстандырылды. Киім-кешек пен тамақ жағы жетіспей жатыр. Бірақ апатты естіген көптеген мекеме-кәсіпорындар мен жеке азаматтар қайырымдылық жасауға бел шеше кіріскен. Қызылағашқа 15 наурызда 90-нан астам отбасы қайта келді. Алапат апаттан аман қалғандар тіршілігін жалғастырмақшы. Үкімет төтенше жағдайдың салдарын жоюға 600 млн теңге бөлген болатын. Оның дені материалдық көмекке, қалған 100 миллионы баспаналар салуға жұмсалады. Ал туыстарынан бір түнде айырылған отбасылардың әр жоғалтқан адамына жергілікті қазынадан 500 мың теңгеден беріледі. Қасірет шеккен отандастарымызға қол ұшын беруге жүрегінде иманы бар көптеген азаматтар бел шеше кірісті. Бірақ Қызылағаштың орнында өлім рухы кезіп жүргендей. Қайғының жарасы жазылар уақыт әлі ерте.

P.S. Мақала уикипедия материалы негізінде әзірленді. Көрнекі фотолар on.kz сайтынан алынды.

Сұхбат

PhotoRoom