Аптаның айшықтары

Жаңалықтар
24.03.2017, 09:11

01Астанаға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев келді

Бұл Шавкат Мирзиеевтің Өзбекстан Республикасының Президенті ретіндегі Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу өткізді, онда екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Келіссөз барысында тараптар күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық бағыттарын талқылады.

– Президент ретіндегі Сіздің алғашқы мемлекеттік сапарыңыз Наурыз мейрамымен және елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толған кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан Өзбекстан делегациясы сапарының жемісті болуы үшін барлық жағдайды жасауға әзір, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ширек ғасырлық ынтымақтастығымыз аясында түрлі саладағы 100 келісімге қол қойылғанын, соның ең негізгілері – Мәңгілік достық туралы шарт пен Стратегиялық әріптестік туралы шарт екендігін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға Өзбекстанның тұңғыш Президенті И.Каримовтың қосқан үлесін ерекше атап өтті.

– Тарихымыздың, тіліміз бен дәстүріміздің ортақтығы, халықтарымыздың көршілестігі қазақ пен өзбектің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара тығыз іс-қимылының қалыптасуына алғышарт жасады. Қазақстан мен Өзбекстанда тұратын диаспора өкілдері қарым-қатынасымызға ерекше сипат дарытып отыр. Олар екі ел арасындағы дәнекер болып саналады. Сіздің елмен достық пен ынтымақтастықты нығайтуға негізделген бағытымыз өзгермейді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Астана мен Ташкент арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты екіжақты қатынастың өзегі деп бағалады. Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы нарықтық бағаның 9%-ке төмендегеніне қарамастан, елдеріміз арасындағы сауда көлемінің 16%-ке өскеніне тоқталды.

– Бүгінде Қазақстанда өзбек капиталының үлесі бар 800-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Дәл қазір Астанада бизнес-форум өтуде. Оған екі тараптың әрқайсысынан 250 бизнесмен қатысып отыр. Форум қорытындысы бойынша 75 коммерциялық шарттан тұратын құжаттар жиынтығын қабылдау жоспарланған, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бұған дейін Ш.Мирзиёевпен Самарқандта өткен кездесуден соң өнеркәсіп, бизнес, энергетика, көлік, сондай-ақ ғарыш және туризм салаларындағы екіжақты байланыс айтарлықтай жандана түскенін айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықтың жандана түскенін, соның ішінде жүрдек пойызға арналған Астана – Ташкент теміржол қатынасы, жаңа әуе жолы және автобус рейстері іске қосылғанын ерекше атап өтті.

Соңында Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Өзбекстанның кең ауқымда қатысуы жөнінде шешім қабылдағаны үшін Ш.Мирзиёевке алғыс білдіріп, бұл Өзбекстан Республикасына өзінің зор жетістіктерін бүкіл әлем алдында паш етуіне мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Ш.Мирзиёев мемлекетаралық қарым-қатынастың дамуына негіз болған және өзара сенім мен іскерлік сипатындағы келіссөздер үшін Қазақстан басшылығына алғыс білдірді.

– Бұл сапарды Самарқандта өткен ашық әңгімеміздің жалғасы деп санаймыз. Бүгінгі бизнес-форум өзбек тарапының сауда-экономикалық байланыстарымызды дамытуға деген шын ниетін көрсетеді, – деді Өзбекстан Президенті.

Өзбекстан Республикасының басшысы екі мемлекеттің халқының достығын нығайту ісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін атап өтті. Сондай-ақ, Ш.Мирзиёев парламентаралық және өңіраралық байланысты жандандырудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу соңында екі елдің басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері  үшін бірлескен брифинг өткізді.

Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің кездесу қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету және тату көршілікті нығайту туралы бірлескен декларация;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы өңіраралық ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық жөніндегі стратегия;

– Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау туралы келiсiмге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;

– 2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;

– Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама;

– Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрлігі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісім.

Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп автокөлік шығаруды жоспарлап отыр

Елордада алғаш рет Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумы өтті.

Екі елден жиналған 500 кәсіпкер 1 миллиард доллардай құны бар 92 келісімге қол қойды. Енді екі ел бірлесіп автокөлік шығармақ. Дәрі-дәрмек, азық-түлік және өнеркәсіп өнімдері бойынша да тауар айналымын реттейді. Қос мемлекетте 3 сауда үйі ашылады. Осы орталықтардың арқасында тауар айналымы біршама жеңілдей түспек. Алдағы 3 жылда бұл көрсеткіш 5 миллиард долларға дейін өседі. Айта кетейік, форум аясында Қазақстан мен Өзбекстанның іскерлік кеңесі құрылды. Енді отандық бизнесмендер көрші елге барып, екі жақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытады.

Нұржан Әлтаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

- Өзбекстанның сауда өнеркәсіп палатасымен келісімге келдік. Осы форумның аясында іскерлер кеңесі құрылатын болады. Соның аясында ақпарат алмасу, бағдарламалармен алмасып, Өзбекстанда қандай қызығушылық бар, біздің бизнесмендердің қандай қызығушылығы бар сол бойынша жұмыс жасаймыз.

Форумда өзбекстандық кәсіпкерлер өз тауарларын паш етті. Көрме аясында азық-түлік, электр техникалары, фармацевтика мен жеңіл өнеркәсіп өнімдері ұсынылды. Өзбек бизнесмендері болашақта Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдаланып, өзге елдердің нарығына шығуды көздейді.

Әлішер Шайхов, Өзбекстанның сауда-өнеркәсіптік палатасының төрағасы:

- Әрине, біз Қазақстанмен ынтымақтастық орнатып, өзге елдердің нарығына шығуды көздеп отырмыз. Тауарларымызды Қытай, Еуропаға сатпақшымыз. Қазақстанмен бірлесіп, жеміс пен көкөніс өсіріп, кейін оны әрі қарай экспортқа жібереміз. Қазір Өзбекстанда шағын бизнес қарқынды дамып келеді. Елдің жалпы ішкі өнімінің 60 пайызы осы салаға тиесілі. Сол себепті біз үшін кәсіпкерлерге барлық қажетті жағдай жасау басты мақсат болып тұр.

Сұхбат

PhotoRoom