Шымкентте электронды бақылау жүйесі оқушылардың үлгерімін арттыруға мүмкіндік береді

Жаңалықтар
20.04.2017, 20:35

WhatsApp Image 2017-04-19 at 15.28.21 (1)Шымкент қаласы әкімдігінің прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірлесіп әзірлеген «I-mektep» электрондық бақылау жүйесі оқушылардың үлгерімін арттырып, олардың арасындағы құқық бұзушылық деңгейінің төмендеуіне әкелді.

Бұл жөнінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік мәжілісінде белгілі болды. Онда күн тәртібіне сәйкес, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың барысы, кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралды.

Еске сала кетсек, «I-mektep» электронды жүйесі оқушылардың үлгерімі мен сабаққа қатысуын бақылау бойынша қала аумағындағы 29 мектепте жұмыс істеуде. Қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірханның айтуынша, электронды бақылау жүйесі оқушылардың үлгерімін 15%-ға, сабаққа қатысуын 35% -ға арттыруға мүмкіндік берді.

– Оқушылардың сабаққа жүйелі түрде қатысуы – қылмыстық жағдайдың алдын алуда маңызды орын алады, – дейді Данияр Мейірхан. – Бұл жүйе өз кезегінде, біздің ұзақ жылдар бойы атқарып келген қызметімізді едәуір жеңілдетіп, құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге айтарлықтай септігін тигізуде.

Ендігі жерде, Шымкент қаласының мектептерінде қолданысқа енген аталмыш пилоттық жүйе ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Ішкі істер министрлігі тарапынан зерделеніп, ел аумағындағы өзге де орта мектептерде жүзеге аспақ.

Сұхбат

PhotoRoom