Алматы облысынына газ барды

Жаңалықтар
28.04.2017, 17:19

18Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында «Талдықорған» автоматтандырылған газ бөлу стансасына барып, ондағы технологиялық жабдықтармен және магистральді газ құбырын автоматтандырылған басқару жүйесімен танысты, сондай-ақ аймақ пен Талдықорған қаласын газдандыру барысы туралы баяндаманы тыңдады.

Бақытжан Сағынтаевқа ұзындығы шамамен 265 шақырым болатын «Алматы-Талдықорған» магистральді газ құбырының құрылысының аяқталуы туралы баяндалды. Бұл жаңа газ бөлу стансасын іске қосумен бірге орталықтандырылған газ құбырына Талдықорғанның бірқатар ықшам аудандарын қосуға мүмкіндік берді.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев үйлері алғаш рет газ құбыры желісіне қосылған аудандардың бірінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

«Алматы-Талдықорған» магистральді газ құбырының құрылысы аймақ үшін аса ірі әрі әлеуметтік маңызға ие жобалардың бірі болып табылады. Оны жүзеге асыру үшін бюджет қаражатынан 21,4 млрд теңге бөлінді.

ҚР Үкіметінің алдында аймақтарды газдандыру деңгейін 2030 жылға қарай 56% дейін жеткізу міндеті тұр. Осыған байланысты қазіргі кезде аталған мақсаттарға қол жеткізу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Атап айтқанда, Алматы облысында «ҚазТрансГаз» АҚ Ұлттық операторының бөлімшелері Талдықорған қаласының газбен жабдықтайтын қалалық ішкі желілерін салып жатыр, 1,4 мың шақырымға созылатын,170 мың адамды қамтитын 4 кезекке бөлінген құрылыстың жалпы құны 23,4 млрд теңгені құрайды.

Биылғы жылдың ІІ тоқсанында бюджет қаражаты есебінен «Талдықорған-Текелі» жобасы бойынша жүргізілетін газ құбырының құрылысын бастау жоспарланып отыр, оның құны 1,5 млрд теңге. Бұл 35 мың адам тұратын Текелі қаласы мен 23,5 мың адам тұрып жатқан Ескелді ауданының 9 елді мекенін газдандыруға мүмкіндік береді.

2016 жылы жеке инвестициялар есебінен құны 4,4 млрд теңге болатын «Байсерке-Қапшағай» магистральді газ құбырының құрылысы басталды. 2015 жылдан бері Қапшағай қаласының газбен жабдықтау қалалық ішкі желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр, оған 1,6 млрд теңге инвестиция салынды.«Байсерке-Қапшағай» МГ, АГБС және Қапшағай қаласын газбен жабдықтайтын қалалық ішкі желілері бойынша барлық құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2017 жылдың 15 қазанына дейін аяқтап, пайдалануға беру көзделіп отыр.

Сұхбат

PhotoRoom