Сыр бойындағы қиссашылдық дәстүр

Аймақ
15.09.2014, 16:20

 

Қазақстанның барлық аймақтарында да қисса айту дәстүрінің болғандығын айғақтайтын дәлелдер жеткілікті. Әсіресе бұл үрдіс Сыр бойында, Батыс өңірлерде және Арқа топырағында барынша көркейіп, нәрлі жеміс берген. Қиссаларды жыр-термеге қосқан ақын-жыраулар ХХ ғасырдың орта тұсына дейін өмір сүріп, СССР-дің атеистік идеологиясына қарсы тынымсыз күресті. Маңғыстау мектебінің көрнекті өкілі, ең соңғы қиссашы жырау Сәттіғұл Жанғабылұлы 1976 жылы дүниеден өтті. Ал Сырдағы қиссашылдық үрдіс жыршылық мектептер арқылы бүгінгі күнге дейін желісі үзілмей жетті.

Сырдағы қиссашылдық мектебінің басында Насируддин Рабғузи тұр. Уақыт өте келе, Рабғузи тек Сыр бойы ғана емес, барлық көшпенді түркі халықтарында қиссашылдықтың өркен жаюына әсер етті.Рабғузи түркілердің діни тәжірибесі мен дін психологиясын үйлестіріп, әдебиеттегі жаңа бір жанрға жол ашты. Ол қиссаларды түркінің салт-дәстүрінің, дүниетанымының, тұрмыс-тіршілігінің ажырағысыз бір бөлігіне айналдырды.Жалпы, Сыр бойындағы қисса айту дәстүрінің өкілдері болып есептелетін ақын-жыраулар халық арасында «сүлей» атымен танылған. Бір өкініштісі, осы уақытқа дейін Сыр бойының жыраулық мектебі жайында көптеген зерттеу кітаптар жазылып, ондаған диссертациялар қорғалса да, олардың ешқайсысында «сүлей» сөзінің нақты анықтамасы берілмеген. Біз сөздің мәнін терең зерделей келе, «сүлей» сөзінің «Қиссаларды жырлаушы адам» деген мағынаны білдіретіндігін анықтадық. Бұл сөздің тууына кітап атауындағы «сүл» сөзі негіз болған деп бағамдаймыз. Ал оған қосылған қазақ тіліндегі«-ай», «-ей» қосымшасы сөзжасамдық қасиетке ие жұрнақ. Бұл сөзімізге дәлел ретінде Қытай қазақтарының Құран қиссаларын жырлап, оларды үнемі насихат ететін ақсақал, қарияларды «қиссашы», «қиссагер» деп атайтындығымен түсіндіруге болады.

«Қисса» жанрының дүниеге келуіне әсер еткен Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітабы. «Диуани хикмет» түркі топырағындағы әдеби-рухани жанрлардың қалыптасуына әсер еткен бірден-бір мұра. Тек халықтың көңілінен шыққан, халықтың рухани сұранысын толығымен қанағаттандыруға қабілетті мәдени мұралар ғана ұзақ жасай алады. Әзірет Сұлтан мінәжат сөзінде «Менің хикметтерім – Алладан пәрмен, Сөзін ұққанға бар мағынасы Құран» деген. Шындығында қисса, мінәжат, ғазал, бәдауам секілді халықтың күнделікті өмірімен біте қайнасып кеткен қисапсыз әрі өте құнды әдеби шығармалардың арғы бастауы хикметтерден тамыр тартып жатыр. Оған мақал-мәтелдер мен ертегілерді, аңыз-әпсаналарды қоссақ, қазақ өркениетінің үлкен бір қыры өз-өзінен айқындалып шығары сөзсіз. Сол сияқты қиссаларды өз алдына бөлек көлемді жанр ретінде де қарастырсақ, қазақ сөз өнерінің даму әлеуетіне бағдар жасай аламыз. Рабғузидің өзі қиссаның көбісін халық аузынан жазып алғандығын, сонымен бірге көне қолжазбалардан да жинағандығын кітабының кіріспесінде айтып кетеді. Бұл қисса жанрының халықтық дүниеге айналғандығын көрсетеді.

Насируддин Рабғузиден кейін Сыр бойындағы қиссашылдық дәстүрін жандандырған Ораз Мұхаммет ахун. Ол Қармақшы өңіріндегі Сыр сүлейлерінің ұстазы, мыңдаған шайырлар мен сүлейлерге Құранның хикметті сырларын ашқан. Ораз Мұхаммед ахун Көкілташ медресесінде он екі пәнді меңгерген ғұлама болған. Бұхарадағы «Көкілташ», «Мир-араб» медреселері, Түркістан маңында Қарнақ қаласында орналасқан медреселер елдің ұйтқысы болған ғұламаларды, рухани көсемдерді тәрбиелеген. Ораз Мұхаммед ахунның шәкірті Алдашбай ахунның шәкірттеріне Құранның мағынасын түсіндіргені жайлы мәліметтер бар. Соның арқасында сүлейлер көші жан-жаққа таралып, халықтың діни сауатын ашты. Оларды Құранның мәні мен мағынасына жүйрік қылды.

Ораз-Мұхаммед бабамыздың мешітінде оқып білім алған Қожабай, Алдашбай, Әлібай, Тоқсанбай, Тапал, Шаймағанбет, Әбдікәрім, Баймағанбет, Табынбай, Қонар, Садық, Ақмырза т.б. көптеген кісілер ахун жолдамасымен «Көгліташ», «Мирарап» медреселерін бітіріп келіп, ахунға көмекші ұстаз болған екен. Олар көбінесе «Диуани хикметті» жаттатуға, содан кейін қиссаларды оқуына мән берген. Хикметтерді діліне сіңіріп, қиссаларды жүрегіне тоқып алуға баса назар аударған. Бұл зерттеуді қажет ететін құбылыс. Өйткені жастайынан хикметтер мен қиссаларды жаттап өскен шәкірттер өсе келе, өз жанынан өлең, жыр шығарып, жұртқа насихат айтатын болған. Әдетте қара сөзбен айтылған уағыздан гөрі өлеңмен айтылған насихат кез келген жанның көңілін тербеп, оның ішкі дүниесіне қатты әсер етеді.

1934-1936 жж. Алдашбай ахунды діни сеніміне байланысты Киржот деген НКВД агентінің қамауға алу үшін толтырған протоколында «жеке бір өзінің мектебінде 2000-нан аса молда оқып шықты» деп жазылған қаралау мәліметі бар. Кейбір деректерде ол молдалардың барлығы ахун дәрежесіне жеткен болса керек. Яғни ахун «ақын» сөзінің бастапқы төркіні. «Ахундар» деп тек ақиқатты жырлаушыларды ғана атаған. Олар ұйқасты, ырғақты мақаммен Құран хикаяларын жырға қосқан, пайғамбарлардың, әулиелердің, ғалымдардың ғибратты өмірлерін сырлы сазбен жеткізе білген. Осы өнердің іргетасы алғаш рет медреседе қаланған.

Ақын-жыраулар толғауларында «он екі пән білмеген адамның ілімі жоқ» деген жолдар ұшырасып отырады. Осы он екі пәннің бірі Рабғузидің «Қисса сүл-әнбия» кітабы болған. Толық ілімге қол жеткізу үшін шәкірттерге медреседегі он екі ғылым түрін үйреніп алу шарт болған. Маңғыстау жерінде өмір сүрген Ұзақбай Қазжанұлы:

Білім алған Бұхардан,

Он екі пәнді қотарған.

Жақсылардан үлгі алған,

Ұлығы пірден дұға алған,

Мағына берген Құраннан, - деп термелейді. Бұл толғауда қиссаларды танытушы ахундар мен сүлейлердің ел арасында қандай құрметке ие болғандығы көрініс тапқан. Ғалым Тынышбек Дайрабай «Ахундар өлең шығарып, ән айтып, тіпті айтыстарға да қатысқан» деген пікір айтады. Яғни олар «Мен – тек дінді насихаттаймын» немесе «ән-күй дінге жат» деп, елді діннен бездірген жоқ, керісінше қазақ мәдениетін байыта түсті. Осының арқасында қазақ салт-дәстүрлері мазмұндық жағынан байып, хикметтермен толысты. ХХ ғасырдың орта шеніне дейін жоғарыда айтылған екі мың ахунның ішінен екі жүзге жуығы мазмұны қиссамен өрілген жыр-толғауларды көптеп шығарып, халықтың санасына берік орнықтыруға хал-қадарынша қызмет етті. Балқы Базар, Бұдабай Қабылұлы, Шегебай Бектасұлы, Жарылқасын Сырманұлы (Аяған қожа), Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет, Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Құлан Алдабергенұлы, Сейітжан ахун Бекшентайұлы, Шораяқтың Омары, Нұртуған Кенжеғұлұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлы сүлейлер шоғырының бізге белгілі бір бөлігі ғана. Олардан басқа есімдері халық жадында қалса да, жырлары қағазға түспеген ахун-жыраулар қаншама?

Сыр сүлейлерінің бір ерекшелігі, олар негізінен Құрандағы адамға психологиялық-интуициялық тұрғыдан әсер ететін, ішкі әлемдегі өте нәзік сезімдерді қозғайтын, бірақ сол арқылы сарқылмас күш-қуат беріп, қажыр-қайратын жанитын қиссаларды жырларына арқау еткен. Жүсіп пайғамбардың қиссасындағы Жақып пайғамбардың сүйікті ұлы Жүсіптен айрылып, қайғыдан қан жұтатын қасіретті оқиғасы, Аюп пайғамбардың азап тартып, Құдайдың сынағына түсетін хикаясы, Дәуіт пайғамбардың отыз ұлынан бірдей айрылатындығын баяндайтын қиссалар тыңдаған адамды бей-жай қалдырмасы анық. Өмірде адам қуанышпен қатар қайғының да күйігін тартады. Сондай кездері ахун-жыраулар мен сүлейлер перзенттері мен жақын ағайыны дүниеде өткен жандарға «көңілқос» айтады. Ол жай ғана әуенге құрылған ұйқасты өлең емес. Тыңдаған адамның жүрегіне Құранның мәнін құйып, оны мұң-шерден арылтады. Ахун-жыраулардың өздері де сондай қайғыға түскенде, әнбиялардың өмірлерін үлгі етіп, жүректегі дерттерін жазған. Демек, қиссалардың кез келген адамның жан-жүрегін емдеп, сырқатының шипасын лезде тауып береді. Мәселен, Сейітжан ахунның ұлы Сейіткәрім қайтыс болғанда, өзіне айтқан көңілқосын ешкім көзіне жас алмай тыңдай алмайды. Сол сияқты Балқы Базардың Пішанның Төребайы өлгенде айтқан толғауы да тыңдаған жанды еріксіз елжіретері анық. Ғылымда қиссалардың осындай кісінің ішкі дүниесіне ықпалын, оның құндылыққа айналуы, яғни «аксиологиялық» қыры деп сипаттайды.

Құранда мұсылманның сипатын баяндайтын көптеген аяттар бар. Мұсылманның бойынан табылуы тиіс асыл қасиеттер мен бойын аулақ ұстауы қажетті жаман қылықтардың да өлшемі баяндалған. Бірақ осы моральдық императивтерді құрғақ сарында міндеттеу жоқ. Оларды адам бойында құндылық күйінде қалыптастыру үшін қиссалармен баяндайды. Перғауынның тәкаппарлығы, Ібілістің менмендігі, Намрұттың ашкөздігі қиссамен баяндалу арқылы сыналса, көптеген пайғамбардың сабыры, тақуалығы, ғалымдығы, Ыбырайым пайғамбардың таухид түсінігі, Мұсаның ерлігі, Мұхаммед пайғамбардың ғаламның рақым нұры екендігі, дін таратудағы жанпидалық қызметі үлгі етілген. Бұл қисса арқылы баяндалған моральдық императивтер міндетті түрде мұсылманның көркем мінезі мен қасиетін құрайды. Демек, қисса оқу арқылы адам Құран рухына сай сомдалып, Құранның «кемел адам қалыптастыру миссиясын» жүзеге асырады. Мысалы, қазақтың ырым-тыйымдарын алып қарасаңыз да, барлығының түбінде қиссалардағы оқиғалар орын алып тұрады. Құрандағы кемел тәсілді ары қарай тиімді пайдаланған қазақ ғұламалары оны ұлттық дүниетанымға, өмір сүру салтына, тұрмыс-тіршіліктің мәніне айналдырып жіберді.

Сыр бойында өте көп сүлейлер мен ахундар өмір сүрсе де, олар бір ғана мақсатты көздеген. Ол мақсат – халыққа Құран қиссаларын өлең-толғау түрінде таратып, ел-жұрттың сауатын ашу, рухани иммунитетін күшейту, жас ұрпақты зейінді, зерек, кемел азамат етіп тәрбиелеу. Соның көрінісі білім мен ғылым заманында суырылып шығып, ғалымдық атақ иеленгендер. Қиссалар кең жайылған өлкелерден есімі елге танымал ғалымдардың, профессорлардың көптеп шығуы бұл дәстүрдің адамның зейінін арттырып, ой қуатын күшейтетін қасиеті бар екендігіне нақты дәлел. Бір ғана мысал, Көгілташта оқыған атақты Қамараддин хазірет Баянауыл өңіріне ұстаз болып барып, көп шәкірттерді ілімге баулиды. Әулие ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы солардың бірі. Қамараддин хазіреттің Құран қиссаларын оқу бағдарламасындағы негізгі пәндердің бірі ретінде енгізгендігін оның жақында жарыққа шыққан 20 томдық шығармалар жинағында қиссалардың өте мол ұшырасатындығынан байқаймыз. Бір ғана Баянауылдан 14 академиктің шығуын да кездейсоқ құбылысқа балауға болмайды. Олардың барлығының да Мәшһүр Жүсіптің жазған дүниелерін, қисса-дастандарын бала кездерінен оқып өскендігі туралы деректер бар. Бұл жас кезінен аңыз бен қиссаға құштар болған жандардың білім-ғылымға тез бейімделіп, арман-қиялын жүзеге асыратын күшті иеленетіндігін дәлелдейді. Кез келген адамның қиссаларды жадына тоқу арқылы үлкен жетістіктерге жететіндігіне қатысты дәйектер өте көп.

Енді мұның түп себебіне үңіліп көрейік. Франциялық психолог ғалым Жан Пиаже бала интеллектісінің даму кезеңдерін 4-ке бөліп қарастырған. 1. Сенсо-моторлық интеллект; 2. Нақты операцияларды дайындау және ұйымдастыру; 3. Шынайы көріністерді жүзеге асыруға дейінгі кезең; 4. Нақты операциялар кезеңі. Ғалым «Баланың ойлауы мен сөйлеуі» атты еңбегінде «2-11 жас аралығында, яғни дамудың екінші кезеңінде сәби әлемді символдық тұрғыдан тануға талпынады» деп көрсетеді. Сондықтан осы кезеңде жұмбақтар мен жаңылтпаштар, санамақтарды, аңыздар мен қиссаларды, ертегілерді баяндап, айтып берудің, баланың сезімдік дүниесіне сіңірудің маңызы зор. Әлемдік ғылымдағы теориялар желісінде «библиотерапия», «ертегітерапия» әдістемелері баланың «мейірімділік», «қайырымдылық», «зейін», «еңбекқорлық» қабілетін дамытып жетілдіреді. Сонымен бірге әлемнің жаратылысына қатысты этиологиялық мифтердің де қажеттілігі орасан зор. Демек, жүздеген жылдар бойы халық кәдесіне жарап келе жатқан тәрбиенің озық әдістемесі баланың санасы мен зейінін жетілдіріп, оның өмірде үлкен жетістіктерді бағындыруына жол ашады.Арысы Алаш арыстары, берісі қазақ жазушыларының көпшілігі қиссалардан сусындап өскен. Олардың біразы өз естеліктерінде мұны жасырмай ашық та жазған. Бұл тұрғыдан келгенде, қиссалар бала қиялын қозғаушы күш.

Мұхит Төлеген, дінтанушы

 

Сұхбат

PhotoRoom