Бекен Сейдахметов ТРАСЕКА-ның ұлттық хатшысы болып тағайындалды

Жаңалықтар
17.05.2017, 12:45

18ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің бұрынғы төрағасы Бекен Сейдахметов ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясының тұрақты хатшылығы тұрақты өкілдігінің басшысы (Ұлттық хатшысы) болып тағайындалды. Бұл жайында «Әділет» ҚР нормативтік-құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі сайтында жария етілді.

«Сейдахметов Бекен Канелұлы ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясының тұрақты хатшылығы тұрақты өкілдігінің  басшысы (Ұлттық хатшысы) болып тағайындалсын», делінген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 мамырда шыққан №255 қаулысында.

Естеріңізге сала кетсек, мамыр айының басында Бекен Сейдахметовтің отставкаға өтініш жазғаны белгілі болған еді. Ол 2001 жылдан ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы болды.

ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясы тұрақты хатшыларының кезекті отырысы 23 мамырда Бухаресте өтеді деп күтілуде.

ТРАСЕКА (TRASECA - Transport Corridor Europe-Caucasus-Asia) - Қара теңізді кесіп өтіп, Кавказ және Каспий теңіздері арқылы Орталық Азияға шығатын, Еуропадан Батыс-Шығыс бағытындағы еуроазиялық көлік дәлізі. ТРАСЕКА маршруты Қазақстан Республикасы аумағында Ақтау теңіз порты - Достық стансасы учаскесі бойынша өтеді. Әзірбайжан, Армения, Болгария, Грузия, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Румыния. Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан және Украина «Еуропа - Кавказ - Азия» (ТРАСЕКА) дәлізін дамыту жөнінде халықаралық көлік туралы негізгі көпжақты келісімнің қатысушы мемлекеттері  болып табылады. ТРАСЕКА-ның басты мақсаты - Қара және Каспий теңіздері өңірінде экономикалық қатынастарды, сауда және көлік қатынастарын дамыту; автомобиль, әуе және темір жол, сондай-ақ, сауда кеме қатынасын халықаралық нарыққа шығаруға жәрдемдесу; халықаралық жүктерді, жолаушыларды және көмірсутекті өнімдерді халықаралық тасымалдауға мүмкіндік туғызу; қозғалыс қауіпсіздігін, жүктер мен қоршаған ортаның қорғалуын қамтамасыз ету; көліктік саясатты және көлік саласындағы құқықтық шеңберлерді үндестіру; көліктің жеке түрлері арасындағы бәсекелестікке тең жағдайлар жасау.

Дереккөз: Қазақпарат

Сұхбат

PhotoRoom