ОҚО шаруалары Ресейге 300 тонна қарбыз экспорттады

Аймақ
02.06.2017, 23:47

Оңтүстік Қазақстанда қарбыз пісті. Өңір шаруалары бүгіннің өзінде 300 тонна қарбыз - алғашқы өнімді Ресей асырып үлгерді.

Мәселен, сарыағаштық шаруалар аудандағы қарбыз өсіретін Бозай, Жамбыл ауылдық округтеріндегі 720 га егістіктен 170 тонна қарбыздың ерте пісетін сұрыпын жинап, көрші мемлекеттің Магнитогорск және Белорецк қалаларына жөнелтті. Жергілікті қожалық иелері қарбыздың келесі партиясын саудалауға дайындалып жүр. Таяуда 200 тонна қарбыз тағы да еліміздің солтүстік аймақтарына жол тартады деп күтілуде. 32daede2-ce9c-4195-8f58-aa4671763fbc

Жалпы, сарыағаштықтар бақшалықтан өткен жылы 105 мың тонна қауын-қарбыз жиған болатын. Биылғы болжам 120 мың тоннаға жетеді дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары. Ал Сарыағашта бақша өнімдері 4,5 мың га алқапқа егілсе, оның 3,5 мың га-нда қауын-қарбыз бапталуда. Оның ішінде 720 га танап ерте пісетін қарбыз түріне арналған.

Мақтааралдық қарбыз өсірушілер де көршілес аудандағы әріптестерінен қалысар емес. Онда бүгінде 100 тонна қарбыз Ресейге экспортталып үлгерген. Аудандағы «Атамекен» ауылдық округінің диқандары қарбыздың әр келісін 150 теңгеден өткізіп жатыр. Ал жалпы биыл Мақтаарал ауданында 5700 гектарға қарбыз егілген.554bf27f-7824-4f3e-ba4a-fced376dd148

Шардаралық шаруалардың да бақша өнімдері баршылық. Ондағы Жаушықұм ауылдық округінде қарбыз егумен шұғылданып жатқан диқандар алғашқы 30 тонна өнімді Ресейдің Якутия автономиялық республикасына сатылымға жөнелтті. 2 гектар алқапқа жамылғы астына ерте пісетін қарбыз тұқымын отырғызған «Бағдат» шаруа қожалығының диқандары пленканы қос қаптама түрінде жауып шыққан екен. Бірінші болып егістік алқаптан өнім артқан қожалық төрағасы Б.Шыназбаев әр гектарынан кем дегенде 40 тн-дан қарбыз алудан үмітті.

Шардара ауданы бойынша жаушықұмдық шаруалар жамылғы астына өнім егуден алдыңғы орында тұр. Ауыл әкімі Серік Махамбетовтің мәліметінше қазіргі таңда 3312 гектар аумаққа бақша дақылдары орналастырылған. Мұның 100 пайызы жамылғы астына егіліп отыр. Көктем басталысымен қарбалас тірлікке көшетін диқандар қауымы пленка астына дақыл егудің шығыны әр гектарына 500 мың теңгені шамалайтынын айтады. Дегенмен, нарыққа ерте шығарып үлгерсе шыққан шығынның орны толады.

Жалпы, биыл Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 53,4 мың га жерге бақша дақылдары егілген. Оның 32 мың гектарында қауын дақылы өсіп жатса, 21 мың гектары қарбыз алқабы. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының болжамынша, 1 шілдеге қауын дақылы да пісіп, өңір нарқына жол тартпақ. Алдын ала есеп бойынша биыл да аймақ диқандары 1 млн. тоннаға жуық қауын-қарбыз жинап, көл-көсір өнімге қарық болады.

Сұхбат

PhotoRoom