2016 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 7,9 млрд. АҚШ долларын құрады.

Жаңалықтар
08.06.2017, 12:18

0S7A3745Бүгін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Астанада Қазақстан-Қытай Іскерлік Кеңесінің 4-отырысының ашылуына қатысты.

Іскерлік Кеңестің қызметі «Нұрлы жол» және «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бағдарламаларын үйлестіру бойынша қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға айтарлықтай үлес қосады және Қазақстан-Қытай кәсіпкерлері үшін перспективалар мен үлкен мүмкіндіктер ашады.

Ж.Қасымбек Қытай Қазақстанның стратегиялық әріптесі екенін атап өтті. 2016 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 7,9 млрд. АҚШ долларын құрады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен 2015 жылы индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Қазақстан-Қытай бағдарламасы әзірленді.

Министрдің айтуынша, бүгінде Бағдарлама аясында Қазақстанда жалпы құны 28 млрд. АҚШ доллары болатын 51 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар қосымша құны жоғары экспортқа бағытталған өнім шығаратын жоғары технологиялық бірқатар кәсіпорындар құруға арналған. Сондай-ақ, бағдарламада Қазақстанның көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған жобалар да бар.

 Нақты мысал ретінде, «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА бірлесе дамыту жөніндегі жобасын айтуға болады.

«Халықаралық көлік логистикасы саласына стратегиялық әріптестерді тарту аталған АЭА дамытуға қосымша серпін береді және Азия мен Еуропа арасындағы жүк ағынын шоғырландыру мен дистрибуциялау жөніндегі ірі аймақтық хаб құруды қамтамасыз етеді деп сенемін»,-деп атап өтті Ж.Қасымбек.

Сондай-ақ, Ж.Қасымбек өз сөзінде Қытайдың іскерлік орта өкілдеріне елдегі бизнесті сәтті жүзеге асыру үшін Қазақстан Үкіметі тарапынан жасалып отырған жағдайлар туралы айтып берді. Іскерлік Кеңес отырысында бірқатар екіжақты коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

Сұхбат

PhotoRoom