ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕГЕ ЛАЙЫҚТЫ ТАРТУ ЖАСАҒАН ОҚМУ-ДIҢ ШЫҒАР АСУЫ АЛДА

Аймақ
22.06.2017, 22:13

Бүгiнгi таңда құрылыс және сәулет саласы, өндiрiс, сондай-ақ тұрғын үй және коммуналдық кәсiпорын мамандарының сұраныстарын қанағаттандыру үлкен мәселеге айналуда. Соның iшiнде аса қажеттiлерi – ғимараттарда жылу үнемдiлiгiн арттыру, бөлмелерде жайлы климат орнату, энергияның пайдалану деңгейiн төмендету. Одан да күрделiсi – аталған мәселелердi шешетiн мамандардың тапшылығы құрылыс саласында энергияны тиiмдi пайдалануға, баламалы энергия көздерiн қолдану бастамаларын одан әрi жетiлдiруге қолбайлау болып отыр.images

Мiне, уақыттың осындай талаптарына сай энергияны үнемдеу саласында күн, жел, жер асты жылу энергияларын қолдануға қатысты кәсiби мамандар даярлау қажеттiлiгi туындауда. Ал, бұл мәселенiң күрделiлiгi тек бiздiң елде ғана емес, Еуропа одағы және Орталық Азия елдерiнде де сақталып отыр.

Осы айтылғандарды ескере отырып, 2013 жылдан бастап Еуропа одағы, Орталық Азия елдерi және Ресей университеттерiнiң қолдауымен «Орталық Азия және Ресей құрылыстарындағы энергия тиiмдiлiгi және энергияны қайта жандандыру көздерi бойынша магистрлiк бағдарламалар дайындау» халықаралық жобасы қолға алынды. Бұл оқу орындарының арасында М.Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетi де бар.

Халықаралық жобаның мақсаты – ғимараттардың құрылыс және жобалау ережелерiне, стандарттарына, еңбек нарығының талаптарына сай жаңа технологиялар мен ғылыми жетiстiктердi қолдана отырып, энергияны тиiмдi пайдалана алатын мамандар даярлау. Ол мамандарды даярлау барысында Еуропаның алдыңғы қатарлы университеттерiнде ғылыми, бiлiм беру жетiстiктерiмен тәжiрибе алмасу. Оқытушы-профессор құрамына сол оқу орындарында бiлiктiлiгiн арттырумен қатар дәрiстер оқуына мүмкiндiк беру. Студенттер мен магистранттардың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында бiлiмiн жалғастыруы секiлдi талаптар ескерiлдi.

Халықаралық жобада жоғары оқу орнынан кейiн қосымша бiлiм алу, құрылысшы-инженерлердiң, сәулетшiлердiң, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетi қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру қарастырылған.

Жобаның басты үйлестiрушiсi дүние жүзiндегi алдыңғы қатарлы университеттердiң бiрi – Лунд университетi (Швеция) десек, серiктестiк құрамына Иннсбрук университетi, (Австрия), Таллинн технология университетi (Эстония) және Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстанның iрi де белдi университеттерi ендi.

М.Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетi басқа да серiктес университеттермен бiрге құрылыс саласында және басқа да компанияларда энергияны қайта жаңарта отырып, оның үнемдiлiгiн арттыру қажеттiлiгi бойынша арнаулы талдаулар жүргiздi. 100-ден астам компания қатысқан талдау қорытындысының нәтижесiнде әрқайсысы өз саласы бойынша энергия тиiмдiлiгiн арттыру мамандарын даярлауға мiндеттендi.

Айталық, серiктестiктiң университеттерiмен байланыса отырып, өткен екi жыл iшiнде М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң «Өнеркәсiптiк, азаматтық және жол құрылысы» кафедрасында құрылыстағы энергия тиiмдiлiгiн арттыру және энергияны қайта жаңарту мамандығы» бағдарламасы бойынша оқу жоспарын жүзеге асырды. Оқу жоспарындағы пәндердiң барлығы жаңадан құрастырылды. Ол пәндердi оқыту бағдарламалары бойынша оқу-әдiстемелiк кешендерi дайындалды. Мамандарды жоғары деңгейде даярлау мақсатында ғимараттар жылу тиiмдiлiгiн зерттеуге арналған зертханамен, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етiлдi. Энергияны қайта жаңғырту саласы бойынша үлкен зертхана ашылды. Жүргiзiлген жұмыстар лайықты бағасын алып та жатыр. Өткен жылы мамыр айында университетке келген Швецияның Лунд университетiнiң 2 ғалымы атаулы бағдарламаның дайындығы жоғары деңгейде жүргiзiлгенiн атап айтып кеттi. Олар iссапар барысында құрылыстағы энергия тиiмдiлiгiн арттыру және жаңа зертханалық құрал-жабдықтарды тиiмдi пайдалану жолдары бойынша мастер-класс сабақтарын өткiздi. Бiздiң оқытушылар Австриядағы Иннсбрук,

Ресейдегi Мәскеу мемлекеттiк құрылыс және Қазан мемлекеттiк сәулет және құрылыс университеттерiнде тағлымдамадан өттi.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше елдердiң стандарттарын Қазақстанда енгiзудi қолға алуды атап көрсеткенi мәлiм. М.Әуезов атындағы ОҚМУ оқу бағдарламасына Еуропаның алдыңғы қатарлы университеттерiнiң бiлiм беру стандарттарын оқу үрдiсiне енгiзу жұмысын кеңiнен жолға қойды. Ол жұмыстардың басым бөлiгi аталған жобаны iске асыру арқылы жүргiзiлуде.

Астана төрiнде ЭКСПО–2017 халықаралық мамандандырылған көрмесi ашылған күнi, яғни 9 маусымда сол қуанышқа ортақтасқандай М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де бiрiншi рет «Энергияны қайта жандандыру көздерi, құрылыстағы энергия тиiмдiлiгi» бағдарлама бойынша «Құрылыс» мамандығының 4 магистранты диссертация қорғап шықты! Бұл сүйiншi хабар оқу орнының ЭКСПО–2017 халықаралық мамандандырылған көрмесiне жасаған тартуындай қабылданды. Қорғалған диссертациялардың тақырыптары да көрменiң ортақ мақсатына орай қайталама энергия ресурстарынан пайдалану, желдету және кондиционерлеу жүйелерiнде энергияны үнемдеуге арналды. Сонымен қатар зияткерлiк ғимараттардың құрылыстарын салу, пайдаланылып жатқан ғимараттарды термо жаңғырту және көптеген актуальдi проблемаларды шешуге бағытталды. Ал, 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму мемлекеттiк бағдарламасы аясында университетте «Құрылыстағы энергия үнемдiлiгi» бiлiм бағдарламасы бойынша 16 магистрант даярлануда. Осы топтың 3 магистранты академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Еуроодақтың серiктес университеттерiнде бiлiм алуда.

Елбасының Үкiметтiң алдына қойған тапсырмаларында айтылғандай, ғимараттарды тиiмдi пайдалану және құзiреттi құрылыс салу халқымыздың дамуына, еңбек етуiне жағдай жасау, оларды әлеуметтiк қамтамасыз ету негiздерiнiң бiрi болып табылады. Осы тапсырманы орындауға университет даярлаған мамандардың тигiзер үлесi зор. Олар шығатын асу – әлi алда!

Дерек көзі: "Оңтүстік Қазақстан" газеті

Сұхбат

PhotoRoom