Астаналық мұғалім ЭКСПО-ның миллионыншы келушісі атанды

Жаңалықтар
12.07.2017, 00:05

27 жастағы Астана тұрғыны «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің миллионыншы келушісі атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА. Сағат 18:06-да ЭКСПО-ның төрт өткізу бекетіне орнатылған бейнебақылау камералары мен есептеуіштер «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне келген миллионыншы келушіні тіркеді. 20170711212729Ол 27 жастағы Астана тұрғыны Гүлжиһан Жаңабергенова. Көрмеге Гүлжиһан жалғыз келмепті. Бақытты билет иесімен бірге көрмеге күйеуі және үш жасар қызы келген.

«Мен Астананың №76 мектеп-лицейінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Мұнда екінші рет келіп тұрмын, алғашқы келуімде «Нұр Әлем» павильонына кіре алмап едім. Қазір бірінші кезекте Қазақстан павильонына барамыз. Шынымды айтсам, мұндай сәттілікті еш күтпедім, тіпті келушілерді санайтынын да білмедім», - дейді Гүлжиһан Жаңабергенова.

Құрметті қонақты құттықтау үшін ЭКСПО-2017 медиа-орталығына «Астана ЭКСПО-2017»  ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов келді. Ұлттық компания басшысы миллионыншы келушіні құттықтап, естелік сыйлықтар және көрме мен Дю Солей циркінің кешіне билет табыстады. Өзінің құттықтау сөзінде Ахметжан Есімов көрмеге деген қызығушылықтың күн сайын артып келе жатқанын атап өтті.

«Барлығы біз жоспарлағандай өтіп жатыр. Бүгінгі миллионыншы келуші біз үшін жақсы көрсеткіш. ЭКСПО-2017 көрмесінің барлық кезеңіне 2 миллион адам келеді деп болжап едік. Бірақ, бір айдан кейін-ақ, құрметті қонағымызды құттықтап тұрмыз. Мұндай ауқымды ұлттық жоба өткенде, ең алдымен қазақстандықтарға ұнай ма, бұл жобаны қабылдай ма деп ойланамыз. Көрмені жылы қабылдағандарыңыз үшін қуаныштымыз», - деді Ахметжан Есімов.

Сұхбат

PhotoRoom