Оңтүстіктің мың өнерпазы ЭКСПО көрмесіне ең құнды жəдігерлерін апармақ

Аймақ
05.08.2017, 20:47

Тарихи мәнге ие «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында тамыздың 29 мен қыркүйектің 3 күндері аралығында Астана қаласында өтетін Оңтүстіктің мәдениет күндеріне қызу дайындық жұмыстары жүруде. Мыңға жуық өнерпаз аттанғалы отырған Елорда төріндегі айтулы шара тартуына күнгей өлкенің тарихи құндылығы мен ерекше мәдени келбетін дәріптейтін ең көрнекті жәдігерлер орналастырылады. a7420551125dd81cc6e3aad270b28c84Осы мақсатта облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы Ордабасы ауданының орталығы Темірлан елді мекенінде орналасқан Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі және Шымкент қаласындағы тарихи-өлкетану музейі және «САҚ» киностудиясын, Оңтүстік-Цирк мекемесі мен Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияны аралап, баспасөз өкілдерін дайындық жұмыстарымен таныстырды. Ерекше болмысымен қазақ спортының дарабозы атанған ұлы тұлғаның өміріне, палуандығы мен патриоттығына куә болар фото суреттер мен тарихи қысқа метражды деректі фильмдер, өзі пайдаланып тұтынған тұрмыстық заттар мен киген киімдер, әлемдік сайыстардан ұтып алған 48 алтын-күміс орден-медальдары және спорттық бұйымдары және 74 жасында ұлы ақын А.Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойына киіп барған көйлегі мен шалбары, жаттығу кезінде пайдаланған гір тастары халықаралық көрме жұртшылығы назарына ұсынылмақ.20597439_332503860541631_7420181296791158829_n

Сонымен қатар, жүз мыңнан аса құнды жәдігері бар Оңтүстік музейлері қазынасында өзіндік орны мен тарихы өзгеше дүние - Кенесары Қасымұлының қылышы болатын. Темір қылыштың сабы сүйектен және қынабы былғарыдан жасалған. Оның ұзындығы-70см, сабы-15см, жүзінің ені 3-4 сантиметрді құрайды. Шымкент қаласындағы облыстық тарихи – өлкетану музейіне қойылған Кенесары Қасымұлының құнды жәдігері де өңірдің Астанадағы көрмесіне қойылады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалынған жұмыстар да облыстың «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінде көрініс табады. Атап айтқанда, «Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткен халықаралық фотосуретшілер кездесуінде Оңтүстіктің киелі жерлеріне қатысты түсірілген фототуындылардан да арнайы көрме ұйымдастырылып, өңірдің тарихи, киелі жерлерінен де мағлұматтар беріледі.

Дайындық жұмыстарымен танысу шарасы «САҚ» киностудиясында жалғасын тапты. Облыстық Оңтүстікфильм мекемесі аталған кино орталықпен бірлесе түсірген «Ерлік» көркем фильмі мен «Қазақ елі», «Толағай» анимациялық фильмдерін және «Майдангерлер», «Жастық шақ», «Өтелмес борыш» қысқаметражды фильмдері де Астанада көрермен назарына ұсынылса, «Қажымұқан» фильмінің жаңа түсірілімі де көрме барысында тұсауы кесілмек.

Сондай-ақ, «Томирис» атты тарихи-театрландырылған цирктік қойылымға Оңтүстік-Цирк мекемесі де дайындық үстінде. Сақтар заманындағы Тұмар (Томирис) ханшайымы мен Кир патшасының арасындағы байланыс, қақтығыс, қақтығыстың шешілуі жаңа цирктік нөмірлер арқылы көрерменге жол табады.

Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымының да даярлығы қарқынды. Сүгір атындағы қазақ ұлт - аспаптар оркестрі «Оңтүстіктің 100 күйі» атты облыстан шыққан күйші, композиторлардың туындыларынан концерттік бағдарламасын беруге сақадай-сай. Сонымен қатар, қазақ вальсінің королі, ұлы композитор Ш.Қалдаяқов пен С.Бәйтерековтің әндерінен концерттік кеш ұйымдастырылуда. «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанадағы Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндерінде 40-қа жуық концерттік бағдарламалар мен түрлі іс-шаралар көрермендерін тәнті етеді. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры, облыстық әзіл-сықақ және сатира театры, облыстық опера және балет театры сынды мәдениет және өнер мекемелері айтулы күндерде жаңа нөмірлерін тарту етсе, "от ауыз, орақ тілді" ақындар айтысы да сөз сайысымен сусындатады.

Суретті түсірген: Азат Дидарбек

 

Сұхбат

PhotoRoom