ОҚО-да биоэтанол зауыты мен фосфор қалдықтарын қайта өңдейтiн кәсiпорын салынбақ

Аймақ
07.08.2017, 02:52

Қытайлық кәсiпкерлер Оңтүстiк Қазақстан облысында биоэтанол зауыты мен фосфор қалдықтарын қайта өңдейтiн кәсiпорын салмақ. Көршi елдiң инвесторлары биоэтанол өндiрiсiне Отырар, ал, фосфор қалдықтарын өңдеуде Созақ ауданын қолайлы көрiп отыр. Бұл туралы облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев пен Қытай фторселикондық өндiрiсi қауымдастығының директоры Сианжун Цао мырза бастаған делегацияның кездесуiнде мәлiм болды.3d6dc218f982521ab4ad5188f00e2c09_L

Өңiр басшысы шетелдiк инвесторларға облысымыздың инвестициялық тартымдылығы мен индустриалды-инновациялық жобаларды iске асыратын аймақтардың әлеуетiн баяндады.

Облыс экономикасын өрге сүйреп келе жатқан салаларға тоқталған әкiм инвестиция тарту бойынша жергiлiктi билiк тарапынан көрсетiлетiн жеңiлдiктер мен мүмкiндiктер жөнiнде кеңiнен әңгiмеледi.

«Елге инвестиция тарту — экономиканың негiзгi тетiгi. Осыны ескере отырып, бiз кәсiпкерлерге барынша қолдау бiлдiрiп жатырмыз. Өңiрiмiзде 11 индустриалды,  1 арнайы экономикалық аймақ бар. Шетелдiк инвесторлар кедендiк, мүлiктiк салықтардан босатылады. Сондай-ақ, жер телiмi, қажеттi инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етiледi» дедi Жансейiт Қансейiтұлы.

Кездесу барысында Сианжун Цао мырза зауыт құрылысын негiзгi екi бағытта жүргiзудi қалайтынын жеткiздi. Осы ретте шетелдiк инвесторларды өңiрiмiзге арнайы шақыртқан елге белгiлi кәсiпкер Серiкжан Сейтжановтың да еңбегiн атай кеткен жөн.

«Бiз Оңтүстiк Қазақстан облысында екi инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оның бiрi — биоэтанол өндiру iсi, ал,  екiншiсi — фосфор қалдықтарын қайта өңдеуден өткiзу. Егер екiжақты келiсiмдер нәтижелi болып жатса, аталмыш зауыттардың құрылысын тез арада бастағанды жөн көрiп отырмыз» дедi Сианжун Цао мырза.

Айта кетейiк, бүгiнгi таңда әлемде биоэтанол өндiрiсiнiң өрiсi кеңейiп, оны пайдаланушылар қатары артып келедi. Биоэтанол — 99,9 градустық техникалық спирт. Жаңа отын түрi саналады. Жанар-жағармайға қарағанда ауаны ластамайды және одан парниктiк газдар бөлiнбейдi. Бiр сөзбен айтқанда, адамзат баласына да, қоршаған ортаға да зиянсыз. Қытайлық инвесторлар биоэтанол өндiрiсiне жүгерi мен бидай және арпа қалдықтарын пайдаланбақ. Бұл өз кезегiнде облыста ауыл шаруашылығы саласын одан әрi дамыта түсуге сеп болады.

Шетелдiк инвесторлардың жобаларына қолдау бiлдiрген әкiм бұл жөнiнде тиiстi басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктедi. Қажеттi құжаттарды жылдам әзiрлеп, арнайы жер телiмдерiн бөлудi және қос зауыттың iргетасын қалауды биылдан қалдырмай бастауды тапсырды

Сұхбат

PhotoRoom