Шымкентте биыл 118 мектептің барлығы толығымен жөнделді

Аймақ
25.08.2017, 23:48

2017 жылы Шымкентте жаңа 3 мектеп ашылады. №67 және 69 мектептерде жаңа ғимарат пайда болса, №27, 34 және 59 мектептерге қосымша ғимараттар соғылды. Барлық білім ошақтары 25 тамыз күні пайдалануға берілді. Ал қаладағы жалғыз №34 мектептің ғимараты апатты деп танылып отыр. Мұнда мектеп құрылысы аяқталып келеді, бұған қоса 150 орынды қосымша ғимаратты салу аяқталды. Қала тарихында алғаш рет 118 мектептің барлығы биыл толығымен жөнделді. Бұған қоса балғындарды балабақша мен 1-сыныпқа электронды түрде қабылдау жобасы жалғасуда. Мысалы, электронды жобамен 7972 сәби балабақшаға қабылданды. Ал балабақшаға жалпы жолдама алған сәбилер саны – 9611.599ffbd0e9096

«Біздің ауқымды жетістіктеріміздің бірі өтініштерді электронды форматта қабылдау деп санаймын. Бұл жоба ата-аналарға не береді: сайтты ашқан олар перзенттерін бергісі келетін балабақша туралы барлық мәліметті оқи алады, топтардағы бос орындар мен өз кезегінің жылжуын анықтайды, кезегі келгені туралы тегін СМС-хабарлама алады. Ал ең бастысы - адами фактор мен сыбайластық әрекет толық жойылған. Ал бөлім мамандары бұған дейін айналысқан қағаз толтырудан құтылады», – дейді Жанат Арысбекқызы.

Айта кетейік, сәбиін балабақшаға қабылдау туралы өтінішті электронды түрде 57 мың 756 адам берген. Оларға берілген жолдама саны - 9611, ал балабақшаға 7972 сәби орналасқан. Осы тұста айта кету керек, балабақшаға жолдама алған соң да сәбиін апармайтын ата-аналар бар. Мұндай жағдайда олардың орындары 2 аптаға сақталып, ары қарай архивке жіберіледі. Бірінші сыныпқа баратын балаларға келер болсақ, ата-аналары білім бөлімінің сайтын ашып, перзентін ұнаған мектепке тіркеп қана қоймай, сол білім ошағының жетістіктерімен таныса алады. Биыл 1-сыныпқа 19 мың 930 оқушы электронды түрде қабылданды. Бұған қоса мектепте жұмыс істегісі келетін үміткерлерден құжат қабылдау жалғасуда. Дегенмен олардан тек мектепте жұмыс істеу құқығын ғана емес, білім деңгейін де дәлелдеу талап етіледі. Мектепке сауатсыз мұғалімдерді қабылдау - қылмыс. Шымкент қалалық білім бөлімінің жетекшісі Жанат Тәжиева бүгін арнайы брифингте осылай деп мәлімдеді. Шаһардағы мектептерде мұғалімдердің жетіспеушілігі қатты байқалады. Дегенмен осыған қарамастан, кез келген адам мектепке жұмысқа қабылдана бермейді.

«Қалада жұмысқа қабылдаудың t-hunter бағдарламасы жасалған, ол өзін жақсы қырынан көрсетіп үлгерді. Сайтта қай мектепте қандай бос орын бар екені туралы ақпарат ілінеді. Үміткерлер өз түйіндемелерін жіберіп, тест қорытындысы бойынша жұмысқа қабылданады. Осы тұстай айтар болсам, жас мамандардың білімі өте төмен. Мысалы, олардың кейбірі пән бойынша 25 сұрақтың тіпті бесеуіне дұрыс жауап бере алмайды. Мысал үшін 324 бос орын жарияланған. Конкурсқа 517 маман қатысты. Солардың ішінен тек 176-сы ғана жұмыс қабылданды. Қалғандары білім дәрежесінің өте төмен екенін байқатты. Ал мен мектепке сауатсыз маманды қабылдау қылмыс деп есептеймін. Және бұлай жасай алмаймын - ұятым жібермейді», – дейді Шымкенттің бас педагогы Жанат Тәжиева.

Тағы бір мәлімет, мектептерді электронды түрде бақылайтын mektep.kz жүйесі енгізілген. Жұмыстың бұл түрі қаладағы мектептердегі жалпы жағдайды едәуір жақсартып, жеткіншектер жасайтын құқықбұзушылықтардың санын азайтуға мүмкіндік берді. Қазір электронды бақылау жүйесі 29 мектепте орнатылған. Соның нәтижесінде 2016-2017 оқу жылдары бұл білім ошақтарында ешқандай құқықбұзушылық тіркелген жоқ. Салыстыру үшін алар болсақ, 2015-2016 жылдары онда оқушылар тарапынан 6 құқықбұзушылық тіркелген болатын.

Ақпарат көзі: 24.kz

Сұхбат

PhotoRoom