«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының» терминалы барлық әлемдік талапқа сай келеді

Жаңалықтар
26.08.2017, 15:07

Әлемдік талапқа сай терминал. «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына» келген жұрт осылай деседі. Жолаушының тіркеуден жеңіл өтуі, жанға жайлы күту залдары, қауіпсіздік шаралары елдің жақсы баға беруіне негіз. Жаңа терминал қазірдің өзінде жарты миллион жолаушыға қызмет көрсеткен. Алдымен көлік тұрағы жайында. Жалпы тілшілер турын ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде орын алған әлгі бір сындардың негізсіз екенін дәлелдеуді көздеген секілді. Кілтипан тұрақ ақысына қатысты. Жолаушыны жеткізіп, лезде кететін көліктер негізгі алаңға тұрақтауы тиіс. Жарты сағаты тегін. Сосын төлем ұсталады. Тәулік бойы қаңтарылса, 22 мың теңгеден асып жығылады. Әдейі солай жасалған. Жолаушыға кедергі келтірмеуі үшін. Себебі ұзақ уақытқа қоятын тұрақ таяқ тастам жерде. Тәулігіне екі мың теңге төлейсіз.FsjJ5mP1

Әбдіхамит Тамабаев, «Астана LRT» ЖШС маманы: – Екі мыңнан астам автотұрақ орны бар. Оның 806-сы – өзіңіз көріп тұрған қысқа уақытқа арналған ақылы автотұрақ. 200 орын – ұзақ уақытқа тұратын жерасты автотұрағы. Және де 1 мың көлікке арналған ақысыз автотұрақ бар.

Енді әуежайдың ішіне енейік. Ине жіптен жаңа шыққан ғимаратта сын бола ма? Талғамға сай безендіріліп, қондырғылардың да ең сапалысын қойған. Билетті тіркеп, келесі сәтте екінші қабаттағы құжат тексеру аймағына беттесеңіз болады. Қызмет көрсету орындары көп әрі шекарашылар да өз ісінің шеберлері екен. Оған дейін декларациялауға жататын заты немесе ақшасы барлар қызыл дәліз арқылы жұмысын реттейді. Төлқұжатты тексеру аймағынан кейін күту залынан орын сайлайсыз. Ақпараттар анық жазылған. Ішкі рейстермен келетін транзит жолаушылардың да бірден осында өтуіне мүмкіндіктер қарастырылған.

Паоло Ричиотти, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының Басқарма төрағасы: – Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің әуежай мен жаңа терминал жұмысына қызығушылық білдіргендері үшін алғыс айтамыз. Мұндай кездесулер бізді де шыңдайды. Халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарта түсуге негіз болады. Біз жолаушылар сұранысын қанағаттандыруға мүдделіміз.

Жүк тасымалына да терең талап қойылған. Сағатына 1200 қол жүгін тексеріп, ұшақтарға тиеп үлгереді. Жаңа технологиялармен жабдықталған. Әсіресе автоматты түрде күмәнді заттар анықталып, кейбір жүктерді қайта тексеруге мүмкіндік туады екен. Ең бастысы – жолаушылар қауіпсіздігі.

Ақпарат көзі: 24.kz

Сұхбат

PhotoRoom